Премьер-министр Олжас Бектенов Астана қаласындағы бірқатар маңызды жобалардың жұмыс барысымен танысты. Ол әуелі ЖЭО-3 нысанына барды. Одан кейін бас қалада жүзеге асырылып жатқан индустриялық, цифрлық жобалармен, бұдан әрі орта және шағын бизнестің жай-күйін, заманауи спорттық инфрақұрылымды дамыту үдерісін тексерді.
Жаңа энергия көздері – қала тіршілігінің өзегі
Үкімет басшысы ең бірінші ат басын бұрған елордадағы ЖЭО-3-тің бірінші кезеңі толық аяқталған. Енді екінші кезеңін іске асыру жоспарланып отыр. Қазір жылу электр орталығы елордадағы бұрынғы энергия тапшылығын толық жабуға, алдағы сұранысты ескере отырып, қосымша қор қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сағатына 440 Гкал жылу өндіретін станса Ш.Айтматов көшесі, Ұлы Дала мен Тұран даңғылы бойындағы жаңа құрылыс аудандарын жылумен қамтамасыз етеді.
Нысанда көмірді балама отын ретінде пайдалану мүмкіндігін кеңейту жұмыстары биыл аяқталмақ. Осы мақсатта жанармай беру жүйесін қайта себу тораптарымен, ұсақтау корпусымен біріктіру, сондай-ақ теміржол стансасын инженерлік инфрақұрылыммен қосу көзделіп отыр. Көктемде сыртқы, ішкі автокөлік жолдарын салу, аумақты абаттандыру секілді жұмыстар жалғасын табады. Жобаның екінші кезеңі аясында жеке инвестициялар есебінен қуаты 500 МВт болатын бу-газ қондырғысын салу жоспарланған.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Үкімет басшысына жылыту маусымының штаттық режімі туралы баяндады. Әкімнің айтуынша, қаланы сенімді жылумен қамту мақсатында үш жылу электр орталығы мен «Тұран», «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансалары жұмыс істеп тұр. Бас қаладағы құрылыс қарқынды жүріп жатқандықтан келешек қажеттіліктерді өтеуді көздейтін «Тельман» газ жылу стансасы салынып жатыр. Оны келесі жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Ал Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елімізде қазіргі жылыту маусымы тұрақты деңгейде өтіп жатқанын мәлімдеді. Ауқымды жөндеу жұмыстарының нәтижесінде генерация көлемі 17,2 мың МВт-қа жетіп, өткен маусыммен салыстырғанда 7%-ға артқан. Министрдің айтуынша, 9 жылу орталығы апат қаупі жоғары «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа, тағы 3 орталық «сарыдан» «жасыл» аймаққа өтті. Электр стансаларында 10 энергия блогі, 63 қазандық пен 39 турбина жөндеуден өткен. 17 мың шақырым электр желісі мен 420 қосалқы станса қайта жаңғыртылып, 323 шақырым жылу желісі ауыстырылды. Кейінгі үш жылда энергетика саласына 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, электр қуатының тапшылығы 29%-ға азайтылды.
Жұмыс сапары кезінде Премьер-министр салалық министрліктер мен қала әкімдігіне ЖЭО-3 жобасын аяқтау жұмысын жеделдетуді, сондай-ақ жылыту маусымының тұрақты өтуін толық бақылауды тапсырды. Нысанды аралау барысында ЖЭО-3-тің еңбек ұжымы жаңа Конституция жобасын қолдап, сөз сөйледі.
Үкімет басшысы биылғы 15 наурызда өтетін референдумға азаматтардың белсенді қатысуы маңызды екеніне тоқталды. «Қазір еліміз өте маңызды саяси кезеңді бастан өткеріп жатыр. Жаңа Конституция – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділетті, қуатты Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды саяси реформаларының айқын көрінісі. Ата заңның ең басты арқауы – адам, яғни азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығы, құқықтары мен бостандығы. Яғни адам капиталын дамытуға, еңбек адамына деген мемлекеттің көзқарасы түбегейлі өзгереді. Референдумға белсенді қатысу, азаматтық жауапкершілік таныту және мемлекет пен қоғамның мүдделерін басшылыққа ала отырып, саналы таңдау жасау аса маңызды», деді О.Бектенов.
Индустрия мен цифрландыру саласындағы тың серпін
Үкімет басшысы бас қалада жүзеге асырылып жатқан индустриялық, цифрлық жүйелердің тұрақтылығын арттыруға ерекше назар аударды.
Астана қаласында өнеркәсіптің негізгі бөлігін өңдеу секторы құрайды. Былтыр өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,4 трлн теңгеден асты. Аталған жобалардың басым бөлігі №1 Индустриялық парк аумағында шоғырланған. Өндірістік портфель жалпы құны 333,3 млрд теңге болатын 137 жобаны қамтиды. Онда 9 500-ден астам жұмыс орны қаралған.
Сонымен қатар Премьер-министр «Автокомпоненты KZ» ЖШС-ның өрт сөндіру мен арнайы техника шығаратын зауытының жұмысымен танысты. Былтыр қаңтар айында іске қосылған кәсіпорынға 5,1 млрд теңгеден астам жеке қаражат бағытталған. Кәсіпорын Кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауына ие болды.
Сапар аясында Үкімет басшысына өндірістік циклдің негізгі аймақтары көрсетілді. Онда қазір шығарылатын өнім түрлерін кеңейту, локализация деңгейін арттыру мақсатында өндірістік желілерді дамыту жүргізіліп жатыр.
Олжас Бектенов өз сөзінде индустрияландыру мен еңбек өнімділігі жоғары жұмыс орындарын құрудың негізгі драйверінің бірі – отандық машина жасау саласын дамытудың маңызын атап өтті. «Өңдеу өнеркәсібінің өсуі экономиканы әртараптандыруға, отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тікелей әсер етеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында атап өткендей, біз ел ішінде көбірек өнім өндіруіміз керек, нақты секторды нығайтып, тұрақты жұмыс орындарын құру қажет. Нәтиже неғұрлым көбірек өнім шығаруға, көбірек жұмыс орнын құруға және жоғары сапаға негізделуі керек», деді О.Бектенов.
Сондай-ақ Үкімет басшысы Astana Smart City жобасын іске асыру аясында құрылған Деректерді өңдеу орталығына (ДӨО) барды. Бұл – елдегі қалалық инфрақұрылым қажеттіліктеріне арнайы салынған алғашқы дата-орталық. Ол халықаралық Presight компаниясы мен қала әкімдігінің серіктестігі негізінде ашылды.
Presight компаниясының өкілдерінің хабарлауынша, ДӨО негізінде қала ахуалы орталығы, бейнеталдау жүйелері, жасанды интеллект платформалары мен қалалық ортаны басқару жөніндегі цифрлық қызметтер жұмыс істеп тұр.
Жұмыс сапары барысында Премьер-министр өнеркәсіптік базаны дамытуға, цифрлық инфрақұрылымды нығайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруды жүйелі жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету мен азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында индустриялық, технологиялық шешімдерді интеграциялау қажеттігін атап өтті.
Бизнес пен спортты өрістету бағыты
Премьер-министр О.Бектенов бизнес саласындағы кәсіпорындарды аралап, заманауи спорттық инфрақұрылымның жұмысымен танысты.
Алдымен Үкімет басшысы «Тәп-тәтті» ЖШС-ның дайын тағам өнімдері мен жартылай фабрикаттар шығаратын зауытының өндірістік қуатымен танысты. Кәсіпорын басшысы Нұржан Сәрсенов Премьер-министрге технологиялық желілерді көрсетіп, қазіргі өндірістік көрсеткіштер туралы баяндады. Бүгінде кондитерлік, ұн мен нан-тоқаш өнімдерін шығаратын зауыт заманауи жабдықтармен қамтылған. Жобалық қуаттылығы жылына 5 мың тоннаға дейін жетеді. Кәсіпорында 200 жұмыс орны ашылған.
Аралау барысында ШОБ-ты дамыту мен қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығы болып қала беретіні айтылды. Бүгінде елімізде аталмыш салада шамамен 4,5 млн адам жұмыс істейді. Бұл – экономикалық белсенді халықтың жартысына жуығы.
Қазір Астанада 273 мыңнан астам ШОБ субъектісі жұмыс істейді. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,1% көп. Секторда 557,2 мың адам еңбек етеді. Демек, қаланың экономикалық белсенді халқының 70%-ы осы салада шоғырланған. Ал елорда экономикасындағы ШОБ үлесі республика бойынша ең жоғары көрсеткіш – 74,4%-ға жетті.
2025 жылдың 9 айында Астанадағы ШОБ субъектілері 14,9 трлн теңгенің өнімі мен қызметін ұсынып, 21,9% өсім көрсетті. Кәсіпкерлерді қолдауға жергілікті бюджеттен 12,8 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде пайыздық мөлшерлемені төмендету аясында 3 мыңнан астам жоба субсидияланып, 49 кредитке кепілдік, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне 24 грант берілді. Бұдан бөлек, «Астана бизнес» жергілікті несиелендіру бағдарламасы арқылы 3,6 млрд теңгеге 254 жоба мақұлданған.
Премьер-министр елорданың орталық саябағында салынған жаңа шаңғы базасына да арнайы барды. Қала әкімінің орынбасары Ерік Мейірханның айтуынша, нысан құрылысы былтыр сәуірде басталып, биыл қаңтар айында аяқталған. Жалпы ауданы шамамен 2 мың шаршы метр болатын екі қабатты ғимарат бір ауысымда 300 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда 30 жаңа жұмыс орны ашылған.
Базаның инфрақұрылымында заманауи, кең жаттығу залы бар. Ол күштік қондырғылармен, мамандандырылған жабдықтармен, соның ішінде «Ercolina» тренажерімен жарақтандырылған. Сондай-ақ төзімділікті арттыруға арналған инновациялық жабдық – «Skate Treadmill RL3500E» кәсіби тренажеріне ерекше назар аударылды. Бұл жабдық жыл бойы техниканы шынықтыруға, конькимен сырғанау техникасын имитациялауға, жылдамдық пен көлбеу бұрышты меңгеруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар шаңғы базасында шаңғылар мен спорттық жабдықтарды дайындау, сақтау мен кептіруге арналған үй-жайлар қарастырылған.
Олжас Бектенов заманауи спорттық инфрақұрылымды дамыту елдің олимпиадалық әлеуетін нығайту міндеттерімен тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға, салауатты ұрпақты тәрбиелеуге, жалпы ұлт денсаулығын нығайтуға ерекше назар аударады. Заманауи спорт инфрақұрылымы мен қолжетімді әрі сапалы база қалыптастырмай, бұған қол жеткізу мүмкін емес. Мұндай нысандардың құрылысы спортшыларды жүйелі даярлау мен жастарымыздың әлеуетін ашуға негіз болмақ. Қазір Италияда Олимпиада ойындары өтіп жатыр. Біз спортшыларымыздың жеңіске жетуіне жағдай жасаудың қаншалықты маңызды екенін көріп отырмыз. Сондықтан мемлекет біздің спортшыларымызға ең жоғары деңгейде жаттығуға мүмкіндік беретін инфрақұрылымды дәйекті түрде дайындауда. Бұқаралық спорт пен олимпиадалық резервті қолдау – бұл ұлт денсаулығына, елдің халықаралық имиджіне салынған инвестиция», деді Премьер-министр.
Жаңа шаңғы базасы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің, олимпиадалық резервті даярлау орталығының, жоғары спорт шеберлігі мектебінің тәрбиеленушілерін даярлайтын негізгі алаңға айналатыны айтылды.
Шаңғы жарыстарымен қатар мұнда биатлон мен спорттық бағдарлауды да дамыту көзделген. Бастапқы кезеңде 15 жаттықтырушының жетекшілігімен 180 спортшы жаттығады. Болашақта олардың санын 360 адамға дейін арттыру жоспарланған. Нысанның кәсіби спортшыларға ғана емес, шаңғы спортының әуесқойларына да есігі ашық. Бұқаралық спортқа да жағдай жасалады. Алдағы уақытта қала тұрғындары нысанның трассалары мен инфрақұрылымын ыңғайлы пайдалануға мүмкіндік алады.
Сапар соңында Премьер-министр салалық министрліктер мен Астана қаласы әкімдігіне бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, олимпиадалық резервті дайындау мақсатында инфрақұрылымды одан әрі дамытуды қамтамасыз ету, жастарды бұқаралық спортқа тарту бағдарламаларын кеңейту, сондай-ақ өнімділік пен экспорттық әлеуетті арттыруға баса назар аудара отырып, ШОБ-ты жүйелі қолдауды жалғастыру міндеттелді.