Жақын арада Қазақстанда өндірілген автокөліктердің бағасы арзандауы мүмкін. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Статистикаға сәйкес, 2025 жылдың қаңтар айында автокөліктер бағасының өсімі 105 пайызды құрады. Ал қазақстандық өндірістегі автокөліктердің бағасы 101 пайызға өсті», деді министр Үкімет отырысында.
Сонымен қатар, Ерсайын Нағаспаев отандық автокөліктердің бағасы төмендейтінін айтты.
«Отандық зауыттар жыл сайын көлік түрін кеңейтетін болады. Жаңа маркалар нарыққа шыққан сайын, бағалар сөзсіз төмендейді. Мұны нақты айта аламын. Өзімізде автокөлік өндірісінің дамуы қытайлық көліктер бағасының да төмендеуіне ықпал етеді», деп қосты министр.
Айта кетейік, 2025 жыл Қазақстанның автокөлік жасау саласы үшін рекордтық жыл болды. Елде жаңа көліктерді өндіру көлемі де, сату көрсеткіші де артты.