«Ғылым комитеті 2025 жылы 29 қыркүйекте жарияланған 2026–2028 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыру конкурсының 2025 жылдың 10 қарашасына дейін ұзартылғанын хабарлайды». Ғылымнан алыс оқырман осы хабарландырудан қандай да бір кілтипан көрмеуі кәдік. Ал жалақысы, жұмысының болу-болмауы грантқа тәуелді ғалымға алаңдатарлық-ақ ақпарат. Шын мәнінде мұндай конкурс сәуірдің 15-іне дейін жарияланып қоюы керек. Дәл осы жерден тұтас жүйе күрмеле бастайды.
Түйткіл
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен айдағы ғылыми қауымдастықпен кездесуінде нақ сол ғылымды қаржыландыру ісіне тәртіп керек екенін айтқан еді. «Грант алушыларды аккредиттеуден бастап қаржыландыру үдерісінің барлық кезеңінде кемшіліктер көзге көрініп тұр. Ғылыми жұмыстың нақты пайдасы, жаңашылдығы қандай? Оған ешкім бас қатырмайды. Бұған қоса сараптама ұзаққа созылады. Жобалар уақтылы іске аспайды. Үкімет аталған мәселелерді егжей-тегжей тексеріп, жағдайды түзеу үшін шұғыл шаралар қабылдауы қажет», деген еді.
Иә, уақтылы іске аспайды дегеннен шығады. Негізі гранттық қаржыландыру конкурсы 2023 жылғы 6 қарашадағы №563 бұйрығына сай 15 сәуірге дейін жариялануға тиіс. Бірақ министрлікке бағынысты Ғылым комитеті ең ерте дегенде тамыз айында конкурс басталғанын хабарлайды. Құжат қабылдау шамамен қазан айының ортасына дейін болады. Жоғарыдағы хабарландырудан оқығанымыздай, тіпті қарашаның 10-ына дейін созылған. Осы сәтте кей ғалымның жылдық есеп тапсыруы жағаласып жатады. Одан жедел болды десек, формалды тексеріс 2 айға созылады, сөйтіп жаңа жыл жетеді. Келесі жылдың наурыз айында рецензиялауға жіберіледі, мамыр-маусым айында ғана конкурстың келесі кезеңіне кімнің өткені анықталады. Әлі Ұлттық ғылыми кеңестің қарауы бар ғой, бұл кезеңде де екі айдай қарайды. Сонымен, жыл басында алу керек грант қаражат тамыз айында ғана қолға түсе бастайды. Әлгіндей кешігуден күзге қарай алуы да мүмкін. Ғылыми зерттеу институттарында ғалымдардың негізгі табыс көзі – грант. Ал бұл бір жылға созылғандықтан, ғалымдар күнкөрістің қамымен қосымша жұмыс істеуге мәжбүр.
Шешім
Өткен жылдың қараша айында Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов осы түйткілдің түйіні түбегейлі тарқатылғанын айтып сүйіншілеген еді.
«Жобаға 36 айға ақша бөлінді. Бірақ конкурс созылып, келісімшарт қарашада ғана жасалды. Сондықтан 36 ай болған зерттеу мерзімі 26 айға дейін қысқарады. Осыған байланысты сол 36 айға есептелген зерттеуге қажет қаражаттың 100 пайызының іс жүзінде 70-80 пайызы ғана ғалымға жетеді. Соның кесірінен ғалым зерттеуді қысқа мерзімге «сығымдауға» мәжбүр, зерттеу сапасы төмендейді, материал, жабдық, жалақы жетпейді, күнтізбелік жоспар толық орындалмайды, қаражаттың бір бөлігі бюджетке кері қайтады, ғалымдар да, мемлекет те ұтылады. Бұл мәселе жылдар бойы шешілмей келген. Себебі Бюджет кодексі қаражатты келесі жылға автоматты түрде көшіруге рұқсат бермейтін. Былтыр жаңа Бюджет кодексін қабылдағанда біздің ұсынысымызбен қаржыны келесі жылға толық көлемде көшіруге мүмкіндік беретін норма қабылданды. Енді осы мүмкіндіктің нәтижесінде «Ғылым туралы» заңға ғылыми жобаның мерзімі келісімшарт жасалған күннен бастап есептеледі әрі бүкіл мерзімді толық қамтиды деген норманы ұсынып, бүгін жұмыс тобында қабылдадық», деген депутат.
Осы өзгеріске сәйкес, енді егер шарт қарашада жасалса да, жоба толық 36 ай жұмыс істейді. Қаражат та сол 36 айға толық көлемде сақталады. Ештеңе қысқармайды, жоғалмайды. А.Аймағамбетовтың айтуынша, соның нәтижесінде ғалымдарда тұрақтылық пен жоспарлау мүмкіндігі артады, зерттеу сапасы жақсарады, жалақы мен шығындар толық қамтылады, елге қажет ғылыми нәтижелер толық көлемде іске асады, Қазақстан ғылымы жүйелі түрде нығаяды.
Ал Математика және математикалық модельдеу институтының бас ғылыми қызметкері, профессор, PhD Берікбол Төребектің пікірінше, бұл – қуанатын нәрсе емес. «Мұнда бір мәселені ескеру керек. Егер конкурс сәуірде емес, тамызда жарияланып, грант жеңіп алғаны келесі жылғы тамызда белгілі болса, осы аралықтағы жұмыс істейтін адамның еңбек өтілі жазылмай қалады, сәйкесінше зейнетақы қорына, медициналық сақтандыру қорына ақша жіберілмей, жұмыс істемеген адам сияқты болады. Мұныңыз – үлкен кедергі. Осы тұрғыдан алғанда мәселенің шешімі – жоғарыда депутат айтқандай, шарт жасалған уақыттан бастап мерзімді, қаржыны есептеу емес, конкурсты уақытында жариялау, дер кезінде лайықтыны анықтау. Әйтпесе жыл сайынғы «жыр» жалғаса береді. Уақтылы конкурсты жарияламау неге үрдіс алып кеткен? Себебі министрліктің, соның ішінде Ғылым комитетінің конкурсты кеш жариялағанына ешкім жауап бермейді», дейді профессор Б.Төребек.
Оның ойынша, ғылыми жобаларды рецензиялау деңгейі тым төмендеді. Бұдан рецензияның сапасы күрт түсіп кеткен, бәрі бірізді, танысқа тарту жағдайлары бар. Үш жыл бұрын рецензия беретін адамдарға берілетін қаржының көлемін азайтып тастады, содан болуы мүмкін, қазір көбіне шетелдіктер емес, қазақстандықтар рецензиялайды. Екіншіден, ғылыми жетекшіге қойылатын талап та әлсіреп кетті, бұған дейін бұл жоғары болатын. Қазір ғылыми дәрежесі бар кез келген адам жоба жетекшісі бола бере алады.
«Меніңше, гранттық қаржыландыру мерзімі 3 жылға жарияланатын болғандықтан, осындай мәселелер туындап жатыр. Ғылымның көптеген саласында зерттеудің нәтижесін 3 жылда көру мүмкін емес. Оның бір жылы жоғарыда айтылғандай бюрократияға кетсе, ғылым қайда қалады? Мысалы, мен 4 жыл Бельгияда жұмыс істеп келдім. Сонда байқағаным, онда гранттық жобалар 7 жылға беріледі. 7 жыл мерзім өткен соң тиісті комисия жобаны сәтті орындалды деп есептесе, тағы 7 жылға жаңа конкурссыз жалғастыруға ұсыныс береді. Әлемдік тәжірибе дегеннен шығады, шетелдерде де гранттық қаржыландыру конкурсының өткізілу мерзімі 7-8 айға созылады, мұны табиғи құбылысқа балауға болады. Бірақ ең маңыздысы әрі басты ерекшелігі – онда конкурс уақытында басталады. Ғылымдағы қаржыландырудың тұрақсыздығы салдарынан салаға жастарды тарта алмай жатырмыз, қызықпайды, ынталанбайды, табысы жоғары жаққа кетеді», деді ғалым Б.Төребек.
Уәж
Біз Ғылым және жоғары білім министрлігіне «Неге гранттық қаржыландыру конкурсы бұйрыққа бекітілгендей 15 сәуірге дейін емес, жыл сайын кеш жарияланады?» деп сұрау салдық. Министрлік бізге берген жауабында ғылыми жобалар мен бағдарламалардың іске асырылу мерзімін келісімшарт жасалған күннен бастап есептеу жөнінде ұсыныс енгізгенін, аталған ұсыныс қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде қолдау тауып, тиісті заңнамалық және ұйымдастырушылық шаралар қабылданып жатқанын жазған.
«Гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру қаражатын тікелей Ғылым және жоғары білім министрлігі жүзеге асырмайтынын атап өтеміз. Қаржыландыру Қаржы министрлігі арқылы белгіленген тәртіппен бөлінеді. Осы бағыттағы жұмыс жалғасып, мәселе заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу арқылы шешілетін болады», делінген министрлік жауабында.
Жалпы, бюджеттен қаржы алатын жұрттың бәріне белгілі, қаражат 1 жыл бұрын жоспарланады, алдын ала сұрау салынады, Қаржы министрлігі қарайды, дұрыс-бұрысын тексереді, сметасында сұрақтар болса, түзетуге қайтарылады, ақша сұраған ұйым оны дұрыстап тағы жібереруі керек. Түптеп келгенде қағаз жұмыстары ғой қол байлайтын.
Түйін: Сонда ғылыми жұмыс өзінің жарқ етер сәтін күтіп қос министрліктің ортасында допша домалап жүреді екен ғой. Рас, Үкімет отырыстарында жиі айтылатындай, ғылымға берілетін қаржы бұрынғыдан бірнеше есе ұлғайды. 2024-2026 жылдарға 703 млрд теңге бөлінген. Қысқасы, сан бар, сапа қайда? Бұл іспен дәлелденетін, әйтпесе сөзбен сиырқұйымшақтана беретін мәселе болып-ақ тұр.