Өңірде жол қозғалысы біртіндеп тәртіпке түсіп келеді. Алдыңғы аптада өткен ауқымды саптық таратылым жол ережесін елемейтін жүргізушілерге «заң бәріне ортақ» екенін естеріне салды. Бұл жолы «жанашырларына» сеніп, жауапкершіліктен жалтару мүмкіншілігі мүлдем болмады. Астана қаласы мен Ақмола облысынан келген тәртіп сақшылары және өңірдің жол сақшылары заң бұзғандарды қатаң жауапқа тартып, айыппұл салып, көліктерін арнайы тұраққа жөнелтті.
Өңіраралық ауқымды саптық таратылым ұйымдастырылғанға дейін өңірдегі сақшылар бірқатар профилактикалық рейд өткізді. Бұған учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция батальоны мен полк қызметкерлері, Ұлттық ұлан жауынгерлері жұмылдырылды. Рейд барысы облыстық полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы басшылығының тікелей бақылауында өтті.
Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Какимовтің айтуынша, жүргізілген шаралардың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу, жүргізушілерге түсіндіру жұмысын күшейту, жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыру.
Кең көлемді профилактикалық жұмысқа қарамастан, бір тәуліктің өзінде облыс аумағында 800-ден астам жол ережесін бұзу дерегі тіркелген. Оның 70-і – өрескел заң бұзушылық.
Рейд барысында 3 жүргізушінің мас күйінде көлік тізгіндегені анықталды. Жүргізу құқығынан айырылған 2 азаматтың қайта рульге отырғаны белгілі болды. Бұдан бөлек, көлік әйнектерін заңсыз қараңғылау – 22, жүргізу куәлігінсіз көлік басқару – 8, сақтандырусыз жүрудің 16 фактісі тіркелді. Жалпы, 34 автокөлік айып тұрағына қойылған.
Полиция ерекше назар аударған мәселенің бірі – бұрын мас күйінде ұсталып, жүргізу құқығынан айырылған азаматтардың қайта заң бұзуы. Өкінішке қарай, мұндай жағдай азаймай тұр.
– Мас күйінде көлік басқару – аса қауіпті әрекет. Бұл ауыр жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін. Соған қарамастан, кейбір азаматтар заң талаптарын елемейді. Мәселен, 38 жастағы тұрғын бұрын құқығынан айырылса да, қайтадан мас күйінде рульге отырған. Қазір оған қатысты қылмыстық іс қозғалды, – деді басқарма басшысы.
Үш күнге жоспарланған саптық таратылым аяқталысымен қала көшелерінде ауқымды рейдтік шаралар басталды. Біз де патрульдік экипажбен бірге жолға шығып, тәртіп сақшыларының жұмыс барысын көзбен көрдік. Қызметтік көлік ішінде аға инспектор, полиция капитаны Айбек Байбатыров, полиция капитаны Дулат Ыдырысов, арнайы жасақ қызметкері, аға лейтенант Рахат Ғазизұлы бар.
Рейд барысында Айбек Байбатыров кейінгі уақытта қалада транзиттік, яғни уақытша тіркеу нөмірімен жүрген көліктердің көбейгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыттағы бақылауды күшейту қажет.
– Басты мақсат – заң бұзушылықтың алдын алу. Жолға шыққан әрбір жүргізуші өз өміріне ғана емес, өзгенің де қауіпсіздігіне жауапты екенін түсінуі керек, – деді ол.
Патруль қызметкерлері көліктерді тоқтатып, заманауи планшеттер арқылы мемлекеттік нөмірлерді бірден дерекқордан тексеріп отырды. Құжаттары күмән тудырған көліктер бірден егжей-тегжейлі қарауға алынады.
Жауынгер-интернационалистер көшесінде Грузия тіркеуіндегі «KIA K5» көлігі тоқтатылды. Тексеру барысында жүргізушінің Қазақстан азаматы бола тұра, шетелдік нөмірмен көлік жүргізген оған 43 200 теңге айыппұл салынып, көлік айып тұрағына жөнелтілді.
Бірнеше сағаттың ішінде транзиттік нөмірмен жүрген онға жуық көлік анықталды. Олардың бірқатары арнайы тұраққа қойылып, жүргізушілерге әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Патрульдеу кезінде өзге де құқық бұзушылықтар тіркелді. Мәселен, қауіпсіздік белдігін тақпаған, техникалық байқаудан өтпеген «ВАЗ-21099» көлігі тоқтатылды. Ресей азаматы басқарған қара түсті «BMW» көлігі де тексерістен өтті. Құжаттары талапқа сай болғандықтан, жүргізушіге тек түсіндіру жұмысын жүргізді. Тағы бір транзиттік нөмірмен жүрген көлікке қатысты заң бұзушылық анықталып, жүргізушіге 43 200 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл көлік те айып тұрағына қойылды.
Тәртіп сақшылары рейд барысында құқық бұзушылықты анықтаумен ғана шектелмей, азаматтардың қауіпсіздігіне қатысты жағдайда да жедел әрекет етті. Соның бір мысалы – С.Ерубаев көшесіндегі «Азат» сауда үйі маңында болған оқиға. Мас күйінде құлап қалған азамат туралы хабар түскен сәтте, полиция қызметкерлері дереу жетіп, жедел жәрдем шақырды.
«Кеншілер Мәдениет сарайы» аялдамасы маңында патрульдеу кезінде тәртіп сақшылары өзін жайсыз сезінген қыз баланы байқайды. Полицейлер оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейін шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізді.
Мұндай сәттерде полиция қызметінің мәні айқындала түседі. Олар тек заң талаптарының орындалуын қадағалайтын орган ғана емес, қажет кезде адам өміріне араша түсетін, жауапкершілігі жоғары қызмет иелері екенін көрсетеді.
Күнделікті қызметтік нұсқамаларда ауыр зардапқа әкелуі мүмкін өрескел құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне айрықша мән беріледі. Соның ішінде мас күйінде көлік басқару, жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдалану, жол қозғалысына қауіп төндіретін өзге де әрекеттер қатаң бақылауда тұр.
Рейд барысында Балқаш қаласында жалған тіркеу белгісімен жүрген «Nissan» көлігі анықталып, тоқтатылды. Тексеру кезінде 32 жастағы жүргізушіден қолдан жасалған пышақ табылып, тәркіленді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ал тағы бір жағдайда «Volkswagen Passat» көлігінің 22 жастағы жүргізушісі көлігіне арнайы жарық сигналдарын – қызыл және көк түсті құрылғыларды заңсыз орнатқаны үшін жауапкершілікке тартылды. Көлік арнайы айып тұрағына қойылды. Осы деректердің өзі рейдтік шаралардың жолдағы тәртіпті күшейтуге ғана емес, қоғамдық қауіпсіздікке төнетін нақты қатерлердің алдын алуға бағытталғанын айқын аңғартады.
Жалпы, полиция қызметкерлері күн сайын шамамен 2000-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кеседі. Біз қатысқан бір тәуліктің өзінде мас күйінде көлік басқарған 2 жүргізуші, көлік жүргізу құқығынан айырылған 5 адам, жалған тіркеу белгілерін пайдаланудың 5 дерегі, қарсы жолаққа шығудың 7 фактісі анықталды. Қысқасы, үш күндік рейд қорытындысы өңірдегі жол қозғалысы мәдениетін әлі де жетілдіре түсу қажеттігін көрсетіп отыр.
Қарағанды облысы