• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Наурыз, 2015

Шетелдегіден еш кем емес

190 рет
көрсетілді

Облыс кәсіпкерлерінің форумында 10 меморандум мен келісімге қол қойылды

Елбасы отандық өнімге басымдық беру, қазақстандық үлесті арттыру жайына үнемі көңіл бөліп келеді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде «Қазақстанда жасалған!» акциясы басталатынын мәлімдеп, барша азаматтарды осы күрделі жағдайда патриот болып, отандық өнімдерді сатып алуға шақырды. Президенттің бас­тамасы Қызылжар өңірінде де қызу қолдау тауып, жер-жерлерде өткізілген шаралар барысында қазақстандық азық-түлік тағамдары мен тауарларға үлкен сұраныстың бары аңғарылды. Игі іс «Северный» гипермаркетінде бастау алып, облыста шығарылатын өнімдердің молдығымен, бағалардың қол­жетімділігімен ерекшеленді. – «Фрегат», «Леонтьев», «СБИ-Агро», «Шаров», «Казмяс­о­продукт», «Молпродукт», «Масло­дел» секілді сыртқы нарыққа да сапалы өнімдер жөнелтіп жүрген тауар өндірушілеріміз жұртшылыққа әркез сапалы ет, сүт өнімдерін ұсынады,– дейді сатушы Оксана Леднева. Өзімізде шығарылатын өнім­дердің өтімді екенін «Солтүстік» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорация­сы ұйымдастырған коммуналдық азық-түлік тауарлары жәрмеңкесі де анық байқатты. Тұтынушылардан «ресейлік шұжықтардың қоспа­сы көп болатындықтан, бірінші кезекте өз өнімдерімізді таңдаймыз. Қостанайдың «Баян Сұлу» кәмпиттері тәттілігімен тіл үйіреді. Балық та, жұмыртқа да, бал да, ұн да, жарма да өзіміздікі және анағұрлым сапалы», деген жылы сөздерді жиі естідік. Елбасының Қазақстанда жасалған өнімдерге деген сұранысты арттыру жөніндегі бастамасына орай аймақ басшысы Ерік Сұлтанов өңір тұрғын­дарын отандық өніммен қамтамасыз ету барысын байқау мақсатымен ірі сауда орындарын аралап, сұраныстың зор екеніне көз жеткізді. Ал, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің мәжіліс залында өткен облыс кәсіпкерлерінің «Қазақстанда жасалған!» аймақ­тық форумына «NADLoC» агент­тігінің, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, компаниялардың, холдингтердің, ведомстволардың, даму институттарының өкілдері, кәсіпорындардың басшылары мен жеке кәсіпкерлер қатысты. Ерік Хамзаұлы жиналғандарға арнаған құттықтауында Мемлекет басшысы отандық тауар өндірісін дамыту міндетін қойғанын, баршамыз үшін қазақстандық үлесті арттыру маңызды мәселе болып табылатынын атап көрсетті. Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов өңірде қазақстандық мазмұнды қамтамасыз ету және кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайы­нда баяндады. Бүгінде сауда желілерінде отандық тауарлар секциясы жұмыс істейді. Өңірде өндірілетін тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің саны мен сапасын арттыруға бағытталған жүйелі шаралар кеңінен ұйымдастырылып келеді. Нәтижесінде қолдау тапқан жобалар саны 13,2 миллиард теңгені құраған. 5 зауытқа 22 миллиард теңгенің тапсырысы орналастырылған. 10 кәсіпорын ұзақ мерзімді келісім жасасқан. Бұдан тысқары шағын және орта бизнесті қолдау мақсатымен жеке іс-шаралар жоспары қабылданып, 10 миллиард теңге қарастырылған. Қайта жаңғыру жүргізілгеннен кейін «Молпродукт» ЖШС өз өнімдерін экспорттай бастады. «Сұлтан» АҚ 4 елдің нарығымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Үкімет тапсырмасы бойынша қытайлық компаниялармен 6 жаңа өндіріс орны құрылады. Қазақстандық мазмұнды қамтамасыз етуге тау-кен орнын пайдаланушылар да жұмылдырылады. Оған «Әулие голд майнинг» бірлескен компаниясын мысалға келтіруге болады. Бір жылдан артық тоқтап тұрған 9 өндіріс орны қалпына келтірілген. Биыл тағы 13-і іске қосылады. Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығына 23 миллиард теңгенің 26 жобасы енгізілген. Құрылыс, энергетика, ТКШ, көлік және автожолдар саласында 107 нысанның жұмысы жаңғыртылады. Атқарылған пәрменді жұмыстардың арқасында өткен жылға қарағанда қазақстандық мазмұнның үлесі 34 пайыздан 89 пайызға дейін ұлғайған. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 200 жоба пайдалануға берілген. Соңғы екі айда кәсіпорындар 23 миллиард теңгенің өнімдерін шығарған. 25 мыңға жуық кәсіп­керлік субъектілеріне 110 мың адам тартылған. «НАРМС «NADLoC» АҚ басқар­масы төрағасының орынбасары Гүлмира Уахитова жергілікті тау­ар өндірушілерді қолдау шаралары туралы ойларымен бөлісті. «ҚТЖ»ҰК» АҚ-тың бірінші вице-президенті Бауыржан Орынбасаров облыс кәсіпорындарымен 7 миллиард теңгенің тапсырысына келісім жасалғанын, екінші жартыжылдықта 11 милллиард теңгеге жеткізу көзделіп отырғанын жеткізді. Пленарлық отырыстан кейін өзара ынтымақтастық туралы 10 келісім мен меморандумға қол қойылды. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы. Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.