Шымкентте өткен «Digital Qazaqstan» форумында мемлекеттік қаржы жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа цифрлық шешімдер көпшілік назарына ұсынылды. Қаржы министрлігі Электрондық қаржы орталығымен бірлесіп әзірлеген «Мемлекеттік қаржының цифрлық картасы» модулі тауар айналымын талдаудың жаңа мүмкіндіктерін ашып, экономикалық үдерістерді жедел бағалауға жол бермекші.
Форумда Қаржы министрлігі Электрондық қаржы орталығымен бірлесіп жүзеге асырған «е-Қаржымині» ақпараттық жүйесіндегі «Мемлекеттік қаржының цифрлық картасы» модулінің мүмкіндіктерін таныстырды. Жаңа құрал еліміздегі тауар айналымының тұтас көрінісін қалыптастырып, өңірлер бөлінісінде қолжетімді әрі нақты аналитика жасауға мүмкіндік береді.
Озық шешім Қазақстан картасы негізінде бөлшек сауда көрсеткіштерін визуализациялап, кең ауқымды талдау жүргізуге жағдай жасайды. Жүйе бақылау-кассалық машиналар деректерін, сауда нысандары мен әкімшілік-аумақтық бірліктерді қамтып, бірыңғай аналитикалық база қалыптастырады. Әртүрлі кезеңдер бойынша салыстырмалы деректерді саралауға, тауарлар рейтингін айқындауға, өңірлік ерекшеліктерді бағалауға мүмкіндік бар.
Қолданыстағы нұсқада талдау фискалдық чектер негізінде жүргізіледі. Алдағы уақытта электрондық шот-фактуралар мен тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды біріктіру жоспарланған. Бұл деректер ауқымын кеңейтіп, талдаудың дәлдігін арттыруға ықпал етеді. Ұлттық каталогтегі тауарлардың бірегей цифрлық коды – NTIN идентификаторын қолдану ақпаратты сәйкестендіру мен салыстыруды жеңілдетеді. Биылғы 1 қаңтардан бастап NTIN қолданудың міндеттелуі тауар айналымын ашық әрі салыстырмалы талдауға негіз қалады.
Модуль өңірлер, сауда нысандары мен салық төлеушілер деңгейінде салыстырмалы талдау жүргізуге жол ашады. Сұраныс құрылымы мен тауар ағындарындағы өзгерістерді жедел анықтауға мүмкіндік беретін жүйе экономикалық белсенділіктің нақты көрінісін ұсынады.
Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтың айтуынша, цифрлық карта негізіндегі тауар аналитикасы экономикалық үдерістерді тауар мен аумақ тұрғысынан бағалауға жағдай жасайды. Бұл тұтынушылық құрылымды тереңірек түсінуге әрі өзгерістерге дер кезінде ден қоюға көмектеседі.
Форум барысында «Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті» жобасы да таныстырылды. «Бір терезе» қағидатына негізделген бұл жүйе бизнес өкілдерінің министрлік ақпараттық жүйелерімен өзара іс-қимылын жеңілдетуге бағытталған. Портал мемлекеттік қызметтер мен деректерді бір кеңістікте біріктіріп, кәсіпкерлердің қажетті сервистерге жедел қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Кабинет функционалы бірыңғай авторизациялау, рөлдерді басқару, қызметкерлерге өкілеттік беру, орталықтандырылған хабарландыру жүйесі, контрагенттермен өзара байланысқа арналған ішкі чат, аналитикалық құралдар мен деректерді визуализациялау қызметтерін қамтиды. Бұдан бөлек, жасанды интеллект негізіндегі бизнес-көмекші мен салық сервистері енгізілген. Жүйе мемлекеттік ақпараттық платформалармен ықпалдаса отырып, бизнес үшін біртұтас цифрлық экожүйе қалыптастыруға бағытталған.
Қазір жүйеде 15 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген. Базалық функционал іске қосылып, сервистерді жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба барысында кәсіпкерлердің ұсыныстары да ескерілген.
Ә.Тұрысовтың пікірінше, бұл бастама мемлекет пен бизнес арасындағы өзара ықпалдастықтың тиімді моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бірыңғай цифрлық орта әкімшілік жүктемені азайтып, үдерістердің ашықтығын арттырады.
«Digital Qazaqstan» форумында ұсынылған жаңа шешімдер мемлекеттік қаржы жүйесінің талдамалық инфрақұрылымын дамытуға әрі кәсіпкерлерге арналған заманауи цифрлық қызметтерді кеңейтуге бағытталған кешенді жұмыстың жалғасы саналады.