Бұл жарыста еліміздің намысын мына балуандар қорғайды: ерлер – Шерзод Давлатов, Аман Бақытжан (60 кг), Нұрқанат Серікбаев (66 кг), Есет Қуанов (73 кг), Абылайхан Жұбаназар, Әділет Алмат (81 кг), Айдар Арапов (90 кг), Нұрлыхан Шархан, Марат Байқамұров (100 кг); әйелдер – Диана Бүркеева (48 кг), Дана Әбдірова, Бақыт Құсақбаева (57 кг), Эсмигүл Куюлова, Самалай Ерғалиева (63 кг), Ажар Асхат (70 кг), Аруна Жангелдина (78 кг), Ақерке Рамазанова, Аида Тойшыбекова (+78 кг).
Ертең Мысырдың астанасы – Каирде спорттық гимнастикадан Әлем кубогінің кезеңдік сайысы басталады. Бұл бәсекеде Нариман Құрбанов, Зейнолла Ыдырысов, Ілияс Әзізов, Асан Сәлімов, Алтынхан Темірбек бақ сынайды.
Кеше Бразилияның Рио-де-Жанейросында семсерлесуден жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы әлем біріншілігінің шымылдығы түрілді. Байрақты бәсекеде еліміздің туы астында 17 ноян өнер көрсетіп жатыр. Олар – Нұрмұхаммед Жайлыбай, Ерхан Қараман, Қанағат Шерім, Сұлтан Станбек, Әдемі Серікбай, Қайша Жәнібек, Наргиз Сайдуллаева (қылыш, жасөспірімдер), Айбар Қайым (қылыш, кадеттер), Кирилл Проходов, Нұржан Әбжанов, Нариман Уәлихан, Жанарбек Жанұзақов (шпага, жасөспірімдер), Александр Шешин, Полина Лесовская (шпага, кадеттер), Тимофей Семенов, Мансұр Естеу, София Ақтаева (рапира, жасөспірімдер). Жарыс 9 сәуірде аяқталады.
15 жастағы Кәрім Меңдіқанов Испанияның атақты «Барселонасымен» келісімшартқа отырды. Негізі ол 2022 жылдан бері сол мемлекеттің түрлі фарм-клубтарында ойнады. Былтырғы маусымда Кәрім Каталонияның «Серданьоласының» жейдесін киді. Одан кейін «Сан-Кугаттың» сапында болды. Осы командаларда өрнекті ойынымен көзге түскен қандасымыз ақыры «Барселонаға» қабылданды.
4–5 сәуір аралығында Францияның Тье қаласында көркем гимнастикадан Гран-при сериясының үшінші кезеңі өтеді. Жарыста Аида Хәкімжанова, Жасмин Жүнісбаева, Мәдина Мырзабай, Айзере Кеңес, Айзере Нұрмағамбетова, Кристина Чепульская сынды жерлестеріміз өнер көрсетеді.
Үндістанның Нагпур қаласында өткен ITF W15 турнирінде теннисші Жібек Құламбаева толайым табысқа қол жеткізіп, жекелеген сайыста бас жүлдені олжалады. Финалда жергілікті спортшы Сонал Патилға 6:1, 6:3 есебімен сан соқтырды. Оның алдында Жібек жұптық бәсекеде де топ жарған еді.
Еліміздің ең үздік теннисшісі Елена Рыбакина биылғы жылдың басынан бері 3 777 292 доллар көлемінде табыс тапқан екен. Оның басым бөлігін, яғни 2 724 432 долларды Australian Open турниріндегі жеңісінің арқасында олжалады. Одан бөлек, есепшотына Indian Wells Open додасының финалына шыққаны үшін 612 340 доллар, Miami Open жарысының жартылай финалына дейін жеткені үшін 340 190 доллар аударылды.