Иран Ормұз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта жандандыруға дайын екенін мәлімдеді. Алайда Тегеран бұл үшін бірқатар саяси және экономикалық талаптардың орындалуын шарт ретінде алға тартып отыр. Бұл туралы ирандық Tasnim агенттігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Хабарламада: «Ормұз бұғазының жұмысын қайта жандандыру санкцияларды кепілді түрде алып тастау, америкалық базаларды жабу, бұғатталған ирандық активтерді қайтару және доллардан өзге валюталарда сауданы дамыту сияқты алдын ала шарттарға байланысты», делінген.
Иран Ормұз бұғазына миналар орната бастады
Бұған дейін Тегеран АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясына қатыспаған елдердің кейбір кемелеріне бұғаз арқылы өтуге рұқсат бергенін мәлімдеген еді. Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Исмаил Багаи бұғаз толық жабылмағанын, алайда кеме қатынасы белгілі бір шарттармен жүзеге асып жатқанын атап өтті. Дегенмен ол бұл талаптардың мазмұнын нақтыламады.
Сонымен қатар жоғары лауазымды ирандық шенеунік CNN телеарнасына берген сұхбатында Тегеран мұнай тасымалдаушы танкерлердің бұғаз арқылы шектеулі өту мүмкіндігін қарастырып отырғанын айтты. Оның сөзінше, мұндай жағдайда жүк қытай юанімен саудалануы тиіс. Ал Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы АҚШ пен Израиль елшілерін шығару талаптарының да қойылғанын бұрын мәлімдеген.
Aramco басшысы Ормұз бұғазының бұғатталуы салдарынан әлемдік нарықта апат болуы мүмкін екенін ескертті
Ормұз бұғазы арқылы әлемдік мұнайдың шамамен 20 пайызы және сұйытылған табиғи газ жеткізілімінің 30 пайызы өтеді. Сондықтан ол жаһандық энергетиканың негізгі күретамыры саналады.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы басталғаннан кейін Тегеран бұғаздағы кеме қозғалысын іс жүзінде шектеді. Соның салдарынан әлемдік нарықта энергия тасымалдаушылардың бағасы күрт өсті. Парсы шығанағынан шығатын отын тасымалы қиындап, бірқатар мұнай компаниясы форс-мажор жариялауға мәжбүр болды.
Ормұз бұғазының бұғатталуы әлемде қандай тәуекелдер тудырады?