• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Көрме Бүгін, 08:17

Ғарышкерлер ғибраты

30 рет
көрсетілді

Биыл Қазақ жеріндегі Байқоңыр ғарыш ай­лағынан Юрий Гага­риннің ғарышқа ұш­қанына 65 жыл толып отыр. Сонымен қатар ғарыш туризміне ширек ғасыр толды. Осыған орай елордадағы Президент­тік орта­лықта «Кеттік! 65 жыл бұрын...» ат­ты архивтік-иллюс­трациялық көрме ашылды.

Көрменің мақсаты – адамзаттың ғарышқа алғаш ұшуынан бас-тап еліміздің қазіргі заманғы ғарыш саласының қалыптасуы мен дамуына дейінгі тарихи сабақтастықты көрсету, сондай-ақ еліміздің жетістіктеріндегі оның рөлін айқындау. Сонымен бірге бұл көрме еліміздің ғарыш мұрасын насихаттауға, саланың инновациялық дамуының үлгісі ретінде коммерциялық ғарыш туризмінің 25 жылдығын танытуға бағытталған.

Іс-шараның ашылуында Президенттік орталықтың директоры Бақытжан Темір­болат көрменің маңызына айрықша тоқталды.

«Бұл күннің еліміз үшін орны бөлек. Өйткені дәл осы қазақ жерінде адамзат өркениетінің ғарыш дәуірі басталды. Юрий Гагариннің ғарышқа ұшуы ғылыми-техникалық прогрестің ұлы рәмізіне  айналып, адам мүмкіндігінің шексіздігін танытты. Ғарыш саласы үшін мерейтойлық бұл жылдың ел тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келуі де терең рәміздік мәнге ие. 1991 жылы Қазақстан егемендігінің рәміздік бастауы Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшуымен астасып жатыр. Аталған тарихи оқиғаның 35 жылдығымен қатар, айтулы тұлғаның 80 жылдық мерейтойын да атап өтеміз. Сондай-ақ биыл тағы бір даңқты отандық ғарышкер Талғат Мұсабаевтың 75 жылдығы аталып өтер еді», деді ол.

Көрме екі бө­лім­нен жасақталған. Оған 30-ға жуық экспонат пен 60-тан астам архив материалы ұсынылды.  Бірінші  «Шексіз ғарышқа алғашқы қадам» деген бөлімде  – Юрий Гагариннің алғашқы ғарышқа ұшқан тарихи маңызы көрсетіліп, адамзаттың оны  игеруіндегі жаңа дәуірдің басталғаны баяндалған.

Ал екінші бөлім «Қазақстан және ғарыш» деп аталды. Онда  еліміздегі ғарыш сала­сының дамуы туралы материалдар қойылды. Әсіресе отандық ғарыш­керлер Тоқтар Әубәкіров, Тал­ғат Мұсабаев пен Айдын Айымбе­товтің жетістіктері көпшіліктің қы­зығу­шы­лығын туғызды. Сондай-ақ бұл бөлімде алғаш­қы ғарыш турисі Деннис Тито туралы да айтылады.

 

Азамат ҚҰСАЙЫН 

Соңғы жаңалықтар