• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
«Таза Қазақстан» 17 Сәуір, 2026

Табиғатпен үндескен өлке

40 рет
көрсетілді

Жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өңірдің келбетін жыл санап жаңартып келеді. Биыл облыс аумағында 12 жасыл аймақты – 9 саябақ, 1 гүлзар, 2 аллеяны абаттандыру жоспарланған. Бұл – экологиялық ахуалды жақсартатын, қалалар мен ауылдардың ажарын ашатын ауқымды жұмыс.

Жаңаша кейіпке ене­тін бұл орындар серуендейтін аумақ қана емес, тұрғындардың күнделікті өмірімен біте ­­қайнасатын қоғамдық кеңіс­тікке айналмақшы. Мұн­да жаяу жүргіншілер жолы, демалыс орындықтары, жарық­тандыру жүйелері орнатылып, көгалдандыру жұмысы жүргізіледі. Балаларға арналған ойын бұрышы мен ересектерге арналған тынығу алаңы жасақталып, әр нысанның табиғи ерекшелігі сақталады.

Экоакция аясындағы жұ­мыс­тың ауқымы мұнымен шектелмейді. Биыл өңірде 25 аула абаттандырылып, тұр­ғындарға қолайлы орта қалып­тастырылады. Сонымен бірге 17 балалар және спорт алаңы салынып, саламатты өмір салтын насихаттауға басымдық беріледі. Бұл – әсіресе жас ұрпақтың бос уақытын тиімді өткізуіне, аула мәдениетінің жақсаруына үлкен мүмкіндік.

Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым да назардан тыс қалған жоқ. 148 көпқабатты тұрғын үйдің шатырлары мен қасбеттері жөнделіп, олардың сыртқы келбеті жаңарды. Бұл тек эстетикалық өзгеріс емес, үйлердің техникалық жағдайын жетілдіріп, тұрғындардың қа­уіп­сіздігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған маңызды шара. Сонымен қатар 15,6 км арық желісі тазартылып, қал­пына келтіріледі. Жұмыс көктемгі еріген қар суын тиімді бұруға, су тасқыны қаупін азай­туға сеп болады.

Көшелердің жарық­тан­дырылуы да айрықша мәнге ие. Жоспарға сәйкес, 200 қараңғы көшеге жарық орнатылады. Бұл түнгі уақытта қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, елді мекендердің эсте­тикалық кел­бетін де айқындай түседі. Көгал­дан­дыру бағытында 121 мың көшет егу көзделген. Жас ағаштар уақыт өте келе көлеңкелі аллеялар мен жасыл белдеулерге айналып, өңірдің экологиялық тепе-теңдігін сақтауға үлес қосады.

Өткен жылдың нәтижесі де бұл бастаманың жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Былтыр облыс көле­мінде 13 саябақ, 6 аллея, 2 гүлзар жаңартылып, тұрғын­дар­дың игілігіне берілді. Сол нысандардың ішіндегі айрықша жобалардың бірі – Сарқан ауданындағы табиғи ландшафты сақтай отырып салынған сая­бақ. Аумағы 6 гектарды құрай­­тын орын табиғат пен сәулет­тің үйлесімін айқын танытады. Мұнда Жоңғар – Алатау ұлттық табиғи паркінің флорасы мен фаунасын бейнелейтін ағаштар отырғызылып, жануарлар мүсіндері орнатылған. Саябақ алдағы уақытта экопарк ретінде дамытылып, экологиялық туризмнің жаңа ны­санына айналмақшы. Яғни тек демалыс орны емес, та­биғатты тануға, қоршаған ор­таға жауапкершілікпен қа­рауға үндейтін ашық аспан астындағы экологиялық білім алаңы бол­мақшы.

«Таза Қазақ­стан» бағдар­ла­ма­сы аясында өңірде 2 орталық алаң, 49 аула, 81 балалар мен спорт алаңы абаттандырылды. 77 көп­қабатты тұрғын үйдің шатыры мен 33 қасбеті жөнделді. 16,5 км арық желісі мен 72 ескерткіш қалпына келтірілді. Бұдан бө­лек, 315 шақырым жерге көше жарығы орнатылып, Сарқан, Үштөбе қалаларында, сондай-ақ Көксу ауданының Балпық би ауылында көпқабатты үйлердің қабырғаларына үш тақырыптық мұрал салынды.

– «Таза Қазақстан» мұралы экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаға ұқыпты қарау тақырыбына арналған. «Адал азамат» мұралы адалдықты, патриотизмді, жауапкершілікті білдіреді. «Заң мен тәртіп» мұралы әділетті мемлекет құру­дағы заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіптің маңызын көрсетеді. Біз, жастар, тазалықты сақтау, адал еңбек ету, заң мен адамдарды құрметтеу – болашаққа қосқан үлесіміз деп санаймыз, – дейді «Жетісу жастары» КММ директоры Шамиль Ванкеев.

Облыс әкімі баспасөз қыз­метінің мәліметінше, былтыр өңірде қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы іс-шараларға 227 мың тұрғын қатысты. Нәтижесінде, 134,9 мың көшет отырғызылып, 16 мың тонна қоқыс шығарылды.

Жалпы алғанда, Жетісуда жүзеге асып жатқан шаралар өңірдің экологиялық келбетін жақсартып қана қоймай, тұр­ғындардың өмір сапасын арт­тыруға бағытталған. Жасыл желекке оранған көшелер, сәу­летті саябақтар, таза аулалар – мұның бәрі табиғат пен адам арасындағы үйлесімнің нығая түскенін анық аңғартады.

 

Жетісу облысы 

Соңғы жаңалықтар