Қазір қаржы қызметі бұрынғыдан мүлде өзгеше сипат ала бастады. Банктер мен инвестициялық компаниялар атқаратын бірқатар қызметті цифрлық платформалар алмастырып, жасанды интеллект қаржылық талдаудың жаңа құралына айналды. Мұндай үрдісті бүгінде «финтех» (fintech) деп атайды. Бұл атау ағылшынның financial technology – «қаржылық технология» деген сөзінен шыққан. Аталған сала қазір төлем жүйелерімен ғана шектелмей, инвестициялау, бизнес қаржысын басқару, капиталды талдау секілді бағыттарды да автоматтандырып келеді. Мәселен, «Finflow», «Paidax», «Investbanq» сияқты отандық финтех стартаптар жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр.
Қаржы платформасы
«Finflow» – шағын және орта бизнеске арналған жасанды интеллект негізіндегі қаржы платформасы. Жоба кәсіпкерлерге қаржылық жоспарлауды жеңілдетеді. Көп жағдайда шағын компанияларда толыққанды қаржы директоры болмайды. Ал «Finflow» сол қызметті цифрлық форматта атқарады.
Платформа кәсіпкерге компанияның қаржысын талдауға, табыс пен шығынды есептеуге, ақша айналымын болжауға, қаржылық модель құруға көмектеседі. Мұның бәрін бірнеше минут ішінде жасауға болады. Яғни кәсіпкерге бөлек қаржы маманын жалдаудың қажеті жоқ.
«Finflow»-дың ерекшелігі – ол тек есеп жүргізумен шектелмейді. Көп бухгалтерлік бағдарламалар қаржылық деректерді жинақтаумен ғана айналысады. Ал бұл платформа деректерді талдап, бизнеске қандай шешім қабылдау тиімді екенін де көрсетеді.
Тағы бір маңызды артықшылығы – банктермен интеграция. Платформа кәсіпкерге қаржылық құжаттарды тез дайындап, банктен несие алу үдерісін жеңілдетуге көмектеседі.
Қазір «Finflow» жүйесін елімізден бөлек, шетелдегі ондаған компания пайдаланып отыр. Стартап бірнеше отандық банкпен қанатқақты жобаларды іске қосып, шағын және орта бизнеске арналған цифрлық қаржыландыру шешімдерін әзірлеп жатыр.
– Біз «Finflow»-ды қаржылық жоспарлауды тек ірі компаниялардың емес, кез келген кәсіпкердің қолы жететін құралға айналдыру мақсатында жасап жатырмыз. Көптеген шағын және орта бизнес қаржысын жүйелі басқара алмай, кассалық алшақтыққа тап болады, банк қаржыландыруына қол жеткізе алмай жатады. Сондықтан біз кәсіпкерге күрделі қаржылық талдауды түсінікті, жылдам әрі қолжетімді етуді көздейміз. Яғни «Finflow» – жай ғана есеп жүргізетін платформа емес, бизнеске дұрыс шешім қабылдауға көмектесетін цифрлық қаржы көмекшісі, – деді жоба жетекшісі Дәулет Айтмаханов.
Инвестициялық жүйе
«Paidax» – инвестиция жасауға арналған мобильді қосымша. Пайдаланушы бұл платформа арқылы бағалы қағаздарға қаржы құйып, өзге инвесторлардың портфелін де бақылай алады. Яғни жоба инвестицияны тек мамандарға ғана емес, қарапайым адамға да жақындатуды көздейді.
«Paidax»-ты математикалық модельдер мен цифрлық технологияны ұштастырған жоба деуге болады. Оның негізін қалаушы Бексұлтанқожа Әнуаров бұл платформаны жаңа буын инвесторларына арналған жүйе ретінде дамытып келеді. Жоба тек брокерлік қызмет көрсетумен шектелмей, инвестицияны түсінікті әрі қолжетімді етуге ұмтылады.
«Біз Paidax арқылы инвес-тицияны барынша түсінікті әрі қолжетімді еткіміз келеді. Қаржы нарығы көп адамға жабық, күрделі жүйе сияқты көрінеді. Ал біздің мақсат – сол мүмкіндіктерді қарапайым қолданушыға жақындату. Сонымен қатар платформада этикалық және исламдық қаржы қағидаттарына сай келетін құралдарды дамытуға мән беріп отырмыз. «Paidax» – жай ғана брокерлік қосымша емес, инвестиция мәдениетін қалыптастыруға бағытталған цифрлық алаң», деді жоба жетекшісі.
Қазір қосымшаға 36 мыңға жуық қолданушы тіркелген. Олардың басым бөлігі – 35 пен 55 жас аралығындағы инвесторлар. Платформадағы активтердің жалпы көлемі 10 миллион долларға таяп отыр.
Компания алдағы уақытта жасанды интеллект негізінде автоматты түрде инвестициялық портфель ұсыну қызметін дамытпақ. Яғни пайдаланушы өз мүмкіндігі мен тәуекел деңгейін көрсетсе, жүйе соған сай инвестициялық шешім ұсынады. Осылайша, «Paidax» қаржы технологиясын инвестиция мәдениетімен ұштастырған жоба ретінде танылып келеді.
Цифрлық жоба
«Investbanq» – инвестициялық банкинг пен капиталды басқаруға арналған цифрлық платформа. Жоба кәсіпкерлерге, ірі капитал иелеріне және қаржы кеңесшілеріне арналған. Платформаның басты мақсаты – пайдаланушыларға өз капиталы мен инвестициясын тиімді басқаруға көмектесетін заманауи құралдар ұсыну.
Жүйе жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып жұмыс істейді. Мысалы, платформаның «AI Analyst» қызметі түрлі дереккөздерден алынған жаңалықтар мен қаржылық ақпаратты талдап, инвестициялық шешім қабылдауға көмектеседі. Осы арқылы пайдаланушылар нарықтағы өзгерістерді жылдам бақылап, өз жобасын тиімді басқарады.
«Investbanq» капиталды басқаруға кешенді тәсіл ұсынады. Платформа акциялар, облигациялар, баламалы инвестициялық құралдар сияқты түрлі активтерді бір жүйеде біріктіреді. Яғни пайдаланушы барлық инвестициясын бір жерден бақылай алады.
Платформаның тағы бір ерекшелігі – жасанды интеллект негізіндегі инвестициялық портфель құрастыру жүйесі. Ол нарық деректерін талдап, инвесторға оңтайлы стратегия ұсынады.
Компанияның кеңселері Сингапур, Дубай және Алматы қалаларында орналасқан. Мұндай халықаралық құрылым «Investbanq»-қа әлемдегі ірі қаржы нарықтарымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Платформа Сингапурдың ақша-кредит басқармасы (MAS) сияқты қатаң реттеуші органдардың талаптарына сәйкес қызмет етеді.
Компания өкілдерінің айтуынша, олардың мақсаты – капиталды басқару саласын бұрынғыдан да ашық әрі қолжетімді ету. Яғни күрделі инвестициялық қызметтерді тек ірі қаржы институттарына ғана емес, заманауи технология арқылы кең аудиторияға ұсыну.
«Біздің мақсат – капиталды басқару үдерісін барынша ашық әрі түсінікті ету. Инвесторлар өз қаржысын басқару үшін күрделі жүйелерге тәуелді болмауы керек. Сондықтан біз жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды пайдаланып, инвестициялық банкингті жаңа деңгейге шығаруға тырысып отырмыз», дейді жоба жетекшісі Олжас Жиенқұл.
Сарапшылардың пікірінше, финтех индустриясы алдағы жылдары одан әрі қарқын алмақ. Жасанды интеллект, деректер жүйесі және цифрлық платформалар қаржы қызметінің сипатын түбегейлі өзгертті. Еліміздегі «Finflow», «Paidax» және «Investbanq» секілді жобалар осы өзгерістің жергілікті нарықтағы алғашқы мысалдарының бірі болып отыр.