Иранның Исфахан провинциясындағы ядролық нысан АҚШ пен Израильдің соққысына ұшырады. Бұл туралы Иранның ISNA ақпарат агенттігі елдің Ядролық қауіпсіздік ұлттық орталығының мәліметіне сүйене отырып хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Бұған дейін Иран билігі 1 наурызда қарсы тарап Натанз қаласындағы ядролық нысанға екі мәрте соққы жасағанын мәлімдеген. Бұл жерде уран байыту зауыты орналасқан. Алайда сол кезде де радиациялық ағып кету дерегі тіркелмеген.
Еске салайық, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастағанын жариялаған еді. Тель-Авив бұл әрекеттің мақсаты Тегеранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеу екенін мәлімдеді. Вашингтон Иранның әскери-теңіз күштері мен қорғаныс өнеркәсібін жою қаупін айтып, ел азаматтарын билікке қарсы шығуға шақырды.
Шабуылдардың салдарынан Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи қаза тауып, елде 40 күндік аза жарияланды.
Өз аумағына жасалған соққыларға жауап ретінде Тегеран Таяу Шығыстағы АҚШ-тың одақтас елдерінде орналасқан америкалық нысандарға шабуыл жасағаны хабарланды.