Сауда және интеграция министрлігінің алқа отырысында былтырғы жұмыс қорытындыланып, биылғы басты міндеттер айқындалды. Жиынды Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ашып берді.
Өткен жылы сауда саласы еліміздің жалпы экономикалық өсімінің 26%-ын қамтамасыз етіп, экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ішкі тауар айналымы 80 трлн теңгеге жетті. Салаға 1,3 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылды. Шикізаттық емес экспорт 41 млрд долларды құрады. Қызметтер экспорты 3,7%-ға өсіп, 12,3 млрд долларға жетті.
С.Жұманғариннің айтуынша, сауда өндіріс, бизнес және тұтынушы арасындағы өзара байланысты қамтамасыз етіп, экономиканың тұрақты дамуына берік негіз қалайды.
«Біздің міндетіміз – қол жеткізілген қарқынды сақтап қана қоймай, сауда жүйесін тиімділік пен бәсекеге қабілеттіліктің жаңа сапалы деңгейіне көтеру. Министрлік реттеуші орган рөлінен белсенді даму драйверіне айналуға тиіс. Бұл үшін көтерме және бөлшек сауда айналымын ұлғайту, ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету, «өндірушіден – сөреге дейінгі» тізбекті қысқарту, экспорт көлемін арттыру мен сауданы көлеңкелі айналымнан жүйелі түрде шығару қажет», деді вице-премьер.
Бұған қоса елдің ұзақмерзімді дамуына ықпал ететін құрылымдық өзгерістер мен ауқымды реформаларды түсіндіру жұмыстарының маңыздылығы да атап өтілді. Алқа отырысына қатысушылар жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдумға белсенді қатысуға шақырылды.
Мемлекет басшысының инфляция деңгейін экономикалық тұрғыдан негізделген шекке дейін төмендету жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында Сауда және интеграция министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне қысқа мерзім ішінде ішкі нарықты отандық азық-түлік тауарларымен толық қамту бойынша нақты шаралар әзірлеу міндеті жүктелді.
«Биыл экономиканың нақты секторындағы жобаларды қаржыландыру мақсатында «Бәйтерек» холдингін 1 трлн теңгеге капиталдандыру көзделіп отыр. Инвестициялық тапсырыс аясында қазір едәуір көлемде импортталатын тауарлар өндірісін кеңейтуге бағытталған шамамен 1,5 мың жобадан тұратын алдын ала тізім қалыптастырылды. Оның ішінде 500-ден астамы агроөнеркәсіптік кешенге, 400-ден астамы өңдеу өнеркәсібіне, қалғаны инфрақұрылым саласына тиесілі. Сауда және интеграция министрлігінің негізгі міндеті – осы жобалар шеңберінде өндірілетін өнімнің кепілді сатылымын қамтамасыз ету. Бұл – ауқымды жұмыс, сондықтан оны жүзеге асыру тетіктерін қазірден бастап нақтылау қажет», деді С.Жұманғарин.
Сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдау, биржалық сауданы дамыту, салалық үдерістерді цифрландыру мен жоғары қосылған құны бар өнім экспортын арттыру бағытындағы міндеттер де айқындалды.