Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Нидерланд Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хенри Хуберт Дриссермен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
М.Әшімбаев екі ел арасындағы қатынастардың қарқынды және тиімді дамып келе жатқанын атай отырып, Нидерланд Қазақстанның Еуропадағы бірден-бір іскер серіктесі екендігін жеткізді. Корольдік Қазақстан Тәуелсіздігін алғалы бергі уақытта еліміздің экономикасына 50 млрд. доллардан астам қаржы құйды.
Аймақтық және ғаламдық үдерістерге қатысу барысына тоқталған Мәжілістің комитет төрағасы Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болуға ұмтылысын қолдайтынынан үмітті екендігін білдірді.
Тараптар «100 нақты қадам» шеңберінде жасалып жатқан институттық 5 реформаға айрықша назар аударды. Х.Дриссердің мәлімдеуінше, Қазақстан Еуропаға қауіпсіздік, тұрақтылық пен өркендеу орталығы ретінде маңызды.
Жүргізіліп жатқан реформалар бойынша депутаттардың жұмысы туралы М.Әшімбаев біздің ел Нидерландтың заңнамалық қызмет саласының тәжірибесіне қызығушылық танытатынын білдірді. Сонымен қатар, мәжілісмен екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың одан әрі дамуының маңызына тоқталды.
Тараптар болашақ өзара байланыстар бағытының ішінде сауда-экономикалық, мәдени-ізгілік байланыстарды ерекше атады. Х.Дриссер Қазақстанды ДСҰ-ға енуімен құттықтады.