Қызылшаның таралу қарқыны бәсеңдеп келеді. Соңғы бір аптада сырқаттанушылық деңгейі 30%-ға төмендеді. Науқастардың басым бөлігі екпе алмағандар, деп жазады Egemen.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы аптада қызылшаның 212 жағдайы тіркелген, ал оның алдындағы аптада бұл көрсеткіш 302 болған. Бұл эпидемиологиялық ахуалдың біртіндеп тұрақтанып келе жатқанын көрсетеді.
Өңірлер бөлінісінде ең көп жағдай Астана қаласында – 46, Павлодар облысында – 38, Алматы қаласында – 20, Қарағанды облысында 19 жағдай тіркелген.
2025 жылдың қорытындысы бойынша елде 4 240 жағдай анықталған. Оның ішінде 76,4%-ы екпе алмаған азаматтарға тиесілі. Екпе алмағандардың арасында балалардың үлесі басым – бұған ата-аналардың екпеден бас тартуы, медициналық қарсы көрсетілімдер немесе жас ерекшелігі себеп болып отыр.
Балаларды қызылшадан қалай қорғау керек? Дәрігер кеңесіне назар аударыңыз
Жыл басынан бері жоспарлы вакцинациялау жалғасып жатыр. Қазіргі таңда 1 жастағы 69 мың бала және 6 жастағы 66,8 мың бала екпе алған. Сонымен қатар, қосымша иммундау аясында шамамен 1,5 млн адам қамтылды.
Бұдан бөлек, толықтырушы иммундау жүргізіліп жатыр – жыл басынан бері 18 жасқа дейінгі 58,2 мың бала мен жасөспірім вакцинацияланған.
Жалпы, еліміздегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауда тұр. Мамандар қызылшаның алдын алудың ең тиімді жолы вакцинация екенін тағы да еске салады.
Батыс Қазақстанда қызылша дерті өршіп тұр