Сіз не дейсіз?
Қазір жазғы суға түсу маусымы қызған шақ. Бүгінде жас та, жасамыс та өзен-көлдерді, су-тоғандарды жағалап жүр. Бұл да болса аптап ыстықтан саялаудың бір жолы екені даусыз. Алайда, судың тілсіз жау екенін ұмытып кетіп, арты қайғылы оқиғаға соғып жататын жайлардың да кездесіп қалатыны жасырын емес. Суға түсу маусымы басталмай жатып-ақ екі адам ажалын судан тапқан болатын. Осындайда судан құтқарушылар қайда қарап отыр деген де сөздер естіліп қалады.
“Егемен Қазақстан” газетінің Ақтөбе облысындағы тілшісі Сатыбалды Сәуірбай Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті “Суда құтқару қызметі” мемлекеттік мекемесінің бастығы Қасымжан Байсадақовқа:
– Сіз бұған не дейсіз?
– Шыны керек, әр өзен-көлдің, су қоймасының қасына құтқарушы қою қиын. Әңгіме мұнда да емес, мәселе адамдардың суға түсудің қарапайым ережелерін сақтамауында. Дегенмен, соңғы үш жылдық талдау көрсеткеніндей, өткен жылы суға кету дерегі оның алдындағы екі жылға қарағанда екі есе кеміді. Суға кету себебі – рұқсат етілмеген жерлерде шомылу, адамдардың ішіп алып,мас күйінде суға түсуі және балалардың су тоғандарында ата-ананың қарауынсыз жүруі.
Жыл сайын суға шомылу маусымы басталар алдында суға түсуге болмайтын жерлерге рұқсат етілмейтіндігін және тыйым салынатындығын білдіретін белгілер қойылады. Биыл осындай 50 белгі қойылды. Үстіміздегі жылы бізбен су акваториясының түбін зерттеуге және тазартуға тек “Энергетик”, “Восток” жазғы демалыс лагерьлері, Ақтөбе су қоймасындағы “Саяхат” демалыс базасы мен Електің тұрғындар қалашығы тұсындағы жағажай ғана келісім-шартқа отырды. “Энергетик”, “Восток” лагерьлері мен “Саяхат” демалыс базасының су тоғандары сүңгуірлік тексерулерден өткізілді, демалыс базаларының иелеріне “Жағажай төлқұжаты”, сондай-ақ адамдардың суда өзін қалай ұстауы керектігі туралы көрнекі стендтер берілді. Су тоғандарына жақын төрт жағажай, жеті балалар демалыс лагері тексерілді.
Балалардың суға кетіп, қазаға ұшырамауы үшін мектеп жанындағы және қала сыртындағы демалыс лагерьлерінде жаз бойы судағы қауіпсіздік туралы лекциялар мен әңгімелесулер өткізіледі. Шилісай кентінде “Жас туристер” қалалық стансасы қаланың оқу орындары арасында өткізетін “Қорқыныш факторы” жарысына қатысушылардың қауіпсіздігін де біздің қызмет мамандары қамтамасыз етеді. Жаңа “Земснаряд” ауданында құтқару бекеті қойылды. Құтқару бекеті вагонда орналасты. Онда құтқарушылар тұрады, осы аудандағы суда бақытсыз жағдайдың алдын алу бойынша тәулік бойы кезекшілік қызметін атқарады. Құтқару бекеті қажетті қондырғылармен құтқару құрал-жабдықтарымен, үзіліссіз байланыспен, сондай-ақ алғашқы медициналық көмек көрсету үшін қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.
Жазғы маусымда 52 суда құтқару қызметі жұмыс істейді. Олар жеті автокөлікпен, жеті қайықпен қамтамасыз етілген. Биылдың өзінде “УАЗ” және “ГАЗель” маркалы екі автокөлік алдық. Сондай-ақ, Шалқар көлінде бір суда құтқару бекеті жұмыс істейді. Ол суда құтқаруға қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілген. Биыл су жаңа “УАЗ” автокөлігін алып бердік.
Судағы қауіпсіздік шаралары бойынша мемлекеттік және орыс тілінде 640 плакат пен парақша шығарылып, профилактикалық жұмыстар жүргізу кезінде олар қаладағы оқу орындарына таратылды. Қауіпті акваторияларда рейд жүргізу кезінде тұрғындарға тарату үшін суда адамдардың өзін-өзі ұстау ережелері бойынша қосымша плакаттар мен парақшалар шығарылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында судағы қауіпсіздік шаралары туралы тұрғындарды құлақтандыру бойынша профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді. Қысқасы, жазғы суға түсу маусымына суда құтқарушылар жан-жақты әзірлікпен келген болатын. Бірақ, ең бастысы, адамдардың өздеріне сақтық керек.
Ақтөбе облысы.