Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен ұлттық баһадүрлік мұраны жаңғыртуға бағытталған ірі мәдени-танымдық жоба – «Қазақ күшінің картасы» аясында «Түркістан облысына Балуан тас сапары» экспедициясы өтіп жатыр, деп жазады Egemen.kz.
Жоба авторы – күш мәдениетін зерттеуші, Абылайхан Қалназаров. Экспедицияны «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы ұйымдастырып отыр. Сапар бағыты қазақ өркениетінің тарихи және сакральды кеңістігін қамтиды: Шымкент қаласы – Сайрам ауданы – Ордабасы ауданы – Отырар ауданы – Бәйдібек ауданы – Созақ ауданы – Сауран ауданы – Түркістан қаласы.
Экспедиция бағдарламасында 13 тарихи балуан тас нысаны таныстырылады. Қатысушылар қазақтың дәстүрлі күш мәдениетінің айрықша мұрасы – атақты батыр-палуандар көтерген балуан тастарды көзбен көріп, олардың тарихи-аңыздық, мәдени мәнін зерделейді. Сондай-ақ экспедиция барысында Түркістан қаласында өтетін Көкпардан әлем чемпионатын тамашалау, облыстың өндірістік және экономикалық орталықтарын аралау, киелі орындарға зиярат (Ибрагим ата кесенесі, Қарашаш ана кесенесі, Бибіғияс ана кесенесі, Салық қожа кесенесі, Бәйдібек ата кесенесі, Домалақ ана кесенесі, Ысқақ баб кесенесі, Баба Түкті Шашты Әзиз кесенесі, Жылаған ата, Ақмешіт әулие үңгірі, Арыстанбаб кесенесі, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі), тарихи нысандарды аралау: Отырар қалашығының көне орны және басқа да өңір музейлері, көне күштік рәсімді жаңғырту: Экспедиция барысында Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында көне күш рәсімдерінің бірі қайта жаңғыртылып, мәдени реконструкция жасалады.
Отандық туризмге тартылған инвестиция 32 пайызға артты
Сапарға арнайы жасақталған «Балуан тас» журналистер мен блогерлер пулының тұрақты өкілдері қатысқан. Оның құрамында белгілі журналистер мен блогерлер, ғалымдар, спортшылар бар. Бұл – жобаның ғылыми нәтижелерін қоғамға кеңінен жеткізуге бағытталған маңызды медиялық қадам.
Айта кетейік, «Қазақ күшінің картасы» жобасының тұсауы былтыр наурыз мейрамында елордада кесілген болатын. Бұған дейін жоба аясында Ақтөбе және Павлодар облыстарына экспедициялар ұйымдастырылып, алғашқы ғылыми-мәдени деректер жинақталды. Реттік жағынан үшінші Түркістан бағыты – жобаның рухани-тарихи тұрғыдан ең маңызды кезеңдерінің бірі. Сонымен қатар бұл жолғы сапар Наурыз мейрамы мен Түркістанда өтетін Көкпардан әлемдік чемпионаты іс-шарасына орайластырылып отыр.
Туризм түйткілдері: Сөзден іске көшетін кез келді
Жобаның басты мақсаты – қазақтың дәстүрлі күш мәдениетін зерттеу, балуан тастарды ұлттық мұра ретінде жүйелеу, оларды заманауи мәдени айналымға енгізу, сондай-ақ ұлттық бірегейлікті нығайту.