Қазақстан теннисшісі Елена Рыбакина АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтіп жатқан беделді турнирде жартылай финалға шығып, мансабында алғаш рет әлемнің екінші ракеткасы атануға бір табан жақындады, деп жазады Egemen.kz.
WTA рейтингінің жаңартылып жатқан деректеріне сәйкес, қазақстандық спортшы ұпай саны бойынша Польша теннисшісі Ига Швёнтекті басып озды. Польша өкілі Индиан-Уэллс турнирінің ширек финалында жарыс жолынан шығып қалған.
Жартылай финалда Рыбакина финал жолдамасы үшін украиналық теннисші Элина Свитолинамен кездеседі. Егер бұл матчта жеңіске жетсе, отандасымыз WTA рейтингіндегі Швёнтектен ұпай айырмасын одан әрі ұлғайтуы мүмкін.
Айта кетейік, ширек финалдық кездесуде Елена Рыбакина америкалық теннисші Джессика Пегуланы екі сетте – 6:1, 7:6 (7:4) есебімен жеңді.
Қазақстан теннис федерациясының хабарлауынша, биылғы маусымдағы Елена Рыбакинаның басты мақсаты – әлемнің бірінші ракеткасы атағы үшін күресу. Осы стратегиялық мақсатқа басымдық берілгендіктен, теннисші алдағы Billie Jean King Cup турнирінің іріктеу кезеңіне Қазақстан әйелдер құрамасының ресми тізіміне енгізілмеген.
Федерация өкілдерінің айтуынша, теннисшінің WTA рейтингінде көш бастау мүмкіндігі ел спорты үшін тарихи жетістік болмақ. Сондықтан барлық күш осы мақсатқа жетуге бағытталып отыр.
Елена Рыбакинаның 20 жетістігі
Айта кетейік, қазір әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесін рейтингтік ұпай бойынша айқын басымдықпен Беларусь теннисшісі Арина Соболенко сақтап тұр.
Индиан-Уэллс турнирі Қазақстанның тағы бір өкілі үшін де сәтті өтіп жатыр. Жұптық сында отандасымыз Анна Данилина сербиялық теннисші Александра Круничпен бірге беделді турнирдің финалына жолдама алды.