Бүгін Ақтөбе қаласының Алматы ауданындағы Ақжар көшесінде орналасқан автогаз құю стансасында төтенше жағдай болды. Жер үсті резервуарларының бірінде газ-ауа қоспасы тұтанып, соңы жарылысқа ұласты. Тілсіз жаудың екпіні сол маңдағы екінші цистернаға, газ тасымалдаушы көлік пен операторлық ғимаратқа таралған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Төтенше жағдайлар департаментінің күштері оқиға орнына жедел жеткен. Құтқарушылар адам өмірі мен қала қауіпсіздігіне тікелей қатер төнген жоғары тәуекел аймағында жұмыс істеп, қайталама жарылыстардың жолы кесіліп, жалынның көршілес нысандарға таралуына жол берілмеді.
Газ құю стансаларында қауіпсіздік талаптары күшейтіледі
Өртті ауыздықтау жұмыстарын Ақтөбе облысы ТЖД бастығы, полковник Қаһарман Оразалин тікелей үйлестірді. Тілсіз жаумен арпалысқа Департаменттің, Жедел-құтқару жасағының және Апаттар медицинасы орталығының 60-қа жуық маманы мен 16 бірлік техникасы жұмылдырылды.
Құтқарушылардың жанқиярлық әрекетінің нәтижесінде өрт толықтай жойылып, зардап шеккендер тіркелген жоқ.