Соңғы жылдары елімізде көк мұзда желдей ескен жылдамдықты сақтай отырып, қауіпті бұрылыстарда сүрінбей, қарсыластарды басып озуды көздейтін шорт-трек спортына деген қызығушылық айтарлықтай артып келеді. Бұрын көпшілікке етене таныс болмаған бұл қысқы спорт түрі бүгінде жас спортшылардың таңдаулы бағытына айналып отыр. Балдырғандардың шорт-трекпен тұрақты шұғылдануына төртжылдықтың басты бәсекелері мен халықаралық аренада ел құрамасының сәтті өнер көрсетуі де себеп болатыны сөзсіз, деп жазады Egemen.kz.
Мәселен, Италияда өткен ХХV қысқы Олимпиада ойындарында шорт-трек шеберлері Денис Никиша мен Абзал Әжіғалиев жекелей сындарда үздік ондық қатарынан көрініп, отандық шорт-тректің әлеуетті екенін дәлелдеді. Сондай-ақ Әлем кубогі кезеңдерінде көзге түсіп жүрген Әділ Ғалиахметов пен Ольга Тихонованың өнері өрендердің бойында шорт-трекке деген шынайы қызығушылық алауын жағып жүр. Дүбірлі додалардағы айтулы жетістіктер Қазақстан мәртебесін биіктетіп қана қоймай, осы спортта жаңа буын өкілдерінің қалыптасуына жол ашып жатыр. Біз бұл көңіл көншітер көрініске Астана қаласы әкімдігінің №2 Балалар мен жасөспірімдер мамандандырылған спорт мектебінің шорт-трекші шәкірттерінің жаттығу барысында көз жеткіздік.
«Шорт-тректің Марко Ройсы мен шығармын...»: Абзал Әжіғалиев жанкүйерлеріне алғыс айтты
Шорт-трек спортында миллисекундтар да маңыздыЖас шорт-трекшілер жаттығу кезінде физикалық, психологиялық, тактика және техникалық әзірлік бойынша шыңдалады. Олар осы төрттікті бойына сіңіру үшін аптаның 6 күнінде 6 сағатын мұз үстінде өткізеді.
Шорт-трек бойынша Астана қалалық жасөспірімдер құрамасының мүшесі Томирис Ербатыр үшін тығыз жаттығу уақыты мен мұз үстіндегі қауіп қорқынышты емес. 16 жастағы спортшының айтуынша, шорт-трекпен 7 жылдан бері үздіксіз шұғылдануына жылдамдыққа деген ұмтылыс пен жеңіске деген құлшыныс жігер береді.
«Шорт-трек мұзда өте жоғары жылдамдықпен жүгіруді талап етуімен адамды баурап алады. Ал жылдамдықты сақтай отырып, қауіпті бұрылыстарды қателіксіз өткеру миссиясы кімді де болсын қызықтырмай қоймайды. Сонымен қатар, қарсыластармен сайысқа түскенде оларды басып озу үшін логиканы қосып, сыни ойлай алу қажет. Сол арқылы оларды айналып өтіп, тиімді трюктар жасап, мәре сызығын бірінші кесуге болады. Айта кетерлігі нәтиженің барлығы уақыт көрсеткіші бойынша сараланады. Сондықтан шорт-тректе миллисекундтар шешуші орынға шығып жатады», дейді Томирис Ербатыр.
Шорт-трекші Денис Никиша Олимпиадада 7-орынға тұрақтады
Шорт-трекпен 5-7 жастан бастап шұғылдануға рұқсат етіледі. Өзгелермен салыстырмалы түрде кешірек коньки киген Томирис аталған спортқа тез бейімделген. Тіпті қалалық, республикалық сындарда жүлдегерлер қатарынан көрініп үлгерген.
«Шорт-трек – менің саналы таңдауым. Сондықтан бұл спорт өмірімнің мазмұнды бөлшегіне айналды. Қазақстан біріншілігінде командалық эстафета сынында 1-ші тұғырдан көрініп, жазғы шорт-тректегі жекелей сында үздік үштікті түйіндеуім өзіме деген сенімімді арттырды», дейді жас шорт-трекші.
Ал кіші құрама бапкері Рахат Қасенұлы ел чемпионатында жүлдегер болудың өзі жоғары жетістік екенін атап өтті. Себебі республикалық деңгейде өнер көрсету үшін спортшы кемі 1-2 жыл уақытын жаттығуға арнайды.
«Шорт-тректе басқа спорт түрлеріндегідей 4-5 ай жаттығып, жарыста бақ сынауға рұқсат етіле бермейді. Алдымен спортшы мұз үстінде өзін еркін сезіну үшін тер төксе, одан кейін техникалық тәсілдерді меңгеру керек. Конькимен жүгіру және шорт-тректі салыстыратын болсақ, шорт-трекшілер финалға жету үшін бір күнде 4-5 рет мұзға шығып, уақыт көрсеткішіне жүгіреді. Конькимен жүгірушілер бір күнде 1-ақ рет сайысады. Шорт-тректе көп айналым болатындықтан, спортшы күшін әр кезеңге лайықты бөле білуі тиіс. Қай маңда, нешінші айналымда озу керек екенін бала іштей есептей алуы тиіс. Оның барлығына жаттығу кезінде дағдыланамыз. Техникалық тұрғыда талантты бала жетістікке тезірек жетіп жатады», дейді бапкер.
Қысқы Олимпиада ойындарынан кейін шорт-трекке қызығушылар қатары арттыБүгінде Рахат Хасенұлы баптап жүрген шәкірттерінің алтауы спорт кандитаты дәрежесін иеленген. Сондай-ақ 8-15 жастағы кіші құрама өкілдері Қазақстанмен қатар шет елдердегі халықаралық жарыстардан жүлдемен оралып жүр.
Қазақстан құрамасының қысқы Олимпиададағы жолы: Жылдар мен нәтижелер
«Маусым сайын көрсеткіштер көңілден шығып келеді. Өздеріңізге белгілі, кіші құрам әуелі 222, 333 метр қашықтықта жарысады. Жас ерекшелігіне сай қашықтық ұзара береді. Әр соңғы нәтижеге сай шәкірттерім аталған қашықтықта жеке рекордын секундқа болсын алға жылжытып жүр. Елімізде табысты өнер көрсеткен шәкірттерім Қытай, Корея елдеріндегі жарыстардан медальмен оралды», деген сүйінші жаңалығын жеткізген Рахат Хасенұлы, әсіресе қысқы Олимпиададан кейін шорт-трекке қызығушылар қатары қалыңдайтынын жеткізді.
«Бұл тұрғыда ұлттық құрама мүшелерінің еңбегі орасан. Олар қысқы спорт қарқынды дамыған мемлекеттердің өкілдерімен терезесі тең өнер көрсетіп, ел балаларына халықаралық аренада үлгі болып жүр. Мәселен, соңғы Италияның қос қаласында өткен Олимпиада ойындарын шәкірттерім түнгі уақыт болса да талмай қарады. Биыл тағы бір ерекшелік ретінде олардың қатарына ата-аналардың да қосылғанын айрықша айтқым келеді. Өз кезегінде ата-аналар спортшыға не үшін ескерту бергенін, мәреге не үшін жете алмағанын белсенді сұрап, жауап алып отырды. Ал мұның бәрі алдағы уақытта шорт-трекке келетін балалардың қатарының артатынын аңғартады», дейді Рахат Хасенұлы.
Сол секілді шорт-тректен кіші құрама мүшесі Хамза Еркінұлын мұз айдынына анасы жетелеп әкелген. Бастапқыда анасының айтқан сөзін жерге тастамаған ол 3 жыл өтсе де шорт-трекпен қош айтыспаған. Себебі, көк мұздағы жоғары жылдамдық оның да жанын баураған.
«Бұл спортпен тұрақты шұғылдануыма танымал шорт-трекші Әділ Ғалиахметовтің де әсері мол. Оның өнерін үзбей бақылаймын, жылдамдықты игере алуы, қарсыластарын басып озуы сынды өнерінен үлгі аламын. Соңғы Олимпиадаға қатысқан шорт-трекшілердің де бағдарламасын бақыладым. Тек аздаған сәттілік жетіспеді. Дегенмен Олимпиадаға қатысудың өзі үлкен жетістік. Мен де Олимпиада алтынын алып, оған қатысуды армандаймын», деді Хамза Еркінұлы.