Бұл ойды барша қазақстандықтар қуаттайды
Кеше Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Елін сүйген, елі сүйген – Елбасы» атты патриоттық театрландырылған флеш-моб өтті. Шара барысында ҚазАТУ-дың студенттері үстіміздегі жылдың 26 сәуірі күні өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына жастарды белсенді атсалысуға шақырған үндеу жариялады. Оқу орнында ұйымдастырылған кең ауқымды шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, т.б. қатысты. Ақылбек КҮРІШБАЕВ, ҚазАТУ ректоры: – Бүгін біздің студенттеріміз еліміздегі ең басты саяси оқиға – кезектен тыс президенттік сайлауға қатысты өздерінің азаматтық белсенділіктерін көрсетті. Біздің жастарымыз қоғамымыздағы оң өзгерістердің барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен тікелей байланысты екенін жақсы түсінеді. Мемлекет басшысының сарабдал да салиқалы саясатының арқасында елімізде жеке адамның үйлесімді дамуына, жастардың интеллектуалдық әлеуетінің толықтай ашылуына барлық жағдай жасалған. Жоғары білім беру саласында да түбегейлі өзгерістер жүрді. Мәселен, біздің университетіміз үш жыл ішінде әлемдегі жетекші университеттер рейтингіндегі ТОП-700-дің қатарына енді. Сөйтіп, ғылыми-зерттеу ЖОО атанды. Ғылымды қаржыландыру соңғы үш жылда сегіз есеге ұлғайды. Осылайша, жас оқытушыларымыз бен студенттеріміз біздің қабырғамызда жүріп-ақ салмақты ғылыми-зерттеулермен айналысып, инновациялық жобалар жасауға мүмкіндік алды. Біздің барлығымыз Президентпен бірге «Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізетінімізге сенімдімін. Өйткені, бүгінде елімізде жоғары білікті жас кадрлар мен өз елінің шынайы патриоттары өсіп келеді. Мақсат ЕСМАҒҰЛОВ, ҚазАТУ-дың 4-курс студенті: – Мен болашақ жас маман инженер ретінде елімізде жоғары білім алу үшін барлық жағдай жасалғанын ерекше атап көрсеткім келеді. Біз әрдайым мемлекеттің қолдауын айқын сезінудеміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана да салмақты саясатының нәтижесінде еліміз күн өткен сайын даму үстінде. Сондықтан өз басым Тұңғыш Президентіміз жүргізіп келе жатқан саясаттың жалғастырылғанын қалаймын. Еліміздің жедел дамуы мен қазақстандықтардың әл-ауқатының артуына байланысты мен Қазақстан жастарын 26 сәуір күні өтетін кезектен тыс президенттік сайлауды жан-жақты қолдауға шақырамын. Егер менен қазір Қазақстан президенттігіне кандидаттар қатарынан кімді көргіңіз келген болар еді деп сұраса, мен ойланбастан-ақ елімізді әрі қарай да Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басқарғанын қалайтынымды айтар едім. Өйткені, Елбасының дана саясатының нәтижесінде еліміз әлемдегі тұрақсыз ахуалдарға қарамастан, өзінің бірқалыпты даму бағытынан айныған емес. Мүмкіндікті пайдаланып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан алдағы президенттік сайлауға түсу үшін өзінің кандидатурасын ілгерілетуді өтінер едім. Өйткені, мен өзімнің болашағым мен елімнің болашағын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолына толық сеніммен тапсыра аламын. Сәулебек БІРЖАН. Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.* Жеделсөз – беделсөз
Бекболат МҰҚЫШЕВ, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары: – Бүгінде әлемде қаржы-экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны көрініс беруде, геосаяси шиеленістер асқына түсуде, қарама-қайшылықтар мен қауіп-қатерлер ушыққан жаңа аймақтар пайда болуда. Осындай халықаралық жағдайда Қазақстан бұрынғысынан да берік, ынтымақтастығы бекем болуы қажет. Президенттік сайлаудың қоғамның барлық тараптарын біріктіріп, нығайтып, «Нұрлы Жол» бағдарламасы нық адымдап алға бастайтындығына сенімдіміз. Осы жерде атап көрсететін бір жайт бар. Ол – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 26 сәуірге белгіленген президенттік сайлауға өзінің кандидатурасын ұсыну мәселесі. Бұл – барша қазақстандықтардың көкейіндегі мәселе. Бақытжан ЕРТАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, Халық Қаһарманы: – Қазіргі таңда Қазақ елі бейбітшілікте өмір сүріп жатыр. Ел қорғаны – Қарулы Күштеріміздің заман талабына сай әскери техникамен жарақтандырылғаны да көңілге үлкен медеу. Бүгінде халқымыз елімен мақтанса, бүкіл сарбаздары мен сардарлары Отан алдындағы жауапкершілігін жақсы сезінеді және олар туған Отандарын қорғауға дайын екендіктерін әркез істерімен дәлелдеп те жүр. Қазіргі кезде қазақстандықтардың ойын бір ғана мәселе мазаласа керек. Ол – Елбасының өз кандидатурасын президенттікке ұсынуы. Президент халық қалауына түсіністікпен қарайды деп үміттенеміз. Сондықтан барша қазақстандықтарды 2015 жылғы 26 сәуір күні өтетін президенттік сайлауға бір кісідей қатысуға шақырамыз. Бақытбек СМАҒҰЛ, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Біздер, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының, Қазақстан ардагерлері қауымдастығының өкілдері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік сайлау өткізу туралы шешімін толық қолдаймыз және Мемлекет басшысын қолдап қана қоймай, президенттікке кандидат ретінде тіркелгенін қалаймыз. Қазақстандықтарды еліміздің болашағы жолында тарихи таңдау жасайтын шақ күтіп тұр. Өз басым мұны бекерге айтып отырғаным жоқ. Елбасы президенттіктен үміткер ретінде сайлауға түседі деп үміттенемін. Бұл біздің күрделі кезеңде қоғамды топтастыруға септігін тигізіп қана қоймай, «Нұрлы Жол» бағдарламасын, басқа да жоспарларды табысты жүзеге асыруға алғышарт жасайтыны анық. Абылай МЫРЗАХМЕТОВ: Қазақстан ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы: – Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізде кезектен тыс президенттік сайлауды осы жылы өткізу туралы шешімін толығымен қолдаған болатын. Енді Президент сайлау өтетін күнді де тағайындап беріп отыр. Осы орайда, Қазақстан кәсіпкерлері, басқа да отандастарымыз секілді, президенттік сайлауға Елбасы да өзінің кандидатурасын ұсынғанын қалайды. Осы арада бір атап көрсетерім, қазақстандық кәсіпкерлер әр уақытта еліміздің тұрақтылығын, соның ішінде экономикасының қарқынды дамуын, шағын және орта бизнестің кең қанат жаюын қолдап келді және әрі қарай да қолдай бермек. Елбасының жүргізіп келе жатқан сарабдал саясатының нәтижесінде Отанымыздың алдағы уақыттарда да алған бағытынан ауытқымай, тек нық қадаммен ілгері жылжи беретіні күмәнсіз. Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, Қазақстан азаматтық Альянсының президенті: – Елбасының Үндеуін үлкен қуанышпен қабылдадым. Жасыратыны жоқ, күткен үндеуім еді, үмітім ақталды. Байқағаным, менің достарым, ағайын-туыстарым, өзім жетекшілік ететін азаматтық қоғамның белсенділері – бәрі-бәрі осы үндеуді қолдады. Себебі, қазір көп жерде дағдарыстар, қақтығыстар орын алып жатыр. Бізге қазір тұрақтылық керек. Алдымызда тұрған үлкен жоспарларымызды аяғына дейін жеткізуіміз қажет. Ал мұның елімізге Президент Нұрсұлтан Назарбаев басшылық жасаған жағдайда ғана жүзеге асуы ықтимал екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан азаматтық қоғамның өкілдері де, барша қазақстандықтар секілді, Нұрсұлтан Әбішұлының үстіміздегі жылдың 26 сәуіріне белгіленген президенттік сайлауға қатысқанын қалайды.