Өркениетті елдер кітап оқуға өнер ретінде қарайды. Кітапты оқу үшін де үлкен талғам керек. Баланың кітапқа деген қызығушылығын арттыруды неден бастаған дұрыс? Қандай кітаптарды таңдаған жөн? Қалай, қай кезде оқыту керек? Дамыған елдер осындай сауалдарға жауап іздеп, барлығын да ғылыми тұрғыдан зерттеп, зерделейді. Арнайы бағдарламалар мен жобалар жасайды.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді қазақ. Үйдегі тәрбиенің бала үшін жөні бөлек. Отбасында ата-анасының кітап оқығанын көрген бала да кітапқа жақын өседі. Баланы сөзбен емес, іспен тәрбиелеу қажет. Бала ата-анасына еліктейді. Егер ата-ана қолынан смартфонын тастамаса, бала да соған үйір болады. Сол себепті кітап оқудың маңызын алдымен балаға емес, ата-ананың санасына сіңірген жөн. Баланың кітапқа деген қызығушылығы мектепте емес, отбасында қаланады. Өкінішке қарай, қазіргі таңда кітап сөресі жоқ отбасылар қаншама? Ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсарин «бала үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін ертегіден алады» деген екен. Ертегі тыңдап жетілген баланың тілі ерте шығады. Ойын ұштап, қиялына қанат бітіреді. Ертегіге құмар бала жақсы мен жаманды ажыратып өседі. Қазақ сәбилері жөргегінен бесік жырымен ұйықтап, ауыз әдебиетінің жауһарларын тыңдаған. Қазір немересіне ертегі айтатын әже-аталар бар ма? Бар шығар, бірақ өте сирек. Ұйықтатарда ертегі оқып беретін ата-аналардың қатары қанша? Біз баланы қалай тәрбиелеп, оның дүниетанымын қалай қалыптастырып жатырмыз? Баласы жыласа, қолына телефон ұстата қоятын ата-аналарды жиі көреміз. Бүгінде отбасылық кітапхананың не екенін білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Тіпті газет-журналға жазылу да архаизмге айналып барады. Отбасылық оқу дәстүрін қайтадан қолға алып, көңіл бөлмесе, жағдай күрделене бермек.
Отбасылық кітап оқу – бірлескен шығармашылық. Отбасы мүшелерімен тым болмаса жарты сағат кітап оқудың өзі өміріңізді өзгеше түске бояйды. Отбасымен оқу сауаттылықты ғана арттырмайды, береке мен бірлікті нығайта түседі. Оқыған әр кітап ортақ әңгімеге айналады. Сондықтан ата-ана балаға үлгі, өнеге көрсетуге тиіс.
Иә, жас отбасылардың жағдайын да түсінуге болады. Жаңа кітап алуға қаражат жетпейтін шығар. Қазір кітапханалардың қызметі тегін емес пе? Аптасына бір рет кітапханаға баруды дәстүрге айналдырса құба-құп. Мысалы, Өскемен қаласындағы О.Бөкей атындағы қалалық кітапханада кітап оқимын деген балалы анаға жақсы жағдай жасалған. Ойын баласына арналған арнайы бұрыш та бар.
Баланың тамағының тоқ, көйлегінің көк болуына, әрине, ата-ана жауапты. Жанының қалауын да ескеру маңызды. Ұлы Абайдың Жетінші қара сөзін есімізге алайықшы. «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, одан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?», «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап тыныштық көрмейді. Мұның бәрі жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген».
Баланың жан қалауын қанағаттандыру оңай емес. Тәрбие осы жерден басталады.
Өміріміздің бір бөлшегіне айналып үлгерген заманауи технологиядан баланы мүлдем шеттету мүмкін емес. Бірақ жаңа технологияны кітап оқу дәстүріне кіріктіруге болады. Кітаптар мен гаджеттер. Дәстүр мен заманауи құндылықты қалай үйлестіруге болады? Қазіргі таңда ғаламторда кітаптардың аудио нұсқалары бар. Бала ұйықтар алдында сол аудиокітаптарды ата-ана баламен бірге тыңдаса, қандай тамаша. Немересіне ертегі айтып беруді білмейтін әжелер үшін де тамаша лайфхак. Бала гаджеттен нені көреді, нені тыңдайды, маңыздысы сол. Ақпарат тасқынынан балаға қажетті дүниені талғаммен таңдай алу да өте өзекті.
Кітап оқуда ең басты мотиватор – отбасы. Мотивация әрқашан көтеріңкі көңіл күймен үндескені жөн. Баламен бірге дауыстап кітап оқу сағатын ұйымдастырудың пайдасы зор. Мұндай әдіс оқу техникасын жақсартады, дауыстың мәнерлілігін арттырып, интонацияны қалыптастырады, есте сақтау қабілеті мен тіл байлығын жетілдіреді. Күніне 10–15 минут дауыстап кітап оқу біраз жетістікке жол ашады. Дауыстап оқу кезінде ең қызықты жерінде тоқтай білу де өнер. Мұны «Шаһризада әдісі» дейді. «Мың бір түн» ертегісі есіңізде ме? Уәзірдің қызы Шаһризада Шаһрияр патшаға түн сайын ертегі айтып, ең қызықты жеріне келгенде ертегісін үзуші еді ғой. Ақылды Шаһризада ажал сағатын алыстату мақсатында патшаға ертегіні келесі түні жалғастыратынын айтатын. Ал патша күн сайын таңертең «Бұл түні әңгіменің соңын естіп, Шаһризаданы келесі күні өлтіремін» деп ойлайтын. Бірақ қызықты ертегі мың бір күнге жалғасады.
Міне, осы «Шаһризада әдісін» баланың кітапқа деген қызығушылығын оятуда шеберлікпен пайдалануға болады.
Қалай десек те, кітап оқу дәстүрі үзілмеуге тиіс. Өйткені нағыз қазына – кітапта. Аға ұрпақ өкілдері әрқашан кейінгі толқынмен кітап оқудағы үздік тәжірибесімен бөлісіп отырса, нұр үстіне нұр.
Елімізде «Бір ел – бір кітап» деген республикалық акция бар. Аталған акция Ұлттық академиялық кітапхана мен Қазақстан кітапханалар қауымдастығының ұйымдастыруымен 2007 жылдан бері өткізіліп келеді. Мақсаты – кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, қазақ әдебиетін насихаттау, жастардың рухани дамуына ықпал етіп, тіліміздің мәртебесін арттыру. Ұлы Абайдың қара сөздерін оқудан басталған акция шеңберінде осы күнге дейін 50-ден астам ақын-жазушының шығармалары оқырман қауымға ұсынылыпты. Акция аясында биыл жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы таңдалғаны белгілі. Ұлттық академиялық кітапханада республикалық акцияға қатысты өткен жиында Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп «Бұл таңдау – тарихи жадты жаңғыртып, ұлттық рухты тереңдетуге бағытталған ортақ шешім» депті. Дұрыс. Бірақ менің көңілімде күмән бар. Дәл осы кітапты бүкіл елдің оқи қоятынына сену қиын. Неге? «Тағдыр» – тарихи роман. Халқымыз басынан кешірген ауыр тағдыр, ХХ ғасыр соңындағы шекара бөлінісі туралы кітап мектептің бастауыш сынып оқушысы тұрмақ жоғары сынып оқушылары үшін де өте күрделі. Бір елге арналған кітап болған соң, мектеп оқушысынан бастап, жасы ұлғайған қарияға дейін түсінікті болу керек. Рас, «тарихи жадымызды жаңғыртып, ұлттық рухты тереңдетуге бағытталған» шығармаларды насихаттаған дұрыс. Бірақ оған жағдай жасау керек қой. Айтуларынша, жыл кітабын таңдау екі кезең бойынша жүзеге асырылыпты. Бірінші республикалық және өңірлік кітапханалар арасында сауалнама жүргізілген екен. Ал екінші кезеңде сол кітапханалар ұсынған тізім ішінен жыл кітабы таңдалып алыныпты. Сауалнамаға қай өңірдің кітапханалары қатысты? Қалай десек те, жыл кітабын таңдауда олқылық жібергеніміз анық. Жалпы, неге біз бір кітапқа жабысып қаламыз? Бір авторды таңдасақ та болады ғой. Мысалы, жыл авторы ретінде Қабдеш Жұмаділовті таңдадық дейік. Қаламгердің «Тағдырдан» басқа да шығармалары жетерлік қой. Орыс тіліне аударылған шығармалары да бар. Әркім өзіне керегін оқыса, республикалық акцияның халыққа берері анағұрлым көп болар еді деп ойлаймын.
Жалпы, кітап оқу мәдениеті мектепте де, институтта да емес, отбасында қалыптасуға тиіс. Кез келген мемлекеттің байлығы – адам. Біз сол адамның рухани бай болуына фокус қоюымыз керек. Бұл жолда отбасы құндылығын дәріптеу өте маңызды. Ал кітап оқуды құндылық деп білетін отбасының ұтары көп.
Хабиба АҚЖІГІТОВА,
Оралхан Бөкей атындағы кітапхана директоры
Өскемен