• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:05

Қара сөзді кие тұтқан қаламгер

20 рет
көрсетілді

Жақында Ұлттық академиялық кітапханада белгілі ақын, аудармашы Әбжан Әбілтайдың мерейтойына орай «Сөз киесі» атты жаңа кітабы таныстырылды.

Әбжан Әбілтай – қара сөзді кие тұтқан қаламгер. Оның саналы ғұмырының біраз бөлігі туған елі Торғай жерінде өтті. Ұзақ жыл аудандық, облыстық басылымдарда қызмет істеп, журналис­тикада қолтаңбасын қалдырды. Алайда Әбжан ағаны ел арқалы ақын деп біледі. Бұған дейін бірнеше жыр жинағы жарық көрген. Ақын поэзиясында өрлік пен рух еркіндігі айқын көрініп тұрады. Сондай-ақ оның шығармашылығына әдебиеттегі аға буын өкілдері мен сыншылар жоғары баға берген.

Қаламгердің тағы бір қыры – аудар­ма­шылығы. Бұл салада да өнімді еңбек етті. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Э.Золя, Н.Гоголь, И.Бродский сияқты әдебиет классиктерінің туындыларын тәржімеледі. Әлемге әйгілі С.Есенин, Е.Евтушенко, Р.Рождес­твен­­ский, А.Воз­несенский, К.Насрулло, Г.Сафиева секіл­ді айтулы ақындардың өлең­дерін қазақ­ша сөйлетті. Сонымен бірге біраз жыл мемлекеттік қызмет саласында да тер төгіп, қазақ тілінің терминология­лық сөздігін жетілдіру мен аударма ісін дамытуға атсалысты.

Әдеби кешті Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының дирек­торы, ақын Бауыржан Бабажанұлы жүр­гізді. Жиын құттықтаулармен бас­талды. Алдымен Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп Мемлекет басшысы­ның құттықтауын оқып берді. Одан кейін Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің лебізі мен сый-сияпаты да тапсырылды.

Жиында елордалық қаламгерлер дарынды тұлғаның ақындығы, аудар­­ма­шы­лығы, азаматтығы туралы салмақты сөз өрбітті. Мәселен, жазушы Мәди Айымбетов кеш иесінің аудармашылық еңбегіне тоқталды.

«Мемлекеттік қызметте жүріп, шығармашылықпен айналысу оңай ­емес. Бірақ Әбжан – осы қиындықтан жол таба білген қаламгер. Оның ақындығы туралы сөз басқа. Ал аудармашылық өнеріне үнемі тәнтімін. Айталық, атақты ақын И.Бродскийдің поэзиясын керемет аударған. Құдды, ақын өлең­дері Әбжанның өз туындысы секілді. Қазақы нақышты иірімге бай. Сондай-ақ ол заң саласының терминологиясын қалыптасыруға да мол үлес қосты», деді ол. Ал көрнекті ақын Серік Тұрғынбек­ұлы Әбжанның болмысы мен поэзиясында Мағжанға ұқсас қасиеттер көп екенін тілге тиек етті. Жазушы-журналист Қайсар Әлім өз сөзін қаламгердің ұлы бабасы, Торғай ақындық мектебінің ірі өкілі Сейдахмет Бейсенұлынан бастады.

«Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» атты зерттеуінде Сейдах­мет­тің өлеңдеріне талдау жасаған. Бұл – ақын поэзиясының мықтылығын айғақтайтын мысал. Әбжан – Сейдахмет ақынның шөбересі. Оның өлеңдерінде де бабасынан дарыған өткірлік, кемелділік, парасаттылық тұнып тұр», деді. Іс-шара барысында басқа да азаматтар сөз алып, жылы пікірлерін білдірді. Ән айтылып, күй тартылды. Кеш соңында ақын жаңа өлеңдерін оқып, жиынға келген қауымға ризашылығын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар