Атырау облысының Жангелдин ауылында бір отбасының қатыгездікпен өлтірілуіне байланысты іс бойынша күдіктіге тағылған айыптар тізімі кеңейтілді, деп хабарлайды Egemen.kz
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдікті Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр:
99-баптың 2-бөлігі – «Екі немесе одан да көп адамды өлтіру»;
188-баптың 2-бөлігі – «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлық».
«Атырау облысы полиция департаменті адам өлтіру және олардың мүлкін ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Күдікті ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды», деп хабарлады ІІМ.
Ведомство өкілдері сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеді. Алайда ресми жауапта күдіктінің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның әрекетіне құқықтық баға берілетіні туралы нақты айтылмаған.
Еске сала кетейік, Атырау облысында Жангелдин ауылында тұратын отбасының өлімі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. 2025 жылдың желтоқсан айының соңында жоғалып кеткен зейнеткерлердің туыстары зейнеткер ерлі-зайыпты мен олардың ересек балалары жоғалып кеткенін хабарлаған.
Ол кезде отбасы белгісіз бағытта үйден шығып кеткені айтылып, содан бері олардың қайда екені белгісіз болған. Іздеуде төрт адам болды:
66 жастағы Мақсот Қарабалин;
64 жастағы Насип Өтешқалиева;
35 жастағы қызы Мирамгүл Қарабалина;
32 жастағы ұлы Наурыз Мұқанғалиев.
Кейін, 6 қаңтарда Жангелдин ауылында зейнеткер ерлі-зайыптылардың мәйіттері табылды. Құқық қорғау органдары олардың денелері үй ауласындағы шаруашылық құрылыстың астынан табылғанын хабарлады.
8 қаңтарда полиция іс бойынша негізгі күдіктіні жариялады. Ол – отбасының 29 жастағы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев. Белгілі болғандай, ол отбасының кенже қызы Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге елден қашып кеткен.
Күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды.
24 ақпанда Сәрсемалиев пен Мұқанғалиева Индонезияның Сенару ауылындағы қонақүйде ұсталды.
25 ақпанда Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақбаян Мұқанғалиева да осы іс бойынша күдікті ретінде танылғанын мәлімдеді.
9 наурыз кешке күдікті ерлі-зайыптылар Алматыға экстрадицияланғаны белгілі болды. Сол жерде Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиев пен Мирамгүл Қарабалинаны өлтіргенін мойындап, олардың жерленген орнын көрсеткен.
Ағайындының мәйіттері Атырау қаласының Геолог шағынауданынан табылды. Олар күдікті бұрын жалға алған үйдің ауласынан шыққан.
11 наурызда Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында ағалы-қарындастың жерлеу рәсімі өтті.
Қазақстанға қайтарылғаннан кейін Ақбаян Мұқанғалиева сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін Атыраудағы психиатриялық мекемеге жіберілді. Бұл туралы марқұмдардың туыстары хабарлады.
Кейін ІІМ оның қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр және іс ерекше бақылауға алынған.
Атыраудағы отбасының қазасы: Қылмысқа тұрмыстық жанжал себеп болуы мүмкін