• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Музей Бүгін, 07:45

Момышұлына қарап сап түзеген

0 рет
көрсетілді

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Тарихта таңбаланған Әулиеата тұлғалары» атты көрме ашылды. Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің 95 жылдығы көне Тараздан түлеген тұлғалар мерейтойына орай ұйымдастырылған көрме «Музей tour: Экспонаттар экспедициясы» музейлік жобасы аясында ұйымдастырылып отыр.

Экспозицияда Әулие­ата топыра­ғында туып, мемлекет тарихы мен ұлт рухания­тында өшпес із қалдырған қайраткерлердің жеке заттары, сирек фотосуреттері, кітаптары мен қолжазбалары бар. Кең залға кіргеннен әйгілі Бауыржан Момышұлына, Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке арналған бұрыштар, солар тұтынған заттар көзге түседі. Бауыржан батырға арналған мүйісте тек Жуалы ауданының өзінен әскер, авиация, ішкі істер саласында қызмет еткен 13 генерал шыққаны туралы дерек жария­ланыпты.

Құнды жәдігерлер қата­рында қазақ театрының сах­насы мен киноөнерінде өшпестей із қалдырған Асанәлі Әшімовтің жеке заттары да бар. Әйгілі актердің «Қыз Жібек» фильмінде киген сауыты мен дулығасы, ұстаған қылышы көрмеге келгендердің қызығушылығын тудырып тұр. Театрда қойылған спектальдегі әр рөл туралы жазылған бір­неше қойын дәптер өнер саңлағының көрермен алдын­дағы жауапкершілікті терең сезінгендігін аңғартады.

Ықылас Дүкенұлының қо­бызы мен әйгілі халық ақыны Кененнің домбырасы мен шапаны, екі мәрте Социа­истік Еңбек ері Жазыл­бек Қуанышбаевтың қамшысы қойылған бұрышқа да аялдаушылар қатары аз емес. Бұл көрме аз күннен кейін Шиелі, Жаңақорған аудан­дарындағы Руханият орталықтарына жол тартады.

«Алда Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров, Нұрмолда Алдабергенов музейлерін күтіп отырмыз. Жалпы, «Музей tour: Экспонаттар экспе­дициясы» аясында биыл облыста Батыс Қазақстан, Ұлытау, Түркістан облыстары мен Шымкент қалалық музейлер бірлестігі, Орда­басыдағы «Қажымұқан атын­дағы облыстық спорт музейі» көрмелері ұйымдас­тырылады», дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсиялық-көпшілік бө­лімі меңгерушісі Эльзира Сағитжанова.

 

ҚЫЗЫЛОРДА

Соңғы жаңалықтар