• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Энергетика Бүгін, 08:45

Энергетикалық қауіпсіздік – экономикалық тұрақтылық кепілі

10 рет
көрсетілді

Электр энергиясын өндіру көлемі 2019 жылғы 106 млрд кВт/сағаттан 2025 жылы 123,1 млрд кВт/сағатқа дейін өсіп, салада қарқынды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, жеті жылда іске қосылған қуаттың жалпы көлемі Алматы қаласы мен Алматы облысының бір жарым жылдық тұтынатын электр энергиясына тең. Енді биыл өндіріс көлемін 126,5 млрд кВт/сағатқа дейін жеткізу межесі қойылған.

Президент энергетикалық тұрақтылықты ұлттық қауіпсіздік мәселесі деп ұдайы айтып келеді. Энергетикаға қатысты маңызды шешімдер – елдің тұрақты дамуының негізі. Осы ретте электр энергиясын өндіру жыл сайын өсіп келе жат­қанын атап өткен жөн. Елдің электр энергетика жүйесі тұрақты ре­жімде жұмыс істеп тұр. Қазір ел аумағында 237 электр стансасы бар. Оның 79-ы – дәстүрлі генерация көзі, 158-і – жаңартылатын энергия нысаны. Үкімет энерге­тикалық қауіпсіздікті күшейту, инфрақұрылымды жаңарту, жаңа қуат көздерін іске қосу бағы­тында кешенді шаралар жүргізіп жатыр.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов саланы ұзақ­мерзімді дамыту жоспары іске асып жатқанын айтты. Оның айтуынша, 2035 жылға дейін 26 гигаваттан аса жаңа қуат енгізу көзделген. Жобалар қолданыстағы стансаларды жаңғырту мен жаңа өндіріс орындарын салу арқылы жүзеге асады.

Былтыр 771 мегаватт жаңа қуат іске қосылған. Соның 608 мегаваты –  дәстүрлі генера­ция үлесінде. Қалғаны – жаңар­тылатын энергия көз­­дері. Ал­дағы кезеңде энер­гети­ка­­лық әлеует едәуір арта­ды. Биыл шама­мен 2 600 мега­ватт қуат пай­далануға бері­леді. Оның қатарында жаңар­­тылатын энергия нысан­да­рының жиынтық қуаты 174 мегаватқа жетеді. Келесі жылы 1 500 мегаватқа жуық қуат іске қосылмақшы. Ал 2028 жылы бұл көрсеткіш 2 мың мегаваттан асады. Осын­дай жобалар жүзеге асқанда 2029 жылға қарай экономиканың электр энергиясына сұранысы толық қамтамасыз етіліп, энергия жүйесінде артық қуат қоры пайда болады.

Министр көмір генерациясын экологиялық талаптарға сай дамыту ісі де күн тәртібінде тұрғанын жеткізді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес таза көмір технологияларын қолданатын жаңа жобалар қарастырылып жатыр. Екібастұздағы үшінші мемлекеттік аймақтық электр стансасын салуға инвесторды анықтауға тендер өткізілді. Курчатов қаласында жылу электр стансасын тұрғызу жобасы да-йындалды. «Самұ­рық-Энерго» компаниясымен бірге, Көкшетау, Семей, Өскемен қа­ла­ларында жаңа жылу электр орталықтары бой көте­ре­ді. Бұл нысандарда түтін газ­да­рын тазартудың озық жүйе­лері мен ауыр металдарды ұстау технологиялары қолданылады.

Энергетика саласының жаңа кезеңі цифрландыру­мен тығыз байланысты. Премьер-ми­нистрдің орынбаса­ры – Жасан­ды интеллект және цифр­лық даму министрі Жас­лан Мәдиев энергия өндіру мен тарату тиімділігін арттыруға кең ауқымды цифрлық транс­формация жүргізіліп жат­қа­нын айтты. Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен энергетика саласының цифр­лық картасы бекітілген. Құ­жат Smart Grid жүйелерін енгізу, цифрлық егіздер қалыптастыру, мониторинг платформаларын іске қосу тәртібін айқындайды. Салада көрсетілетін мемлекеттік қыз­меттердің басым бөлігі электронды форматқа көшкен. 2027 жылға қарай энергетика­лық нысандардың жартысы цифр­лық мониторингпен қамтылады.

Жаңа технологиялар өнді­рістік үдерістерді түбегейлі өзгертеді, дейді сарапшылар. Қазірдің өзінде электр желі­лерін тексеру жұмыста­ры дрондардың көмегімен жүр­гізіліп жатыр. Жоғары дең­гейлі камералар мен жылу түсіргіштер сымдардың қы­зуын, оқшаулау жағдайын, тірек­тердің зақымын алдын ала анықтайды. Жиналған деректер жасанды интеллект жүйесі арқылы талданады. Дефектоскопия бағдарламасы ақауларды 98 пайыз дәлдікпен таниды. Геоақпараттық жүйе энергетикалық желі­нің цифр­­­лық моделін қалып­тас­тыра­ды. Энергетик-маман­дардың пікірінше, мұндай тәсіл өн­дірістегі тәуекелді азай­тып, апат ықтималдығын төмен­детеді.

Жылу энергетикасында да жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Құбыр желілерін тек­серетін роботтандырылған кешен де іске қосылған. Робот құбыр ішін аралап, желінің үш өлшемді моделін жасай алады. Осындай зерттеу энергетикалық желілердің осал тұстарын ерте анықтап, жөндеу жоспарын дәл құруға мүмкіндік береді. 

Astana Hub алаңында энер­­гетика бағытындағы стар­­таптар да дамып келе­ді. Олар мониторинг, басқа­ру, де­ректерді талдау қызмет­те­рін ұсынады. Өткен жылы осы компаниялардың жиын­тық табысы 1,8 млрд теңге­ге жетті. Құрылған жұмыс орын­дарының саны 400-ден асады. Соның бірі – «FACEPLATE» компаниясы. Оның интеллектуалды платформасы деректерді нақ­ты уақыт режімінде талдап, кәсіпорындардың опера­ция­лық шығындарын азайтуға мүмкіндік берді. Платформа пайдаланушыларға 1,3 млн доллар үнемдеуге жағдай жа­­саған. KEGOC тобына эконо­­микалық тиімділік 1,6 млн долларға жетті. «ESEP» ком­па­ниясының шешімдері комму­налдық ресурстарды тұтынуды оңтайландыруға көмектеседі. Мұндай жүйе енгізілген орындарда тұтыну көлемі шамамен 12 пайызға азайған.

Премьер-министр Олжас Бектенов «Жасампаздыққа же­телеген жеті жыл» атты мақа­ласында энергети­ка мен коммуналдық шаруа­шы­лықты жаңғырту мемле­кеттік саясат­тың басты бағыт­тарының бірі екенін жазды. Үкімет бас­шы­сы Пре­зиденттің бұл сала­ны ұлттық қауіпсіздік деңгейін­дегі мәсе­ле деп қарайтынын еске сал­ды. Оның пайымын­ша, энер­гетикалық инфрақұры­лымды жаңарту бұрынғыдай уақытша жөндеумен шектелмей, жүйелі реформалар арқылы жүзеге асып келеді.

Қарағанды, Өскемен, Жез­қазған, Екібастұз, Балқаш қала­ларында жылу электр орта­лықтары жаңартылып жатыр. Алматы, Теміртау, Риддерде де жылу қуаты жаң­­ғыртылу жо­лында. Ақ­тау, Атырау, Орал, Тараз, Екібастұздағы станса­лардың қуаты кеңейтіліп отыр. Ақ­төбе, Көкшетау, Семей, Қызылорда, Түркістан тәрізді қалаларда жаңа генерация көз­дері салынып жатыр. Кейінгі екі жылда жылу маусымы ірі апатсыз өтті.

Елдің энергетикалық қауіп­сіздігін күшейтуге ба­ғытталған қадамдар нәти­жесін бере бас­тады. 2025 жылдың қоры­тындысында электр энергиясын өндіру көлемі 123,1 млрд кВт/сағ деңгейіне жетті. Бұл жоспарланған межеден 4,4 пайызға жоғары. 2019 жылы генерация 106 млрд кВт/сағ болған еді. Осы аралықта өнді­ріс шама­мен 16 пайызға ұлғайды. Текелі энергия кешені мен Топар ГРЭС іске қосылып, жүйеге қосымша 166 МВт қуат берілді. Биыл өндіріс көлемін 126,5 млрд кВт/сағ-қа дейін жеткізу жоспарланған. Қызылордадағы 240 МВт және Түркістандағы 1000 МВт бу-газ қондырғыларын іске қосу, Алматыдағы 2-ЖЭО мен 3-ЖЭО-ны жаңғырту, Атырау мен Текелідегі қуаттарды кеңей­ту жұмыстары – осы мақ­сат­қа жетудің басты алғы­шарттары. Үкімет болжамынша, 2027 жылдың алғашқы тоқ­санына қарай ел электр тап­шы­лығынан толық арылады.

Энергетикалық теңгерімді ұзақмерзімді негізде қалып­тас­тыруға атом энергетикасын дамыту мәселесі де күн тәртібінде тұр. Премьер-министр бұл бастама электр энер­гиясына сұраныс артқан кезеңде тұ­рақты генерация көзін қалып­тастыруға жол ашатынын айтты. Атом электр стансасының құрылысы көміртегі шыға­рындыларын азайтып, өндірісті әртарап­тандыруға мүмкіндік туды­рады. Мұндай жоба техно­логиялық жаңғыруға серпін беріп, инженерлік кадр даяр­лауға жаңа талап қояды.

Соңғы жаңалықтар