• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2015

Жалған сөз жарға жығады

470 рет
көрсетілді

Орал қаласының тұрғыны Дина Ғаббасова алдаушының құрбаны болып қала бере ме? Редакцияға жолдаған шағым хатында Орал қала­сының тұрғыны Дина Ғаббасова өзін алдаушының құрбаны болып отырғанын ашына жазыпты. Мәселенің мәнісі мынада деуге болады. Ол 2013 жылдың басында облыс орталығындағы «Аржан» ломбардына қызметке орналасқан. Ломбард тұрғындардың алтын бұйымдарын кепілдікке қойып, одан уақытша ақша ала тұратын орын екені белгілі. Осы аралықта ол өзінің айтуынша ломбард иелері тарапынан ешқандай ескерту алмаған. Өзіне тапсырылған істі адал атқарған. Әрине, адам алтынын ломбардқа жетіскеннен тапсырмайды ғой. Бұл қадамға қаржыдан қиындық көрген соң басқа істейтін амалының жоқтығынан барады. Осы тапшылық тапсырылған алтынды белгіленген күн жеткен соң да ақшасын төлеп алуға әсерін тигізетіні де бар. Осындай кезде Дина Ғаббасоваға Гүлмира Наурызова есімді клиент кездесе кетеді де одан сыр тартқандай болады. Ойы мен көңілінде ешқандай бөтен ой жоқ жас қыз болған жағдайды жасырмай айтып салады. Ендеше, мен сол алтын бұйымдарды сатып ақшасын саған қайтара аламын деп Динаға желімдей жабыса түседі. Оған уәдені үйіп-төгіп алтыннан түскен ақшаны қайтарып беретін күнді айтады. Иманы бетіне төгіліп тұрған періште қыз оған сеніп қалады. Сөйтіп, оның айт­қанын орындайды. Алайда, ломбард қызметкері сенім білдірген адам не алтынды, не ақшаны қайтармай уақытты соза береді. Жалған сөз жарға жығады деген осы да. Әрине, бұл арада жаны шырқырап «Егеменге» жанайқайын жолдап отырған Дина Ғаббасованы да мүлдем ақтап алу қиын-ақ. Өйткені, оған тұрғындар ломбардқа тапсырған алтынды өз қалауынша басқа біреуге беруге құқық берілмегені айтпаса да түсінікті шығар. Оны алдаушының құрған торына қапияда түсіп қалған Динаның өзі де мойындап, бармағын тістеп отыр. Бұл ретте ол Г.Наурызова өзінің ұялы телефонына жолдаған уәде түрдегі жазбаларға ғана үміт артады. Мұнда ломбард қызметкерін жалған сөзіне сендіріп алтынды алып кеткен әйел жоғарыда көрсетілген мәселенің бәрін мойнына алған екен. Осылайша, басына қылмыстық іс қозғалу жөніндегі қауіп төнген хат иесі 2014 жылдың 29 желтоқсаны күні өзінің құқын қорғау үшін Батыс Қазақстан облысының ішкі істер департаментінің бастығы Махамбет Абисатовтың атына шағым хат жазуға мәжбүр болады. Өзгеге емес бұл үнқату нақ полиция органы басшысына неге арналған? Мұның мәнісін Дина Ғаббасова өз хатында былайша түсіндіреді. Оның айтуынша Гүлмира Наурызова ішкі істер органының қызметкері Самат Наурызовтың зайыбы екен. Сонымен бірге, Д.Серікқызы осы әңгіме басталып кеткеннен кейін ол өз әйелінен ажырасқаны жөніндегі ақпарат та бар екенін алға тартады. Бұл көрініс материалдық жауапкершіліктен жалтару үшін саналы түрде жасалуы әбден мүмкін екенін қоса жазыпты. Алайда, ішкі істер департаментінің бастығы М.Абисатов тарапынан жолданған шағым хатқа қатысты жауап келмеген. Бұдан соң жәбірленуші оның атына екінші рет хат жазып Г.Наурызова өзінен алған алтынды 2014 жылдың маусым-қыркүйек айларында қаладағы өзге ломбардтарға тапсыруы мүмкін екенін айтып осы іске тексеру жүргізуді өтініп тағы да хат жолдайды. Оған да жауап келмеген. Әбден амалы құрыған Дина Ғаббасова 2015 жылдың 28 қаңтары күні бұдан соң Орал қаласының прокуроры, әділет кеңесшісі Айдын Рашидовтың атына шағым хат түсіреді. Мұнда ол өзінен басқа тағы да үш адам жоғарыда аты-жөні аталған жалған сөзді топан судай қаптатып, өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай жасайтын жанның үстінен шағым жазғанын келтіріпті. Аты-жөндерін де атаған. Әрі олардың дәл өзіне жасалғандай жалған сөз салдарынан зәбір көріп отырғанын жеткізіпті. Сондықтан да, адамдарды алдауға бейім тұратын адамның іс-әрекетіне тиісті құқықтық баға берілуін сұраған. Бұған қосарымыз бізге Дина Ғаббасова ұсынған қылмыстық істі қозғау және өз өндірісіне алу туралы қаулыда Орал қалалық ішкі істер бөлімі, Абай полиция бөлімшесі тергеу бөлімінің аға тергеушісі, полиция майоры Г.Бисенова 2014 жылдың маусым айында белгісіз тұлға «Аржан» ломбардының қызметкері Д.Ғаббасованың сеніміне кіріп, бірнеше алтын бұйымдарын алып кетіп, анықталмаған сомаға материалдық зиян келтіріп, оқиға болған жерден бой тасалағанын анықтағаны көрсетілген. Бұдан соң оның қаулы еткені қоса жазылған. Мұнда былай делінген. Азаматша Д.Ғаббасованың арызы бойын­ша ҚР қылмыстық кодексі 177-бабы, 1-бөлімімен Қылмыстық іс қозғап, оны өз өндірісіне алып тергеу жүргізуге. Қаулы көшірмесін Орал қаласының прокуратурасына жолдауға, қабылданған шешім туралы мүдделі жақтарға хабарлауға. Қылмыстық істі қозғау және оны өндіріске алу туралы қаулы 2014 жылдың 11 қарашасы күні алынған. Сөз жоқ, бұл құжат «Егеменге» арнайы хат жол­даған Дина Ғаббасованың жанайқайы негізсіз емес екенін танытады. Темір Құсайын, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ.