• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 08:03

С5+1 аясындағы серіктестік инвестицияға серпін береді

0 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы «С5+1» форматы шеңберінде мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері бойынша Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Кеңес жұмысына дипломатиялық корпустың, оның ішінде жаңадан тағайындалған АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули М. Стаффт, сондай-ақ халықаралық компаниялар мен іскер қоғамдастықтың өкілдері және мемлекеттік органдар басшылығы қатысты.

Отырысқа қатысушыларға арнаған сөзінде Премьер-министр елде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның маңыздылығына тоқталды.

«Қазақстан маңызды саяси кезеңнен өтуде. 15 наурызда болатын жалпыхалықтық референдумда азаматтар жаңа Конс­титуцияның жобасы бойынша дауыс береді. Жаңа Консти­туция Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті әрі Қуатты Қазақстан құруға бағытталған ауқымды саяси реформаларын айқын көрсетеді. Үкіметтің негізгі міндеті – еліміздің орнықты экономикалық өсуін қамтамасыз ету арқылы азаматтардың табы­сын арттыру және өмір сүру сапа­сын жақсарту. Осы мақсатқа жету үшін жаңа инвестициялық цикл­ді толыққанды іске қосуға бағыт­талған кешенді шаралар жүзеге асырылуда», деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар 19 ақпанда Вашингтонда өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысының ерекшелігіне назар аударылды.

«Кеше Мемлекет басшысы Бейбітшілік кеңесінің бірінші отырысына қатысып, АҚШ Президенті Дональд Трамптың Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақ­тандыруға бағытталған баста­ма­сына қолдау білдірді. Қазақстан Газаны қалпына келтіру үдеріс­теріне қатысуға мүдделі. Амери­ка Құрама Штаттарымен қарым-қатынас­тардың орнықты дамуы Қазақ­станның сыртқы саясаты­ның негізгі бағыттарының бірі болып қала береді», деді О.Бектенов.

Жиынға қатысқан АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули М. Стаффт екі ел арасындағы байланыстардың тереңдеп келе жатқанына тоқталды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонда жаһан­дық аренада сөйлеген сөзі әсерлі болды. Біз бүгінде жоға­ры деңгейде орнық­қан екіжақ­ты қарым-қатынастары­мыздың одан әрі кеңеюін күтеміз. Ком­мер­циялық ынтымақтасты­ғымыз былтыр рекордтық көр­сет­кішке жетті. Тек өткен жыл­дың 4-тоқсанының өзінде қазақ­стандық және америкалық ком­па­ниялар арасындағы мәмі­лелер көлемі 17 млрд долларға жетті. Бұл нәти­желер біздің көзқара­сы­мыздың бір екенін және екі елдің экономикалық өсімін көрсете­ді. Оның игілігін халқымыз көр­мек, сонымен бірге өзара қарым-қатынасымыз нығая түседі», деді АҚШ елшісі.

Отырыста шетелдік инвес­торлармен ынтымақтас­тықты кеңейту, ұзақмерзімді капиталды, технологияларды, үздік халықаралық тәжірибелерді тарту, бизнеске ашық әрі болжам­ды орта қалыптастыру мәсе­лелері талқыланды. Инвес­тор-ком­паниялардың өкіл­дері инвес­тициялық өзара іс-қимылдың оң динамикасы мен салық реформасы аясында реттелетін ортаның маңыздылығын атап өтті. Сон­дай-ақ инфрақұрылымды дамы­туға, цифрландыруға, өндіріс­ті локализациялауға, озық техно­ло­гияларды енгізуге, тұрақты экономикалық өсімге бағыттал­ған ұзақмерзімді әріптестікті қа­лып­тастыруға басымдық берілді.

«Ситибанк Қазақстан» АҚ басқар­ма төрағасы Сәуле Жақаева «С5+1» алаңдарындағы уағдалас­тықтарды жалғастыру мақсатын­да бюджетке салмақ түсірмей, US EXIM кепілдігі арқылы темір­жол, авиациялық және аэрона­вигациялық инфрақұрылымды жаңғыртуға қаржы тартылғанын айтты. Оның айтуынша, бұл қадам елдің технологиялық деңгейі мен транзиттік әлеуетін күшейтеді.

«Eurasia Group Kazakhstan» бас операциялық директоры Сергей Глокке Үкіметтің қолдауымен елімізде John Deere техникасын өндіруді локализациялау, сервистік инфрақұрылымды кеңейту мен АӨК-те кооперацияны тереңдету жоспарлары туралы айтты. Атап айтқанда, Түркістан облысындағы зауытта ауыл шаруашылығы техникасы мен көкөніс өсіруге арналған жабдықтар желісін ұлғайту көзделген. Сондай-ақ отандық мамандар АҚШ-тағы John Deere кәсіпорындарында біліктілігін арттырады. Сергей Глоккенің айтуынша, былтыр Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы кадрлық әлеуетті күшейтуге серпін берді. Ауыл шаруашылығы секілді жетекші салаларға мамандар даяр­лау басым бағыт болып қала береді.

«Wabtec Corporation» компа­ния­­­сының ТМД елдері мен Моң­ғолия­­дағы далалық сервистер және техникалық қызмет көрсету жөніндегі вице-президенті Ғайни Дүй­сенова кәсіпорындарда цифр­лық технологияларды енгізу ар­қылы өндірісті кеңейту жоспарларын бөлісті. Еліміз аме­рикалық «Wabtec Corporation» холди­н­гінің өңірдегі өндірістік серік­тестері арасында көлемі жа­ғынан екін­ші орында тұр. Ын­тымақтас­тық жылдарында елде 700-ден астам локомотив шығарыл­ды. Кәсіпорынның өн­дірістік қуаты жылына 100 темір­жол техникасын құрайды. ҚТЖ-мен әріптестік шеңберінде локо­мо­тивтер мен дизельді қозғалт­қыш­тарды шығаруды одан әрі ұлғайту жоспарланып отыр. Елімізде теміржол инфра­құ­ры­лымын дамыту, «осал тұс­тарды» жою бойынша жүр­гізі­ліп жатқан ауқымды жұмыстар­ды ескере отырып, локомотив паркін жа­ңар­­­ту және өндірістік қуаттар­ды ке­­ңей­ту елдің транзиттік әле­уеті мен өткізу қабілетіне серпін береді.

«Freedom Holding Corp.» бас атқарушы директоры Тимур Турлов «C5+1» форумы аясында OpenAI және NVIDIA-мен жасалған келісімдер елімізге білім беру мен ЖИ-ді дамыту саласында түбегейлі жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты. Оның айтуын­ша, бұл бастамалар цифрлық экономикаға кадрларды жүйелі даярлауды көздейді әрі Павлодар облысындағы «Деректерді өңдеу орталығы алқабы» жобасын қоса алғанда, заманауи есептеу инфрақұрылымын қалып­тастыруға негіз бола алады.

«Deloitte Kazakhstan» ком­пания­сының салық практикасы жө­ніндегі серіктесі Елдос Сыздықов елде жүргізіліп жатқан салық реформасы аясында қабыл­данған өзгерістерге оң баға берді. Сонымен қатар ҚҚС-ты уақ­тылы қайтармағаны үшін өсімпұлды уақытша алып тастау мен әкімшілендіру рәсімдерін жетілдіру теңгерімді сипатқа ие екенін, ал жаңа нормалар ашықтықты арттыруға, іскерлік ортаны нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Жалпы, арнайы салық режімдерінің параметрлерін қайта қарау, ең алдымен, теңгерім­сіздіктерді жоюға, салық салудың әділ жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Көтерілген мәселелерге қатыс­ты Қаржы және Сыртқы істер министрліктерінің басшылары өз пікірін білдірді.

Өз кезегінде Премьер-министр Олжас Бектенов халықаралық әріптестермен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және қолай­лы инвестициялық ахуал құ­руға бейілді екенін атап өтті. Жаһан­дық технологиялық тізбектерді қалыптастыру аясында Үкімет халықаралық технологиялық компанияларды ынтымақтастыққа тартуға, серпінді цифрлық жобаларды жүзеге асыру үшін инфрақұрылым құруға басымдық береді. Отырыс қорытындысында жауапты мемлекеттік органдарға Америка сауда палатасымен бірлесіп алдағы жұмыстарда жиында айтылған бастамалар мен бизнес ұсынымдарын ескеру тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар