Сыбайлас жемқорлық – қоғамның мемлекетке деген сенімін әлсіретіп, кез келген жүйенің дамуына тұсау болатын залалды әлеуметтік құбылыс. Оған қарсы күрес жазалау шараларымен ғана шектелмей, қоғамда адалдық пен жауапкершілікке негізделген берік құндылықтарды қалыптастыру арқылы да жүргізілуі қажет. Көп жағдайда жемқорлыққа қарсы мәдениет пен иммунитет өзінің тиімді нәтижесін беретіні белгілі.
Осы орайда Қарулы күштер Әскери полициясының бас басқармасы профилактика басқармасының бастығы, әділет подполковнигі Әділхан Қалиев армияның жастарды адалдыққа тәрбиелеудегі рөлі, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы күресте жазалаудан гөрі алдын алудың неліктен тиімді екені жөнінде ойымен бөлісті.
Оның айтуынша, бүгінгі жастар аға буын өкілдеріне қарағанда әділдік пен адалдыққа сергек қарайды әрі сыбайлас жемқорлықтың зияны мен салдарын айқын түсінеді. Олар әлеуметтік желіде де, өзге де орталарда аталған қоғам жегіқұрты елдің дамуын тежеп, мемлекеттің тамырына балта шабатынын белсенді түрде айтып жүр.
«Дегенмен қоғамда бұл дерт жойылды деп айтуға әлі ерте. Адамдар көбіне оған құқық бұзамын деп емес, «мәселені шешу» мақсатында барып жататыны белгілі. Дәл осы «мәселе шешу» қағидаты қоғамда сыбайлас жемқорлықтың гүлденуіне негіз қалап беріп отыр», дейді ол.
Әділет подполковнигі Әділхан Қалиев бүгінгі таңда профилактика басқармасының алдында тұрған міндет жастар бойында осындай «қағидаттарға» қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыру екенін атап өтті. Алайда, оның айтуынша, адам адалдық, әділдік пен жауапкершілік деген ұғымдарды ең алдымен ерте жастан отбасында санасына орнықтыруы қажет. Бұл жерде ата-ана институтының атқарар рөлі орасан.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруды ең алдымен балалар мен жастарды тәрбиелеуден бастауымыз қажет. Бала үлкендерден көргенін істейді. Ата-анасы, аға буын өкілдері заңды құрметтеп, адалдық қағидатын ұстанғанын көрген жас ертеңгі күні өзі де құқықбұзушылыққа бармайды. Одан кейін, әрине, мектеп пен білім алу ортасының ықпалы зор. Бұл жерде адам қоғаммен өзара әрекет жасауды, мінез-құлық ережелері мен нормаларын түсінуді үйренеді. Жастайынан бойына дарыған бұл ұстанымдар үлкен өмірде одан әрі нығая түседі. Адам оларды іс жүзінде – жұмыста, кәсіби қызметінде, мемлекеттік институттармен қарым-қатынаста қолдана бастайды. Сондықтан отбасынан бастап кәсіби қызметке дейінгі барлық кезеңде заңды құрметтеу, адалдық пен жеке жауапкершілік қағидаларын насихаттаудың маңызы зор», дейді маман.
Ә.Қалиевтің айтуынша, егер адам заң мен тәртіп ұстанымдары, яғни сыбайлас жемқорлыққа деген қарсылық болмаса, ешқандай қадағалау органы мен құқық қорғау құрылымдары бұл дертке қарсы күресіп, нәтижеге жетуі мүмкін емес.
Бүгінде Қарулы күштерде жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру жұмысына аса қатты мән беріліп келеді. Бұл жұмыс Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022–2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен заңнамаға сәйкес жүргізіліп жатыр. Ә.Қалиевтің айтуынша, мұнда негізінен жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға баса назар аударылады. Осы орайда кейінгі екі жылдың ішінде 4 мыңнан аса іс-шара өткізілген. Оның ішінде 3 262 жалпы әңгімелесу, 2 955 жеке кездесу, құзыретті органдар өкілдерінің қатысуымен 174 дөңгелек үстел, 133 жиын мен конференция ұйымдастырылған.
«Қорғаныс саласы құрылымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай шаралар қабылданып жатыр дегенге келсек, ең алдымен, жемқорлыққа қарсы мониторинг пен жемқорлық қатерлерін талдау жұмысын айтуға болады. Кейінгі екі жылда Қорғаныс министрлігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиясының алты отырысы өтті. Осы отырыстардың қорытындысында жемқорлық қатерлерін жою мен әскери басқару органдары қызметінің ашықтығын арттыруға бағытталған 117 ұсыным әзірленді. Сонымен қатар гарнизондық сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиялар 787-ден аса отырыс өткізіп, онда 535 мәселе қаралып, 874 ұсыным қабылданды», деп атап өтті Ә.Қалиев.
Оның айтуынша, қоғам дертіне қарсы күресте жазалаудан бұрын алдын алудың тиімділігін арттырудың маңызы зор. Өйткені жазалау қылмыс орын алғаннан кейін жасалатын болса, алдын алу – сол қылмысқа алып баратын себептерді жояды.
«Егер сыбайлас жемқорлық қатерлерін дер кезінде анықтап, нормативтік құжаттардағы олқылықты жойып, ресімдердің ашықтығын арттырса, құқықбұзушылықты жасау ықтималдылығы әлдеқайда төмендейді. Міндетіміз – сыбайлас жемқорлық көріністерінің туындауына мүлдем мүмкіндік бермейтін жүйе қалыптастыру», дейді ол.
Сондай-ақ әділет подполковнигі армиядағы тәрбие жұмысы да жемқорлықтың алдын алуға орасан зор үлес қосатын өмір мектебі екенін айтады. Жауынгерлік қызмет адам санасында ережелерге құрмет пен әрбір амалдың салдары болатыны туралы түсінікті қалыптастырады. Бұл, өз кезегінде, адалдық пен әділдік сезімдерінің оянуына ықпал етеді.
«Бүгінде талдамалық құралдар мен ішкі бақылау тетіктері белсенді қолданылады. Қорғаныс министрлігі, Бас штаб пен Қарулы күштердің құрылымдық бөлімшелерінде сыбайлас жемқорлық қатерлеріне тұрақты түрде ішкі талдау жүргізіледі. Осындай талдаудың нәтижесінде ықтимал проблемалық салалар айқындалады. Олардың басым бөлігі әдетте кадрлық жұмысқа, жергілікті әскери басқару органдарының қызметіне, күрделі құрылыс пен жөндеу жұмысына, тұрғын үйді бөлуге, сондай-ақ әскери білім мен ғылым саласына қатысты болып келеді. Әрбір анықталған жағдай бойынша сыбайлас жемқорлықты болдырмауға бағытталған нақты шаралар қабылданады», дейді Ә.Қалиев.
Ол кез келген салада құжат айналымы ресімдерінің ашықтығы заң талаптарын белшесінен басу мүмкіндігін барынша азайтатынын айтады. Осы орайда цифрландыру үдерісі сыбайлас жемқорлық қатерлерін болдырмауға елеулі ықпалын тигізіп отыр. Өйткені бұл рәсімдердің адам факторынсыз жасалуына мүмкіндік береді.
Ә.Қалиев көптеген мекемеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске формальды көзқараспен қарау оның әлі де сақталып қалуына ықпал етіп отырғанын атап өтті. Расында, шаралар негізінен есеп беру үшін ғана қабылданып жататыны ақиқат. Ал негізінде жемқорлыққа қарсы саясат әрбір қатер мен өзгерісті қалт жібермей қадағалап отыратын тірі жүйе болуға тиіс.