Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханның 160 жылдығына орай Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі Қазақстан павильонына ұлт қайраткерінің бюсті орнатылды.
Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев Әлихан Бөкейханның Бірінші Мемлекеттік дума депутаты болғанын алға тартып, Алаш қайраткерінің бюсті Ресей мен Қазақстан халықтарының ортақ тарихына қосқан үлесіне құрмет ретінде қойылғанын айтты. Сонымен қатар елші Әлиханның мұрасы бүгінде екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік қағидаттарында көрініс тауып жатқанын да тілге тиек етті. Сондай-ақ қайраткердің бюстін орнатуға бастамашы кәсіпкер Жанболат Надыровқа алғысын жеткізді.
Өз кезегінде Жанболат Надыров Әлиханның өмірі мен қызметін әрдайым үлгі тұтатынын айта келіп, Алаш көшбасшысына ескерткіш орнатудың маңызды екеніне тоқталды. Оның айтуынша, енді Мәскеуге келген меймандар Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі Қазақстан павильонына барып, Әлиханның бюстін көре алады. Ал аталған павильонның басшысы Тамара Бабакова көрмеге келушілердің көп екенін атап өтіп, бюсті көруге келетіндер қатары арта түсетінін жеткізді.
Сонымен қатар бюстің ашылуына Әлиханның немере інісі, профессор Нұрым Бөкейханов та қатысты. Ол атасының ел үшін орасан зор еңбек сіңіргенін айта келіп: «Әлиханның бастамасымен Абайдың өлеңдері жинақталды. Ол тұңғыш абайтанушы болды, көрнекті ақын әрі философтың мұрасын халыққа жеткізді», деді.
Әлихан бюстінің Мәскеуде ашылуының мәні бар. Себебі Әлихан 1922–1937 жылдар аралығында 15 жылдай Мәскеуде тұрды. Сол аралықта «Күншығыс» баспасының қазақ басқармасында әдеби қызметкер болып жұмыс істеді. 1937 жылы нақақ ату жазасына кесіліп, өртелген сүйегі Мәскеудегі Дон зираты аумағындағы шұқырға тасталды. Бұл – күрделі кезеңнің үлкен трагедиясы еді. Бір айта кетер факт: осыған дейін Әлекеңе ескерткіш Санкт-Петербордағы Мемлекеттік Дума ғимараты – Таврия сарайына орнатылғаны мәлім.