Астанада өткен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы еліміздің дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын және жүргізіліп жатқан реформалардың тарихи маңызын тағы бір мәрте айқындап берді. Мұндай кездесу өңірлік саясаттың тиімділігін бағалау және ортақ міндеттерді бірлесіп талқылау тұрғысынан да айрықша мәнге ие.
Іргелі жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің саяси жаңғыру, экономикалық өсу және жаһандық өзгерістер жағдайындағы стратегиялық бағдарының негізгі басымдықтарына тоқталды. Мемлекет басшысы кейінгі жылдарда мәслихаттардың рөлі мен жауапкершілігі арта түскенін айтып, бұл үрдіс, ең алдымен, аймақтардың экономикалық әлеуетін күшейтуге, жергілікті басқару жүйесін жетілдіруге және халықтың күнделікті өмірін жақсартуға ықпал ететінін атап өтті.
Мемлекет басшысы өңірлердің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше тоқталды. Бұл ретте аймақтар бюджетін мұқият жоспарлап, табысын арттыруға баса мән беруге тиіс. Осы орайда биылдан бастап ауылдық округтердің қосымша табыс көздеріне ие болуы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтуға бағытталған маңызды қадам екені сөзсіз.
Өңірлерде бюджетті жоспарлау мен орындау жұмысының сапасын арттыру да аса өзекті міндеттердің бірі болып қала береді. Осыған байланысты форумда әкімдіктер жанындағы бюджеттік комиссиялардың құрамына білімді, беделді мәслихат депутаттарын тарту жөнінде ұсыныс айтылды. Бұл жергілікті қаржы саясатының тиімділігін күшейтуге бағытталған бастама деуге толық негіз бар.
Жалпы, Президент атап өткендей, жергілікті табысты көбейту үшін мәслихаттардың өкілеттігін одан әрі кеңейтіп, нақтылай түсу аса маңызды. Сондай-ақ жиында олардың ішкі жұмыс тәртібін ретке келтіріп, қайта қарау қажеттігі де айтылды. Мәслихат төрағаларын ротация тәртібімен ауыстыру қағидатын енгізу туралы ұсыныс жергілікті өкілді органдардың жұмысын жаңғыртуға, тиімділігін арттыруға және басқару мәдениетін жетілдіруге тың серпін берері анық.
Форумда Мемлекет басшысы халықпен ашық диалог орнатудың маңызын да атап өтті. Шын мәнінде, барлық деңгейдегі билік өкілдері қоғаммен тікелей байланыс орнатып, азаматтардың мәселесіне жедел жауап беруге тиіс. Осы тұрғыда мәслихат депутаттары халық пен билік арасындағы сенімді көпір қызметін атқара алады. Олар тұрғындарды алаңдатқан нақты проблемаларды көтеріп, мәселелердің оң шешілуіне ықпал ететін негізгі қоғамдық институттардың бірі болуы керек.
Іс-шарада цифрландыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бүгінде жаппай цифрлық мемлекет қалыптастыру еліміздің алдында тұрған стратегиялық мақсаттардың бірі екені белгілі. Мәслихаттар да бұл үдерістен шет қалмауы қажет. Сондықтан депутаттардың кәсіби біліктілігін арттырумен қатар, олардың цифрлық құзыреттерін кеңейту де – қазіргі заман талап етіп отырған маңызды міндет.
Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасына тоқтала отырып, еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды өзгерістерді атап өтті. Референдумға шығарылған Ата заңға сәйкес жаңа бір палаталы Құрылтайдың депутаттары пропорционалды өкілдік жүйе негізінде сайланады. Бұл саяси партиялардың рөлін күшейтіп, заң шығару жұмысының сапасын арттыруға ықпал етері сөзсіз.
Сонымен қатар аймақтарда мажоритарлық, яғни бір мандатты жүйенің сақталуы жергілікті деңгейдегі демократиялық өкілдікті нығайтуға мүмкіндік береді. Азаматтар референдумда Конституция жобасын қолдаған жағдайда еліміздің саяси құрылымы түбегейлі жаңарып, тиімді әрі теңгерімді басқару жүйесі қалыптасады. Бұл ретте мәслихаттар Құрылтайға білікті кадрлар даярлайтын институт қызметін де атқарады.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі қазіргі геосаяси ахуалдың салдарына да назар аударды. Таяу Шығыстағы шиеленіс жаһандық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіріп, әлем экономикасына кері әсерін тигізіп отырғаны анық. Әлемдік қоғамдастықта дүниежүзілік соғыс қаупі туралы пікірлер айтылып жатқаны да жасырын емес. Осындай жағдайда жауапты саясат ерекше маңызға ие. Сондықтан қазіргідей күрделі кезеңде азаматтарымыз сабыр сақтап, ішкі және сыртқы арандатуларға бой алдырмауы керек. Егер әлем өзгеріп жатса, біз де соған бейімделіп, жақсы тәжірибелерді қабылдап, теріс құбылыстардан сабақ алуымыз қажет.
Президент атап өткендей, бұл ретте заң мен тәртіп қағидатын ұстану аса маңызды. Өйткені мемлекеттің тағдыры, оның болашағы, ең алдымен, азаматтардың жауапкершілігі мен бірлігіне байланысты. Сол себепті ұлттың ынтымағы мен тұрақтылық еліміз үшін басты құндылықтар болып қала береді.
Жалпы, бірлік пен берекенің арқасында кейінгі жылдарда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Мемлекет басшысы форумда еліміздің экономикалық көрсеткіштері туралы айтып, былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 306 миллиард долларға жеткенін атап өтті. Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында екінші орын. Биыл Қазақстан әлемдегі экономикасы аса ірі 50 елдің қатарына қосылды.
Сондай-ақ еліміз шетелдік инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. Қазақстан экономикасына тартылған таза инвестиция көлемі 150 миллиард доллардан асып, өңірдегі барлық тікелей шетел инвестициясының 69 пайызын құрап отыр. Еліміздің алтын-валюта қоры айтарлықтай ұлғайды. Бұл жетістіктер ұлттық экономиканың тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жаңа индустриялық, энергетикалық және инфрақұрылымдық негізін қалыптастыру жұмыстары басталғанын да атап өтті. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі болып қала береді. Былтыр ауыл шаруашылығы саласына бұрын-соңды болмаған көлемде қолдау көрсетіліп, шаруаларға жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл шаралар Қазақстанның заманауи технологияларға негізделген аграрлық-индустриялық экономика құруға бағытталғанына айқын дәлел.
Мемлекет ел өміріне қажетті инфрақұрылымды жаңғыртуға да айрықша назар аударып отыр. Коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымды кең ауқымда модернизациялау, көлік-транзит жүйесін дамыту, сапалы жол салу – халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және бизнестің дамуына серпін беретін маңызды бағыттар.
Тұрғын үй құрылысы да тұрақты түрде дамып келеді. Кейінгі жылдары мыңдаған мектеп, медицина, мәдениет және спорт нысандары салынып, күрделі жөндеуден өтті.
Мемлекет басшысы айтқандай, еліміздің ең басты байлығы – адам. Сондықтан адам капиталын дамытуға бағытталған инвестиция көлемі жыл сайын шамамен бір триллион теңгеге өсіп келеді.
Қазақстан электрондық үкімет пен қаржылық технологияларды дамыту бойынша да әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің бірі саналады. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу бағытындағы жұмыстар жалғаса береді. Нәтижесінде, Қазақстан адам капиталын дамыту индексі бойынша әлемдегі 160-тан астам елдің ішінде 42-орынға көтерілді.
Мемлекет басшысы еліміздің халықаралық аренадағы жауапкершілігі мен азаматтарымызға деген қамқорлыққа да тоқталды. Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты кейінгі апталарда 9 мыңға жуық отандасымыз қауіпті аймақтардан аман-есен елге оралды. Осылайша, Қазақстан қандай жағдай болса да өз азаматтарын ешқашан қиын жағдайда қалдырмайтынын тағы бір дәлелдеді.
Президент жаңа Конституция жобасының мазмұнына кеңірек мән беріп, аталған құжат халықтық сипатқа ие екенін айтты. Шын мәнінде, жаңа Ата заңды еліміздің алдағы ондаған жылда тұрақты дамуының саяси тұғыры деуге толық негіз бар. Референдумға шығарылған жоба қоғамда жарты жылдан астам уақыт бойы талқыланып, соның аясында кәсіби мамандардан құралған арнайы комиссия жан-жақты жұмыс жүргізді. Сондықтан жаңа Конституция жобасын халық Конституциясы деп атауға әбден болады.
Жаңа Ата заңда «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидат айқын көрініс тапқан. Құжатта 30 баптан тұратын ең үлкен бөлімнің адам құқығы мен бостандығын қорғауға арналуы да – осы ұстанымның жарқын көрінісі. Сондай-ақ білім мен ғылымды дамыту, инновацияларды қолдау және зияткерлік меншікті қорғау алғаш рет конституциялық норма арқылы бекітіліп отыр. Тәуелсіздік, егемендік және аумақтық тұтастық та жаңа Ата заңның маңызды қағидаттары ретінде айқындалған.
Жалпы, Мемлекет басшысының форумдағы сөзі Қазақстанның дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айқын көрсетеді. Енді еліміздің алдында тұрған басты міндет – ұлттың бірлігін сақтай отырып, саяси реформаларды табысты жүзеге асыру, экономиканы нығайту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру.
Осы ретте қазіргі сын-қатерлерге жасампаздықпен жауап беріп, көздеген мақсаттарымызға қол жеткізу үшін әр отандасымыздың азаматтық белсенділігі айрықша маңызға ие. Ұлт мүддесі үшін жұдырықтай жұмыла білсек қана Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз және Таза Қазақстан қалыптастырамыз. Бұл жолда халық Конституциясы – жаңа Ата заң тәуелсіз еліміздің ұзақмерзімді дамуына берік негіз болатын тарихи құжатқа айналады деп сенеміз.
Мәулен ӘШІМБАЕВ,
Сенат төрағасы