Естімеген елде көп. Тосын жаңалық жақында Байзақ ауданындағы Қостөбе ауылында орын алды. Осы ауылда тұратын Тимур Дервиш пен Мейрам Абдуллазенің бағып отырған сиыры бір күнде төрт бұзау туды.
Бұған тек сиыр иелері ғана емес, бүкіл ауыл тұрғындары таңданыспен қарауда. Істің мән-жайымен ауылдың ветеринар дәрігері Сембек Қашқынбаев та қанығыпты. Мал дәрігерінің айтуынша, төлдердің де, олардың енесінің де денсаулығында еш кінәрат жоқ.
Біз төртем туған сиырдың иелерін әңгімеге тартқанымызда: «Осы өмірімде мұндай жағдайды бірінші мәрте көріп тұрмын. Сиырымыздың төлдейтін уақыты таяп қалған болатын. Алайда, бірден төртеуін бұзаулайды деп ойламаппыз. Алғашында екеу, араға минуттар салып үшінші, сосын төртіншісі дүниеге келді. Маусым айының басында туған бұзаулардың қазіргі таңда жағдайы жақсы. Ойнақтап секіріп жүр. Тәбеттері де жаман емес. Қайдан білейін, құдайдың қалауы шығар. Алайда, қай нәрсені болмасын жақсылыққа балайтынымыз бар ғой. Бұзаудың үшеуін тірідей таратып беріп жатырмын. Қалған біреуін өзім бағып-қағамын деп шештім», – дейді М.Абдуллазе.
Бір мезетте бірнеше бұзау туған сиыр тек мұнысымен ғана емес, бір сауғанда 25 литр сүт беретіндігімен де ерекшеленеді екен.
Айдана ҚАЙЫПНАЗАРҚЫЗЫ.