Енді аз күнде жазғы демалыстың қызығына тоймаған балалар сөмкелерін асынып алып мектепке қарай томпаңдап кетіп бара жатады. Ата-аналар балаларын мектепке дайындап, керек-жарағын алып, оқу құралдарын түгендеуде. Жаңа оқу жылына білім мекемелері де жан-жақты әзірленуде. Ал аймақтардағы білім басқармалары жыл сайынғы «Мектепке жол» акциясын пысықтап жатыр.
Бұрнағы күні облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізді. Онда «Балаларға бірге көмек берейік!» ұранымен өтетін «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясының басталғанын және осы бағытта атқарылатын жұмыстар жайын әңгімеледі.
Қайырымдылық акциясының мақсаты белгілі. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған оқушыларды жаңа оқу жылына дайындап, олардың түрлі себептердің салдарынан мектепке бара алмай қалуының алдын алу. Онсыз да жастайынан тағдырдың теперішін аз көрмеген бала қатарластары бар керегін сайлап, мектепке кетіп бара жатқанда ол жоқшылықтың кесірінен білім ала алмай жатса, әділетті ме?! Сондықтан бұл акцияның өте үлкен сауапты іс екеніне шүбә келтірмейміз.
– Облыста дәстүрлі түрде 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтетін «Мектепке жол» республикалық акциясы басталды. Ең алдымен, балалардың тізімі әзірленеді. Рейд жұмыстары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, балаларға көмек көрсету бойынша аудандарда да «Балаға мейірім сыйла», «Ауыл балаларына – мектепке сыйлықтар», «Балаларды мектепке дайындаймыз» атты қайырымдылық акциялар белсенді түрде өтетін болады. Ал шалғай елді мекендерде мектеп формасы мен құрал-жабдықтарының жылжымалы жәрмеңкелері ұйымдастырылып, сенім телефондары мен жедел байланыс желілері үздіксіз жұмыс жасайды. Мәселен, өткен жылы облыс бойынша 24 мың көп балалы және аз қамтылған отбасыларынан шыққан балаларға қолдау көрсетіліп, қажетті оқу жабдықтарымен қамтамасыз етілген болатын. Қайырымдылық акциясы барысында атқарылған жұмыстар сараланып, нәтижесін анықтау негізінде әлеуметтік зерттеулер мен сауалдамалар жүргізіледі, – дейді Бақытжан Сайлыбаев.
Мәселенің мәнісін жан-жақты тарқатуға келген қалалық ішкі істер басқармасы ювеналды бөлімінің капитаны, полиция майоры Гүлнәр Дүйсенова былай дейді:
– Аз қамтылған отбасы балаларын анықтап, әлеуметтік көмек көрсетеміз. Бізде 14 әкімшілік учаскелік пункт бар. Олар өздеріне бекітілген аумақты қатаң бақылайды. Сондықтан әрбір отбасының жайы белгілі. Мәселен, әкесі істі болған, ал жары 7 баласын жалғыз өзі жетілдіріп отырған отбасы бар. Оның төртеуі мектепке барады. Осы отбасының балаларына мектепке қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етіп отырмыз. Міне, осындай отбасылармен жұмыс жасаймыз.
Және де шара барысында басқарма басшысы биылғы оқу жылында 14 білім беру ошағы жаңа нысанға көшірілетінін, ал оқулық жайы толық шешілгендігін жеткізді. Оқулыққа деген тиісті қаражат бөлініп, тек енді кейбір аудандарға жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.
Сондай-ақ, биылғы жаңа оқу жылында өңірде 16009 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды екен. Айта кетерлігі, қазіргі таңда облыс бойынша толық емес отбасыларда – 10564, қолайсыз отбасыларда – 472, көпбалалы шаңырақта – 20802 және тұрмысы төмен отбасыларында 15065 мектеп жасындағы балғын тәрбиеленеді.
Брифинг соңында білім басқармасының басшысы мемлекеттік мекеме, бизнес-құрылымдарды және үкіметтік емес ұйымдарды акцияға белсенді қатысуға шақырды.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.