• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 08:28

Тиімді сауда – тұрақты өсімге сеп

0 рет
көрсетілді

Сауда және интеграция министрлігінің алқа отырысында былтырғы жұмыс қорытындыланып, биылғы басты міндеттер айқындалды. Жиынды Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ашып берді.

Өткен жылы сауда саласы еліміздің жалпы экономикалық өсімінің 26%-ын қамтамасыз етіп, экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ішкі тауар айналымы 80 трлн теңгеге жетті. Салаға 1,3 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылды. Шикізаттық емес экспорт 41 млрд долларды құрады. Қызметтер экспорты 3,7%-ға өсіп, 12,3 млрд долларға жетті.

С.Жұманғариннің айтуынша, сау­да өндіріс, бизнес және тұтынушы ара­сындағы өзара байланысты қамтама­сыз етіп, экономиканың тұрақты дамуына берік негіз қалайды.

«Біздің міндетіміз – қол жеткізілген қарқынды сақтап қана қоймай, сауда жүйесін тиімділік пен бәсекеге қабі­леттіліктің жаңа сапалы деңгейіне көтеру. Министрлік реттеуші орган рөлінен белсенді даму драйверіне айналуға тиіс. Бұл үшін көтерме және бөлшек сауда айналымын ұлғайту, ішкі нарықты отандық тауар­лармен толықтыру, әлеуметтік маңы­зы бар өнімдердің тұрақты жеткізілуін қам­та­масыз ету, «өндірушіден – сөреге де­йін­гі» тізбекті қысқарту, экспорт көлемін арт­ты­ру мен сауданы көлеңкелі айналымнан жүйелі түрде шығару қажет», деді вице-премьер.

Бұған қоса елдің ұзақмерзімді дамуы­на ықпал ететін құрылымдық өзгеріс­­тер мен ауқымды реформаларды түсін­­діру жұмыстарының маңызды­лығы да атап өтілді. Алқа отырысына қатысушы­­лар жаңа Конституцияны қабылдау жө­нін­дегі референдумға белсенді қатысу­ға шақырылды.

Мемлекет басшысының инфляция деңгейін экономикалық тұрғыдан негізделген шекке дейін төмендету жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында Сауда және интеграция министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне қысқа мерзім ішінде ішкі нарықты отандық азық-түлік тауарларымен толық қамту бойынша нақты шаралар әзірлеу міндеті жүктелді.

«Биыл экономиканың нақты секторын­дағы жобаларды қаржы­ландыру мақ­сатында «Бәйтерек» холдингін 1 трлн теңге­ге капиталдандыру көзделіп отыр. Инвес­ти­циялық тапсырыс аясында қазір едәуір көлемде импортталатын тауарлар өнді­рісін кеңейтуге бағытталған шамамен 1,5 мың жобадан тұратын алдын ала тізім қалыптастырылды. Оның ішінде 500-ден астамы агроөнеркәсіптік кешенге, 400-ден астамы өңдеу өнеркәсібіне, қал­ғаны инфрақұрылым саласына тиесілі. Сау­да және интеграция министрлігінің негіз­гі міндеті – осы жобалар шеңберінде өнді­рі­­летін өнімнің кепілді сатылымын қам­­та­­масыз ету. Бұл – ауқымды жұмыс, сон­­дық­­тан оны жүзеге асыру тетіктерін қазір­ден бастап нақтылау қажет», деді С.Жұманғарин.

Сондай-ақ отандық өндірушілерді қол­дау, биржалық сауданы дамыту, сала­лық үдерістерді цифрландыру мен жоғары қо­сылған құны бар өнім экспортын арт­тыру бағытындағы міндеттер де айқындалды. 

Соңғы жаңалықтар