Израиль қорғаныс күштері Тегеранда орналасқан Иранның революциялық гвардиясына қарасты әуе күштерінің штаб-пәтеріне соққы жасалғанын хабарлады. Бұл туралы ресми мәлімет Израиль әскерінің Telegram арнасында жарияланды, деп жазады Egemen.kz.
Әскерилердің дерегінше, барлау мәліметтерінің қолдауымен жүзеге асқан ауқымды операция барысында ондаған нысанға соққы берілген. Сол нысандардың қатарында Иранның әуе күштерінің басқару штабы да бар.
Иранда жұмыс істейтін тағы 7 отандасымыз елге жеткізіледі
Хабарламада бұл ғимарат режимнің әуе күштерін басқару және үйлестіру орталығы ретінде пайдаланылғаны айтылған. Штабта баллистикалық зымырандарға жауапты құрылымдар, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаратын бөлімшелер және әуе күштерінің өзге де бөлімдері орналасқан.
«Бұл нысан режимнің әуе күштерінің әрекеттерін үйлестіруге арналған негізгі басқару орталығы болды. Штабта баллистикалық зымырандарды басқару құрылымдары, ұшқышсыз ұшу аппараттары бөлімшелері және әуе күштерінің басқа да бөлімдері орналасқан», делінген хабарламада.
Израиль тарапының түсіндіруінше, бұл штаб өңірдегі елдерге, соның ішінде Израильге бағытталған зымырандық соққыларды жоспарлау мен операциялық жағдайды қалыптастыруға жауап берген.
Мемлекет басшысы Иранның көрші елдерге соққы жасауды тоқтату туралы шешімін құптады
Әскерилердің мәліметінше, Тегеранда орналасқан бұл нысанға жасалған соққы Иранның баллистикалық зымыран инфрақұрылымын әлсіретуге бағытталған кең ауқымды операцияның бір бөлігі саналады. Оның мақсаты – Иранның Израильге қарсы шабуылдарды үйлестіру мүмкіндігін төмендету.
Израиль әскері Иран билігіне тиесілі нысандарға соққы беру жалғасатынын мәлімдеді. «Иран режимінің мүмкіндігін әлсірету мақсатында оның нысандарына соққы беруді жалғастырамыз», делінген хабарламада.
Кеше Иранның ядролық нысанына соққы жасалған еді.