• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 09:00

Қостанайда жасалған қуатты комбайн

10 рет
көрсетілді

Былтыр Қостанайдағы «АгромашХолдинг KZ» зауыты мен «John Deere» компаниясы құны 2,5 млрд долларға бағаланған стратегиялық серіктестік туралы келісімге келген. Шарт бо­йынша Қостанайда 5 жыл ішінде кем дегенде 3 мың «John Deere» құрастырылып, ел көлемінде 3 сервис орталығы ашылады. Сондай-ақ мамандарды оқыту жүйесі қолға алынады.

Егін жинауда «John Deere» комбайнына тең келер техника аз. Былтырдың өзінде Қостанайдағы Локализация зауытында 300-ден астам «John Deere» құрастырылды. Күзгі науқанға таптырмайтын қуатты техниканың Қостанайда шыға бастағаны шаруаларды да қуантып отыр. 

Аталған келісімшарт аясында «АгромашХолдинг KZ» компаниясы­ның ин­же­нерлері мен жас мамандары АҚШ-қа барып, өндірістік тағылымдамадан өтіп келді. Сапар барысында мамандар «John Deere» компаниясына қарасты бірнеше зауытта болып, химиялық дәрі шашатын техника, трактор, комбайн жасау өндірісімен танысқан.

«Отыз жылға жуық өндіріс саласында еңбек етемін. Шетелге бірінші рет шығып тұрмын. Ол жақтағы өндіріс орындарын аралап, ширек ғасырдан кейін өзімді қайтадан студент ретінде сезіндім. Бойымда жұмысыма деген жаңаша құл­шыныс пайда болды. Америка қатты таңғалдырды. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласы ерекше дамыған. Өңделмеген бірде-бір жер жоқ, барлық жерде тәртіп бар. Ал зауыттар толық цифрландырылған, автоматтандырылған жүйеде жұмыс істеп тұр», дейді инженер Қайрат Кәрібаев.

«Agromash» зауытының өндірістік директоры Бахтияр Балғожин «John Deere» кәсіп­орындарындағы технология қуаты мен инженерлік мәдениет жөнінде айтып берді.

«Зауыт жұмысшылары өз елі мен жұмысы туралы мақ­та­нышпен айтады екен. Ол жақта өндірісте аға буын мамандары көп, ал жастар жағы аздау. Әсіресе дайындау учаскелері ға­жап, барлық үдеріс толық ав­томаттандырылған. Әйгілі ком­панияға қарасты кәсіп­орын­дармен жан-жақты танысып, өндіріс барысын меңгеріп қайттық. Мұндай тәжірибені құжаттан немесе бейнежазбадан алу мүмкін емес. Енді өзіміз көріп-біліп, үйреніп келген жаңа тәсілдерді өндіріс­ке ен­гізуді көздеп отырмыз», деді Б.Балғожин.

Компания басшысының айтуынша, заманауи өндірістің негізгі қозғаушы күші – инженер мамандар. Сондықтан тағылымдама аясында алынған білім мен тәжірибе өндіріс үдерісінің мазмұнын жаңартады, ал жеке мамандардың бел­сенділігі жалпы өндіріс жүйе­сінің дамуы­на ықпал етеді.

«Біз өнеркәсіпті сөзбен емес, нақты құзыреттер арқылы дамытамыз. Бүгінге дейін 530-дан астам техника шығардық. «John Deere» зауыттарындағы оқу-тәжірибе бізге аса маңызды. Ол жақта оқып келген мамандар өз тәжірибесін бөлісіп жатыр. Зауытта келе­шегінен зор үміт күттіретін жас инженерлер көп. Тарихты жастар жасайды. Сондықтан әлем біздің инженерлерді танысын, ал біз әлемді таниық деген қағиданы ұстанып келеміз», дейді «Agromash» зауытының президенті Динара Шүкіжанова.

«Agromash» ұжымымен бірге тағылым­дамадан өтіп келген «Eurasia Group AG» компания­сының бас операциялық директоры Сергей Глок Қостанай инженерлерінің АҚШ-қа сапарын отандық машина жасау саласына салынған стратегиялық инвестиция ретінде бағалады.

«Машина жасау саласы тә­жірибе жинақтау арқылы ғана дамымайды. Саланың жеткілікті түрде дамуына цифрлық технологиялар, жүйелі білім трансфері, жасанды интеллект негізінде қабылданатын тиімді шешімдер қажет. Алдағы уақытта техника, ақпарат және агрономия деп аталатын маңызды үш саланың синергиясы отандық агробизнесті ілгері дамытатын негізгі факторға айналады. Икемді, дәл әрі тиімді бұл үш құрал машина жасаудың жаңа моделін қалыптастырады. Бізге технологияларды енгізу емес, оларды жергілікті жағдайға бейімдей отырып дамыту маңыз­ды. Сапар барысында біздің инженерлер «John Deere» өндірісіне тереңірек бойлап, сол жақтағы мамандармен еліміздің табиғи-климаттық жағдайына барынша сәйкес келетін техника жасап шығару жөнінде кеңесті», деді ол.

Бүгінде қос тарап Қостанай­дағы өндіріс көлемін 3000 техни­каға дейін ұлғайту, қосалқы бөл­шек­терді шығару, оны жеткізу мәселесін реттеуді көздеп отыр. Сондай-ақ технологиялық инфра­құрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, өндірістің жер­гілікті үлесін еселеу жоспарда бар.

Мұның сыртында, инженер кадр­ларды даярлау мақсатында жергілікті мамандарға арналған тұрақты білім бағдарламасы іске қосылады. Бағдарлама аясында АҚШ пен Еуропадағы «John Deere» зауыттарында тағы­лымдама ұйымдастырылып, машина жасау, автоматтандыру және цифрлық жобалау бойынша заманауи технологияларды меңгеру қарастырылған. Сонымен қатар алдағы уақытта Қостанайда цифрлық инженер, автономды техника операторы, жасанды интеллект және деректерді өңдеу маманы, цифрлық агроном тәрізді жаңа инженерлік құзыреттерді дамытуға арналған білім орталығы ашылмақ.

 

Қостанай облысы