• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2015

Қазақстан армиясы әлемдік рейтингте 14 сатыға көтерілді

852 рет
көрсетілді

АСТАНА. 13 мамыр. Қазақстан армиясы әлемдік рейтингте 14 сатыға көтерілді. Аталған тізімді Global Firepower ұйымы жасап шықты. Тізімде 126 мемлекет көрсетілген. Соның арасында Қазақстан 14 саты жоғары өрлеп, 66-орынға жайғасты. Бұл туралы tengrinews.kz хабарлады. Зерттеушілер әр елдің «ұрыс жағдайындағы қуат индексін» анықтау арқылы осындай нәтижеге қол жеткізген. Рейтингті жасау барысында мамандар 50-ге жуық факторға сүйенген. Оның ішінде жалпы халықтың және елді қорғауға жарамдылардың саны есепке алынған. Құрлықта, әуеде және суда ұрыс жүргізе алатын әскери техникаларының саны да назардан тыс қалмады. Сондай-ақ, экономикалық ресурстар, мұнайды өндіру және экспорттау бойынша көрсеткіштер және елдің қарулану үшін жұмсауы мүмкін қаражаты қаперге алынған. Рейтингтің түзілуіне әсерін тигізген тағы бір фактор – қатысушы елдің географиялық орналасуы. Аталған барлық мәліметтер ашық дерек көздерінен алынғанын айта кетейік. Тізімді жасаушылардың пікірінше, Қазақстан армиясының негізгі күшін ел билігінің шет елдерден сатып алған қару-жарақтары құрайды. Global Firepower-дің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан армиясында 300 танк, 1,6 мың брондалған машина, 744 артиллериялық қару және 393 ракета жүйесі бар. Сонымен қатар, соңғы жарты жылда Қазақстанда ұшатын әскери аппараттардың саны 233-ке дейін артқан. Олардың арасында 100-ге жуық жойғыш ұшақ (истребитель) және 84 тікұшақ бар (оның ішінде 18-і штурмалды). Ұйымның анықтауынша, халық саны бойынша көрсеткішіміз мынадай. 18 млн.-ға жуық халқымыздың 8,3 млн.-ы ел басына күн туған жағдайда сапқа тұруға дайын. Бұдан бөлек, рейтинг бойынша Қазақстан армиясының бюджеті 2,4 млрд. долларды құраған. Тізім жасаушылар мәлімдегендей, біздің ел тәулігіне 1,6 млн. баррель мұнай өндіреді. Аталған рейтингте көш басында АҚШ тұр. Ол елде дәл қазіргі таңда ұрыс жағдайына дайын 145 млн.-нан астам адам бар екен. Екінші орында келе жатқан Ресейде бұл көрсеткіш 69 млн.-ға тең. Үздік үштікті Қытай түйіндеген (749 млн. адам). Сондай-ақ, алғашқы ондықтың ішінде Үндістан, Ұлыбритания, Франция, Германия, Түркия, Оңтүстік Корея және Жапония бар. Ең соңғы орындарды Мозамбик, Сомали және Мали сынды Африка мемлекеттері алған. Айта кетейік, Қазақстан армиясы жуырда тағы бір жойғыш ұшақ түрімен толықты. Нақты айтсақ, аз уақыт бұрын Талдықорғандағы авиациялық базаға 4++ санатындағы Су-30СМ жоғары маневрлі жойғыш ұшақтар әкелінді. Бұл әскери техникалар 7 мамырда Отан қорғаушылар күні және Жеңістің 70 жылдығына орай Астанада ұйымдастырылған парадқа қатысты. Еламан Қоңыр. Дерек: tengrinews.kz. Сурет: Ерлан Омаров.