Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Масаеси Камохарамен кездесті.
Кездесу барысында Мемлекеттік хатшы Жапонияның Қазақстан үшін маңызды стратегиялық әріптес екенін жеткізіп, екі елдің арасындағы саяси және әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға Қазақстан жағы мүдделі екенін атап өтті. Елбасы Н.Назарбаевтың 2008 жылдың маусым айында Жапонияға жасаған сапарының нәтижесі стратегиялық серіктестікті нығайтуға ықпал еткендігі де айтылды. Сонымен қатар, Г.Әбдіқалықова Қазақстан мен Жапонияның үкіметтік және жеке секторларының экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссиясының қызметін жоғары бағалады.
2014 жылы Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымы 1,7 млрд. АҚШ долларын құрады, соның ішінде экспорт – 741 млн. доллар, ал импорт 925 млн. доллар болды. Кездесу барысында әлеуметтік-гуманитарлық саладағы Қазақстан-Жапония қарым-қатынастарын дамытудың өзекті мәселелері қозғалды. Г.Әбдіқалықова екі ел халықтарының өсіп келе жатқан өзара мүдделестігі жағдайында мәдени алмасулардың маңыздылығына ерекше тоқталып, мәдениет саласында екіжақты келісім жасау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Кездесу соңында тараптар гендерлік теңдік мәселелерін, соның ішінде 1995 жылы өткен БҰҰ-ның әйелдер ахуалы жөніндегі төртінші бүкіләлемдік конференциясында қабылданған Бейжің декларациясы мен Іс-қимылдар тұғырнамасы аясындағы мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, Жапония елшісі Мемлекеттік хатшыға биылғы жылдың тамыз айында Токио қаласында өтетін 2-ші Бүкіләлемдік әйелдер конференциясына қатысуға Жапония Премьер-министрі Х.Абэнің шақыруын табыс етті. Кездесуге Қазақстан тарапынан Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары, Мәжіліс депутаты Елена Тарасенко, Жапония тарапынан Парламенттік білім, мәдениет, спорт, ғылым және технология аға вице-министрі Мотоюки Фудзии, Мәдениет агенттігінің дүниежүзілік мұралар жөніндегі бөлімінің директоры Такахиро Окамота қатысты.
Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».