• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ата заң Бүгін, 08:02

Жаңа Конституция – елдіктің тірегі, егемендіктің тұғыры

30 рет
көрсетілді

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиынға қатысты.

 15 наурыз – Конституция күні

Ақордада өткен іс-шараға Премьер-министр Олжас Бектенов, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері, облыс, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, сондай-ақ Конституциялық комиссия мен Жалпыұлттық коалиция мүшелері қатысты.

Құрмет қарауылы Қазақстан Рес­публикасының жаңа Конституциясын салтанатты түрде ортаға алып шыққан соң, еліміздің Әнұраны орындалды.

Орталық референдум комиссия­сының төрағасы Нұрлан Әбдіров жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумның қорытындысын жариялады.

Содан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан Республикасының Консти­ту­циясына және «2026 жылғы 15 наурызда қабыл­данған Қазақстан Респуб­лика­сының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

Салтанатты рәсімнен кейін Президент сөз сөйледі.

– Бүгін баршаңыз тарихымыздағы аса маңызды, мән-мағынасы айрықша, ел өмірінде өшпес із қалдыратын оқиғаның куәсі болдыңыздар. Мен Мемлекет басшысы ретінде бүкіл халық атынан Ата заңымызға қол қойдым. Сонымен қатар Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Енді Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді. Ал Консти­ту­ция күнін мемлекеттік мереке ретінде ұлт­тық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтетін болдық. Еліміздің барша хал­қы­на Ата заңымыз құтты болсын дегім келеді! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ақылға бірліктің айқын көрінісі

Мемлекет басшысы Конституция – мемлекетіміздің ұзақмер­зімді мақсат-мұратын айқындайтын, ұлтымыздың келешек тағдырына тікелей әсер ететін тарихи құжат екенін атап айтты. Бұл – шын мәнінде Халық Конституциясы. Оның жобасы шамамен екі жыл бұрын пысықтала бастады. Кейін мұқият талқыланып, зерделеніп жазылды. Конституциямыз – табанды ұжымдық еңбектің нәтижесі.

– Біз бүгін бір ел болып ұлт жылнама­сының жаңа межесіне өттік, түбегейлі өзгерістердің сапасы және мазмұны ерекше бірегей кезеңіне аяқ бастық. Кеше ғана елімізде жалпыхалықтық референдум ойдағыдай өтті. Оған жұртшылық жаппай белсене қатысты. Азаматтарымыз өз таңдауын жасады, халқымыз бір кісідей жаңару мен жаңғыру жолын жақтап дауыс берді. Халқымыз Отанымыздың болашағы үшін өте жауапты сәтте жұмыла еңбек етті, ортақ іске орасан зор үлес қосты. Ұлы Абайдың «Бірлік – ақылға бірлік» деген өсиет сөзі осындай кезде айтылған болса керек. Бұл референдум берекелі бірлік пен ырысты ынтымағымыздың тағы бір өнегелі көрінісі және нышаны болды. Біз халқымызға тән нағыз отаншылдық рухын сезіндік, олардың риясыз қолдауына куә болдық. Мемлекет тағдырына бейжай қарамай, дауыс беру науқанына атсалысқан барша азаматқа зор алғыс айтамын! Ұлт мүддесін терең түсініп, Ата заңды қолдап, дауыс беруді тарихи миссия санаған жұртшылыққа шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл орайда Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда облыстарының және басқа да аймақтардың Ата заңды мақұлдап, дауыс берген тұрғындарына алғысымды айтқым келеді, – деді Президент.

Осы тұста Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жастарының ерекше белсенді болғанын атап өтті.

– Олар заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев айтып кеткен «ұлттық жауапкершіліктің» озық үлгісін көрсетті. Мұны заңды құбылыс деп айтуға толық негіз бар. Өйткені жаңа Конституция, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданып отыр. Бұған дейін де айттым, қазір де қайталаймын: еліміздің болашағы – жастарымыздың қолында! Мемлекет басшысы ретінде мен сіздерге сенемін, зор үміт артамын! Жастарымыздың қарым-қабілеті айрықша, талант-дарыны мол, әлеуеті зор, күш-жігері мықты! Қазақстанды әлемдегі ең озық, дамыған елдердің қатарына қосатын да – сіздер! Бұған еш күмәнім жоқ. Бүгін төрге озып, тұғырына қонған жаңа Халық Конституциясы сіздерге бағдар беретін темірқазық болады. Себебі бұл – келер ұрпақпен бірге жасай беретін қасиетті құжат, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент Конститу­циялық реформа жөніндегі комиссия­ның нәтижелі еңбегіне айрықша тоқта­лып, Комиссия мүшелері өте ауқым­ды, тиімді жұмыс атқарғанын, мемлекет пен қоғамның өзара сенімі және серіктестігі аса маңызды екенін айқын көрсеткенін атап өтті. Бұған қоса ол Жалпыұлттық коа­лиция мүшелерінің де қажырлы қызмет еткенін, олар жаңа Конституцияның мән-мазмұнын жұртшылыққа кеңінен түсіндіріп, қажетті үгіт-насихат жұмысын ойдағыдай атқарғанын айта келе, осы тарихи сәтке орай, Комиссия құрамында болған барша азаматқа және Коалиция мүшелеріне ерекше ризашылығын білдірді.

Нағыз Ұлт заңы деген атқа лайық

– Еліміздің әр аймағы, ауданы мен қаласында қоғамдық белсенділер, олардың ішінде еріктілер, яғни волонтерлер жоғары азаматтық жауапкершілік танытып, Халық Конституциясының қабылдануына зор үлес қосты. Баршаңызға рақметімді айтамын. Біз Халық Конституциясын келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді терең сезіне отырып қабылдадық. Ата заң – қуатты, күшті, бәсекеге қабілетті Қазақстанның жаңа Жарғысы. Жаңа Конституция – көне заманнан бері бабаларымызға бағдар болған дала заңдарының бүгінгі жалғасы, ұрпақтар арасындағы сабақтастық көрінісі. Заман талабына сай жаңғырған бас құжат мемлекеттігіміздің сан ғасырлық тарихынан хабар береді. Қазіргі Конституция нағыз Ұлт заңы деген атқа лайық. Оның өне бо­йында бабаларымыз аманат еткен елдік пен ерлік рухы, салт-дәстүр, жасампаздық және жаңашылдық ұғымдары тоғысқан. Ата заң – мемлекет мүддесінің болаттай берік қалқаны. Конституциямыздың ең басты мақсаттары – жеріміздің тұтастығын, еліміздің Тәуелсіздігі мен егемендігін қорғауға, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын сақтауға, қоғамдық әділет пен заң үстемдігін нығайтуға кепілдік беру, сондай-ақ білім, ғылым, инновация мен мәдениетті дамыту, тазалықты дәріптеп, табиғатты қорғауды қамтамасыз ету. Мемлекетіміздің бас құжаты – халық болмысының мызғымас нышаны, берекелі ауызбіршілігіміздің символы. Азаматтарымыз таңдаған жаңа Конституция Қазақстанның жаңа дәуіріне жол ашады! Қазақстан – аяғына нық тұрған, халықаралық беделі биік мемлекет. Еліміз ішкі тұрақтылығын сақтап, өзге жұртпен достық қатынас орнатып, зор сеніммен алға қарай қадам басып келеді. Енді мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түседі. Сондықтан бізге татулық пен достық, сабырлық пен табандылық, жасампаздық пен ұқыпты­лық, еңбекқорлық пен сенімділік ауадай қажет. Біздің биік мақсаттарымыз, нақты жос­парларымыз бар. Көп созбай бәріміз осы міндеттерді іске асыруға кірісуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент шын мәнінде, Халық Конституциясын әзірлеу мен қабылдау жалпыұлттық бірліктің салтанат құрғанын, жаңғыру стратегиясы мен рефор­малар жаппай қолдау тапқанын аңғар­татынын айтты.

– Әрине, бұл құжаттың тарихи маңы­зы­на, қазіргі қоғам мен келер ұрпақ баға береді. Ал бізге мемлекеттілік жылнамасын жазу миссиясы жүктелді. Бұл – абырой­лы әрі жауапты миссия. Сонымен қатар аза­мат­тық ой-пікірің арқылы туған Отаның­ның даму бағдарын белгілеуге беріл­ген сирек мүм­кіндіктердің бірі, тағдыр­дың сы­йы. Сон­дықтан бәріміз тарихи әрі ұлы бет­бұ­рыс­тың бел ортасынан табылып, тағ­дыр­­шешті сәтке куә болдық деп сеніммен айта аламыз.

Референдумға қатысып, азаматтық жауапкершілік пен отаншылдық танытқан баршаңызға алғыс айтамын. Әсіресе жастарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жас буын ел жылнамасына есімдерін алтын әріппен жазып, Ата заң авторларының біріне айналды. Қазақстанның бүгіні мен келешегі жастардың қолында. Бұл – ешқандай ұран емес, қарапайым өмір заңы, мемлекеттік саясатымыздың өзегі. Референдумның табысты өтуіне орай менің атыма достас мемлекеттердің басшылары мен халық­ара­лық ұйымдардың жетекшілерінен құттық­таулар келіп түсіп жатыр. Орайлы сәтті пайдалана отырып, халқымызға қол­дау көрсетіп, тілектестіктерін жеткізген әріптес­теріме ризашылық білдіремін. Алды­мызда ауқымды жұмыс тұрғанын, біз мемле­кетімізді жан-жақты жаңғырту жолын енді ғана бастағанымызды айрықша атап өткім келеді. Дүние дүрбелеңге толып, айналамызда тұрақсыздық белең алған жағдайда бұл жолды еңсерудің оңай болмайтыны, түрлі кедергімен бетпе-бет келетініміз анық. Алайда жолдың қиындығына қарамай, алға қадам басуымыз керек. Ол үшін ұлтымыз ауызбіршілік танытып, жауапты әрі жасампаз патриотизмнің, терең білім мен кәсібиліктің үлгісін көрсетуі қажет. Біз көз­деген мақсатымызға жетеміз. Жеңімпаз болу­ға міндеттіміз, – деді Мемлекет басшысы. 

Парламент сайлауы жаңа сессияның ашылуына дейін өтеді

Қасым-Жомарт Тоқаев өзі қол қойған Жарлық Ата заң ережелерін жүзеге асырудың негізгі бағыттары мен шараларын айқындайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, көп ұзамай Парламент қарауы­на Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа 5 конституциялық заң енгізіледі. Со­ны­мен қатар 8 конституциялық заңға және 60-тан аса заңға, соның ішінде негізгі кодекс­терге түзетулер енгізу қажет. Заң шығару үдерісі алдағы Парламент сайлауымен қатар жүреді. Сайлауды жаңа сессияның ашылуына дейін өткізу жоспарланып отыр. Сол уақытқа дейін тиісті заңнамалық база әзірлеуді толықтай аяқтаған жөн. Елімізді құқықтық және саяси тұрғыдан түбегейлі жаңғырту жыл соңына дейін, тіпті келесі жылы да жалғасуы мүмкін. Алдымызда қазіргі билік институттарын реформалап, жаңасын құру, сондай-ақ олардың құрылымы мен кадрлық құрамын өзгерту міндеті тұр. Конституцияның тың қағидаттары құқықтық, экономикалық, қоғамдық-саяси өміріміздің, басқаша айтқанда, тұтас тыныс-тіршілігіміздің ажырамас бөлшегіне айналады.

– Халық Конституциясы – стратегиялық сенім мандаты және ұзақмерзімді мақ­саттар мен өрлеу жолына бастайтын жаңа қоғамдық келісім. Сондықтан еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты деп сеніммен айтуға болады. Соған сәйкес, мемлекет пен азаматтардың ықпалдастығы қайта жаңғыруы қажет. Өздеріңізге мә­лім, былтыр қылмыстық жауапкершілікке тар­тылғандарға рақымшылық жасалды. Енді азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жариялауға болады. Елімізде әкімшілік істер бойынша рақымшылық алғаш рет жасалатынын атап өткім келеді. Парламент қазіргі сессияның соңына дейін тиісті заң қабылдауы керек. Бұл – Негізгі заңдағы адамгершілік идеал­­­дары мен прогрессивті құндылықтарды қо­ғамда орнықтыратын маңызды қадам. Жаңа Конституция – халқымыздың ынты­мақ-бірлігінің жарқын символы. Оның бап­тарында әрбір қазақстандықтың арманы мен аңсары, ұрпағының баянды болашағына деген үміті мен сенімі көрініс тапқан. Ата заң барша азаматтың – Отанымыздың шынайы патриоттарының басты бағдарына айналады. Қазақстанның жаңа Конституциясы – әлемдік өркениеттің биігіне бет алған ұлтымыздың берік әрі мызғымыз тұғыры. Менің бұған ешқандай күмәнім жоқ. Сіздердің де шүбәларыңыз болмайды деп ойлаймын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы атап өткендей, жаңа Конституцияны қабылдау – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру деген сөз. Бұл – дұрыс пен бұрысты тани білетін, жақсы мен жаманның аражігін ажырата алатын, кемеліне жеткен жұрттың ғана қолынан келетін іс. Жаңа Конституция елдігіміздің тірегі, егемендігіміздің тұғыры болады. Оның әр нормасы, әр тармағы Тәуелсіздігімізді нығайта түседі.

– Әділдік қағидаты бас құжаттың өзегіне айналды. Сондықтан жаңа Ата заңды Әділетті Қазақстанның төлқұжаты десек, қате­леспейміз. Мен ел Президенті және Конс­титуция кепілі ретінде бас құжат­тағы ережелердің мүлтіксіз орындалуы үшін бар күш-жігерімді саламын. Жаңа Конституциямызға сәйкес адал қызмет етуге серт беремін. Еліміз әрқашан өсіп-өркендей берсін! Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы мәңгі жасасын! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар