Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданында демографияны қолдайтын ерекше сыйлық пайда болды. Қашанда жақсы жаңалыққа жаршы облыстағы ең ірі ауданда 47 елді мекен, 16 округ орталығы бар.
Мұндағы 31 елді мекенде «ауылнай» деген қоғамдық лауазым белгіленген. Ауылнайлар – сол ауылдың бас көтерген азаматы, ел ағалары, жалақы алмаса да туған жерінің мүддесі жолында күн-түн демей, қайрат көрсетіп жүргендер. Көктерек ауылдық округіне қарасты Сатыбалды ауылының ауылнайы Руслан Сарбаев – «Райымбек» шаруа қожалығының жетекшісі. Руслан Самиғоллаұлы биыл өз ауылында дүниеге келген әр балаға 200 мың теңге қаржылай сыйақы табыстайтынын мәлімдеген еді. Жақында сыйлықтың алғашқы лауреаттары белгілі болды.
Шағын ғана Сатыбалды ауылында небәрі 253 адам тұрады. Жыл басынан бері мұнда 4 бала дүние есігін ашқан екен. Көктем мерекесіне орай өткен салтанатты жиында жас босанған Нұрлы Қайырғалиқызы, Гүлдана Әділбекқызы, Аяжан Русланқызы, Әсел Бейбітқызы ауылнайдың арнайы сыйлығына ие болды.
– Ауылнайлар жергілікті әкімдікпен, депутаттармен, қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, ауыл тұрғындарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Қызметі ауылдық жердің өркендеуіне, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Халқымыз ананы әрдайым ерекше құрметтеген. Бүгінгі шара да ардақты аналарға, жас отбасыға деген шынайы құрмет пен жанашырлықтың жарқын көрінісі. Сатыбалды ауылының ауылнайы, ел жанашыры Руслан Самиғоллаұлы Сарбаев өз бастамасымен 2026 жылы дүниеге сәбиі келген 4 отбасыға 200 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіп отыр. Бұл өмірге жаңа келген сәбиге деген ақ тілектің, анаға деген құрметтің, ауыл болашағына деген сенімнің белгісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Табысқа жеткен әрбір кәсіпкер өз ауыл-аймағының өркендеуіне үлес қосып, қаржы салса, еліміздегі көптеген елді мекен көркейе түсері анық», деп атап өткен болатын. Бүгінгі игі іс осы сөздің өміршеңдігін дәлелдейтін нақты қадам, – деді Қазталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов.
Дәрігерлердің мәліметінше, биыл Сатыбалды ауылында тағы 10 отбасы сәбилі болады екен. Демек ауылнайдың сыйлығы демографияға оң әсер етіп жатқан сияқты. Нәресте күткен жас отбасының бюджетіне мемлекет қолдауынан бөлек, ауылдас кәсіпкер тағайындаған жөргекпұл да қосылатыны әлбетте, жақсы жаңалық.
– Ауылымыздың жанашыры Руслан ағамыздың бастамасы жас отбасыларға үлкен демеу болды. «Берсең балаға бер», дейді халқымыз. Біз мұны баламыздың несібесі деп білеміз. Ел ағаларына мың да бір рахмет, – дейді жас ана Нұрлы Қайырғалиқызы.
Айта кетейік, Сатыбалды елді мекеніне «Қаладан – ауылға» бағдарламасы аясында соңғы екі жылда екі отбасы көшіп келген еді. Бұйырса, биыл тағы бір отбасы қоныс аудармақшы.