Кеше Таяу Шығыс өңірінде әуе кеңістігінің жабылуына байланысты биылғы ақпан айында эвакуациялық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге елеулі үлес қосқан авиация саласының өкілдерін марапаттау рәсімі өтті.
Марапаттарға мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметкерлері, әуе компаниялары мен әуежайлар мамандары, ұшу экипаждарының мүшелері, жерүсті қызметтерінің мамандары және саланың басқа да өкілдері ұсынылды.
Мемлекеттік наградаларды Мемлекет басшысының атынан Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр табыс етті.
«Барлық жұмыстың нақты әрі үйлесімді ұйымдастырылғанын атап өткім келеді. Бұл лайықты ордендер, медальдар және Президенттің алғысы сіздерге алдағы кәсіби өсуге, бар дағдыларды жетілдіруге, жаңа білім мен қабілеттерді меңгеруге қосымша серпін береді деп сенемін. Бұл сіздерге алдағы уақытта да Отанымыздың өркендеуі жолында жемісті еңбек етуге жігерлендіреді», деді Р.Скляр.
Биылғы ақпан айында Таяу Шығыс өңірінде әуе кеңістігінің жабылуына байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес отандастарымызды елге қайтару бо-йынша ауқымды жұмыс жедел ұйымдастырылды. Құрылған ведомствоаралық топтың құрамындағы мемлекеттік органдар мен ұйымдар өкілдері тиісті жұмысты қамтамасыз етті.
3–13 наурыз аралығында 66 рейс орындалып, 10,2 мың азамат елге жеткізілді. Тасымалдауды «Air Astana», «SCAT», «FlyDubai», «Air Arabia» әуе компаниялары Дубай, Шарджа, Джидда, Медина мен Маскаттан Алматы, Астана, Атырау, Ақтау, Шымкент бағыттары бойынша жүзеге асырды.