өмірде бар екенін дәлелдей алмай жүр
Ақтөбенің 29 жастағы тұрғыны, екі баланың анасы Айымгүл Көшербаева ешбір жерде тіркеуде жоқ. Тіпті оның қолында өмірге келгенін растайтын құжаты да болмаған. Сондықтан ол бүгінде өзінің өмірде бар адам екенін дәлелдей алмай жүр.
Соңғы үш жылда келіншектің бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Сотқа да шағымданып көрді. Алайда, ол жерде ДНК сараптамасынан өту керектігі айтылған. Ал мұндай сараптаманың құны 150 мың теңге тұрады. Бала күтімі бойынша демалыста отырған ана үшін бұл қомақты қаржы. Дегенмен, тек осы сараптама қорытындысынан кейін ғана ол еліміздің азаматы екенін дәлелдей алады.
Өзінің өмірде бар адам екеніне өзгелердің көзін жеткізу үшін әділет басқармасы мен «Нұр Отан» партиясына да барған. Бірақ Айымгүлдің туғаны туралы ешбір жерде тіркелмегендіктен, аталған мекемелер де көмек бере алмай отыр.
Кезінде қой баққан ата-анасы орталықтан алыс тұрғындықтан, баланың құжаттарын рәсімдемеген. Енді 1986 жылы кеткен сол қателіктен қыздары зардап шегуде.
Құжатсыз азаматша өз тағдырын балалары қайталай ма деп қорқады. Себебі, балаларының туу туралы куәлігін жасату үшін де аналарының құжаты қажет. Айымгүл, тіпті, он жыл отасқан жолдасымен де заңды некеге тұра алмай келеді.
Еламан ҚОҢЫР,
«Егемен Қазақстан».