(Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінен).
Өткен күзде телеарналардың бірінен балаларының қартайған ата-анасын қараусыз қалдырғаны туралы берілген сюжет көпшілікке қатты әсер етті. Көргендер көрмегендерге айтып, кейбіреулер оны әрі қарай құбылта жеткізіп, сол сюжет бірнеше күн бойы әңгіме арқауына айналды. Сол кезде бір жиынға қатысуға тура келді. Мүлде басқа мәселені талқылауға арналған жиында қатысушылар кенеттен осы тақырыпқа ойысып, сюжеттегі жағдай біраз сөз болды. Келтірілген мысалдар, сөйлеушілердің эмоциясын білдіретін теңеулер нақты адамдарға қатысты айтылғанымен, қоғамда жалпы, осы тектес қайырымсыз жайттардың қылаң беруі секем алдырып, алаңдаушылық тудырғандай. Ара-тұра болса да: «әлдеқандай күн туады деп, бір бөлмелі үй алып қойдым», «қартайғанда керек болар деп, ақша жинап жүрмін», деген сөздердің естіліп қалуы да сол алаңдаушылықтың өмірдегі белгісі сияқты. Бұл көңілдің әсем өрнегі сетінегендей әсер қалдырып, ойлантатыны рас. Екінші жағынан, мәселені қайта-қайта қоздата берсе, осындайда табыла кететін жағымсыз мысалдарды тізбектеп айта берсе, талдап, қорытынды жасауға емес, көргенін істеуге бейім кейбір ойсыз жастар «басқалар да сөйтеді екен ғой», деп оны қайталамасына кім кепіл? Жаһанданған заманда мұндай фактілер сыртқа тарап, біз туралы ұл мен қызы қуаты қайтқан әке-шешесін далаға тастайтын ел сияқты ұғым қалыптасуы да мүмкін ғой. Конституциямызда «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті» және «Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті» (27-бап) деп жазылған. Ұрпақ тәрбиесінде: «Ата-анасын қарттар үйіне тапсыратын қатыгез ұрпақ пен баласынан жеритін көкек ана бізде ешқашан болмаған. Бұл – біздің дәстүрімізге қайшы, салтымызда жоқ әрекет» (Н.Ә.Назарбаев) деген ұстаным басшылыққа алынып отырған елде мұндай ұғымның қалыптасуына жол беруге болмайды, әрине. Бұл бағыттағы жұмысты қалай жүргізу керек деген сұраққа жауапты да Елбасымыздың «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты жиындағы сөзінен табуға болады. Онда отбасылық құндылықтарды нығайту үшін мемлекет пен қоғам тарапынан қабылдануға тиіс жүйелі шараларды атап көрсете отырып, барша бұқаралық ақпарат құралдарын осы жұмысқа белсене атсалысуға, өнеге тұтар жақсы мысалдарды көбірек келтіруге шақырғаны есте болар. Шын мәнінде өмірде ондай мысалдар жеткілікті. Тек рейтинг қуған кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының елді дүрліктірер жайларға бейім тұратыны болмаса. Сенбесеңіз, айналаңызға қараңызшы. Ата-ана алдындағы парызын өтеу үшін басқаға өнеге болар қадамдар жасаған жандардың көптігіне көз жеткізесіз. Ата-ананы сүюдің керемет мысалдарын естисіз. Менің де жолымда сондай жандар көп кездесті. Олар Құранда: «Адам баласына әке-шешесіне жақсылық қылуды нұсқадық...» («Әнкабут» сүресі, 8-аят), «...Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де қолдарыңда қартайса, оларға «түһ» деп те айтпа» («Исра» сүресі, 23-24-аяттар) делінгенін білмеуі де мүмкін, бірақ іс-әрекеттері соған сәйкес келеді. Мен оларға асқан құрметпен қараймын. Және, Елбасымыз тапсырғандай, олардың өнегелі істерінен жастар үлгі алса деген тілекпен көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдім. АНАР Қазақтың қара домбырасын серік еткен күйші қыздардың ішіндегі орны бөлек өнерпаз Анармен қазіргідей аты дүрілдеп тұрмаған кезінде танысып едім. Арқалық қаласындағы музыка мектебінде шәкірттерін домбыра тартуға баулып жүрген ұстаз қызбен танысуға себеп болған оның әкесі, белгілі күйші, композитор Айтбай Мұздахановтың ерекше тағдыры еді. Біреу білсе, біреу білмейді, Айтбай Мұздаханов – Торғай өңіріне жастайынан танымал болған өнерпаз. Біздің бала кезімізде үлкендер оның өнері туралы тамсана айтатын. Қолына түскен музыкалық аспаптардың бәрінде ойнап, ән айтатын. Аудандық театрдың сал-серісі – ойын-тойдың көркі, ортасының сәні екен. Өнерді жан-тәнімен сүйгенімен, негізгі кәсібі инженер-механик, шаруашылықтың белді мамандарының бірі. Астық жинау науқанында ауыл адамдары күн-түн демей еңбек етеді. Бір жолы сондай қарбалас күннің бірінде бидайды желдетіп, ұшыратын техника кілт тоқтап, жүрмей қалады. Мұндайдың талайын көрген Айтбай кезекші механиктердің келуін күтпей, жөндеуге өзі кірісіп кетеді. Біраз айналдырған соң гүр етіп от алған машинаның зыр айналып тұрған тегершігі Айтбайдың мойын орағышын іліп, тарта жөнеледі. Көзді ашып-жұмғанша қуатты машинаның тегершіктерінің арасына мойын орағышпен қоса Айтбайдың екі қолы да тартылып кетеді... Бұл жай күйші Айтбай үшін зор апатқа тең еді. Жарқылдап жүрген сахнасынан құзға құлағандай болғанда, әуенсіз, күйсіз тереңнен алып шыққан қызы Анар екенін айтқан-ды күйші бізге. Жарақатын емдетуге, тұрмыстық қиындықтарды жеңуіне жары, достары, балалары көп көмектесті, әрине. Бірақ өнерсіз өмірін «сұрқай күндер тізбегі» дейтін әкесі шын мәнінде өмір сүруі үшін домбыра тартуы керектігін түсінді Анар. Солай болғанымен оң қолы шынтағынан кесіліп, сол қолының үш саусағы ғана қалған әкесіне домбыра ұсынуға жүрегі дауаламады. Осы жерде әкесінің құрдасы Әбдісалық Нұржанов Анарға көмекке келді. Ол кісінің кесек сөйлейтін, әділін айтатын кісі екенін жұрт білетін. Сол мінезіне салып: «Еңсеңді көтер! Сен домбыраны қалайда қолыңа қайта алуың керек, домбыра тартпасаң өміріңнің мәні жоқ демеуші ме едің?» деп қайрауынан кейін ол Анар бауырына басып тұрған домбыраға қол созады... Сол күннен қызының тікелей қолдауымен күйші А.Мұздахановтың тағдырмен тайталасқан өнер жолы басталады. Алюминий сымнан жасалған ілмекті оң қарына байлап, екі шекті шертуді игереді. Сол қолдың үш саусағы перне бойлап жүгіргенімен, мың иірімді күйді нақышына келтіре алмай қиналғанда, қасында отырған Анар іліп алып кететін болды. Әке жүрегіндегі әуенді жүрегімен ұғып, нотаға түсірді. Ең бастысы, оңаша отырғанда ғана домбыра шертетін әкесіне биік өнерпаздық рухтың қайта оралуына себепші болды. Екеуі домбыраларын ұстап, әуелі отбасының, сосын ауылдастарының, ақыры қалың жұртшылықтың алдына шығып, өнер көрсетті. Әке шығармашылығының насихатшысына айналған Анар 2008 жылы Айтбай Мұздахановтың 30 күйі мен 10 әнін нотаға түсіріп, «Бабалар үні» деген кітабын жарыққа шығарды. Жасы 70-ке толғанда туған елінде шығармашылық кешін ұйымдастырды. Әкесінің бірнеше күйі Анардың өз репертуарына енген, тағы бірнеше күйін оркестрге түсіріп, оларды Астана филармониясының ұлт аспаптар оркестрі орындап жүр. ТҰРСЫНГҮЛ Жыл сайын, Халықаралық әйелдер күні – 8 наурыз қарсаңында Елбасымыздың әйелдер қауымының көрнекті өкілдерімен дәстүрлі кездесуі өтеді. Атының өзі айтып тұрғандай, бұл кездесуге кандидатуралар еліміздің өркендеуіне еселі еңбегімен, ғылымдағы, өнердегі, спорттағы бірегей жетістіктерімен үлес қосып жүрген әйелдердің ішінен іріктеледі. Белгілі офталмолог ғалым, Қазақ көз аурулары институтының директоры Тұрсынгүл Көпжасарқызы Ботабекова – сондай бір кездесудің қатысушысы. Елбасының ықыласты қабылдауындағы жай-машуақ әңгіме барысында қатысушылар ашылып, тағдырының бетбұрысты сәттерін, өмірінің жүрек тебірентер сырларын айтатын жайлар кездеседі. Сондай бір әңгіменің шет жағасын Тұрсынгүлден естіген едік. Кейін ол кісіні арнайы іздеп барып, сұхбаттасып, ата-ана алдындағы перзенттік борышты өтеудің тағы бір керемет мысалын айғақтайтын әңгімеге қанықтық. ...Отбасындағы алты баланың үлкені болғандықтан, іні-сіңлілерін оқыту, тәрбиелеу Тұрсынгүлдің өмір бойғы міндетіне айналады. Себебі, соғыстан кейінгі аш-жалаңаш жылдардың зардабынан әке ертерек көз жұмып, күйеуіне арқа сүйеп үйренген ана жер тіреп қалады. Жарынан айырылу, алты баланы қалай жеткізем деген уайым жанын жегідей жеп, денсаулығы күрт құлдыраған анасының жанары суалып, жер сипалап қалғанда Тұрсынгүл орта мектептің 9 сыныбында оқып жүрген екен. Өзі үшін басты шешімді де сонда қабылдайды. Жасып отырған анасын жұбату үшін: «Апа, уайымдамаңыз. Мен көз ауруын емдейтін дәрігердің оқуын оқып, сізді емдеп жазамын», – дейді серт бергендей нық сөйлеп. Ол сөзінде тұрады. Алматы медициналық институтына оқуға түсіп, көз аурулары бойынша маманданады. Барлық қадамдары үшін жауапкершілікті мойнына алған ол әлемнің жарығын сыйлаған анасына енді өзі жарық сәуле сыйлау үшін небір қиын шешімдер қабылдауына тура келеді. Бүгінде «кейбір ем-шараларды жасау үшін қалай тәуекелге барғанмын» деп өзіне өзі таңғалатын кездері бар. Мысалы, клиникалық өлім жағдайында жатқан анасын құтқару үшін оның жүрегіне адреналинді тікелей егуді өзі жүзеге асырған. Ал ең бастысы, анасы жарық дүниені емен-жарқын көруі үшін оның көзіне операция жасайды. Бірнеше ауыр сырқаттармен жағдайы күрделене түскен адамға ондай операция жасауға медициналық амалдар жақсы дамыған, техникалық мүмкіндіктер мол қазіргі кездің өзінде рұқсат етіле бермейді. «Сонда мені қолдап, көмек көрсеткен әріптестеріме басымды иіп, тағзым етемін, – дейді Тұрсынгүл. – Әрине, тап қазір мен ол ісімнің шектен шыққан тәуекел екендігін түсінемін. Бірақ, мен анама берген уәдемді бір сәт есімнен шығарған емеспін. Ол – менің бүкіл өмірімнің шамшырағы сияқты болды. Әріптестерім де соны білетін. Сондықтан мені ештеңе де тоқтата алмайтынын олар жақсы түсініп, барынша қолдады. Есесіне еңбегім жанды... Анам бала-шағасының, немерелерінің бет-жүзін көру бақытына ие болды. Бақытты екенін айтып, ақ батасын берді». ӘДІЛХАН Шипажайға алдын ала хабарлап қойсақ та бөлмелеріміз дайын емес екен. Құрбым екеуміздің бөлінуімізге тура келді. Өз бөлмеме кіре бергенімде бір жігіт қарсы шықты. Терезе жақтағы төсектің үстінде бізге жалтақтай қарап, шүйкедей ғана қарт ана отырды. Қарсы ұшырасқан жігіт осы кісінің ұлы, өзіміз сияқты мемлекеттік қызметші Әділхан Бижанов екен. Анасына жақын болу үшін сол маңнан пәтер жалдап тұрып жатқанын апай айтып берді. Аз ғана уақыттың ішінде апаның ақтөбелік екенін, онкологиялық институттан ем алып шыққанын, келесі сеансқа дейін күш жинау үшін баласы осы шипажайға жатқызғанын білдім. Шүкір, балаларына қадірлі. Әсіресе, Әділханының орны бөлек. Өмір бойы қас-қабағына қараумен келеді, отқа күйіп, суға түсуге әзір. Сол ниеті үшін-ақ риза құлынына. Міне, қазір де науқасы жанына батса да, сол уайымдамасын деп сыр бермей жүр. «Онкологияның» қармағына іліккен адамның құнарлы тамақ жеп, белгіленген дәрі-дәрмекті уақтылы қабылдауы керектігі түсінікті ғой. Байқаймын, апамыз дәрісін бір ішсе, бір ішпейді. Тамаққа да тәбеті жоқ сияқты, тіпті, уылжып піскен жеміс-жидектен де ауыз тиеді де қояды. Дәрі ішуі керектігін еске салған маған: «Сен, қызым, балама айтып қойма. Соның көңіліне қарап қана жүрмін. Әйтпесе, бір күн тұрғым жоқ...», деп күрсінді. Ұлы анасын жетектеп үш мезгіл тамаққа апарады, қыдыртады. Үстел басында шүйіркелесіп, ұзақ әңгімелеседі. Бізбен бір үстелде академик Ө.Сұлтанғазиннің үйіндегі Райхан апамыз бен құқық қорғау саласының ардагері Б.Сабалиевтің үйіндегі Роза апамыз отыратын. Шешесін жас баладай жетектеп жүрген Әділханды көргенде апалар: «Мынадай ұлы бар ана шүйкедей кемпірдің арманы жоқ» дейді риза болып. Қарт ана қанша сыр бермесе де, қиналып жүрді. Бала емеспіз, іштей бір жамандықты сездім. Сыр бермей, алдарқата сөйлесіп отырғанымда: «Қызым, саған өтінішім бар... Аманатым... – деді ана баяу үнмен. – Мен елге жете алмайтын сияқтымын. Әділханым... қиналатын болды... Менің мұршам бола ма... білмедім. Сен... менің аналық батамды жеткіз. Екі дүниеде ризамын». Менің жұбату сөздеріме басын шайқап, арқамнан қақты. Қолымнан келгені – анасы аз да болса баласымен бірге болсын деп ойлап, Әділхан түсте келгенінде: «Мен құрбымның жанына барып тұра беремін. Сіз анаңыздың қасына келіп тұрыңыз», – дедім. Ол ыңғайсызданып, келіспеді. Келесі түні апа ауырып шықты, таңертең бір аяғы ісіп кеткенін көріп, дәрігерлерді шақырттым. Әділханға да хабарладым. Сөйтсем, анасы оған өзі де хабарласып, мұндайдың арты жақсы болмайтынын айтыпты. Байқаймын, Әділхан абдырап, сасқалақтап тұр. «Анамның бір аяғы ғана іскен ғой... Айтыңызшы, жаман жағдай екі аяқ бірдей іскенде болатын шығар?» – дейді біресе маған, біресе дәрігерге үмітпен қарап. Бірақ оның үміті ақталмады. «Анасы үзілерде ұлына қарап, бірдеңе дегісі келіп еді, бірақ ештеңе айта алмады, – деді «Жедел жәрдеммен» бірге барған шипажай медбикесі. – Ол кісінің не айтқысы келгенін ұлы да түсінбей әбден қиналып кетті...». Әрине, анасы оған батасын беріп, екі дүниеде риза екенін айтқысы келді... Анасы соны айта алмаймын ба деп, аманаттап тапсырып еді ғой... СӘНДІБЕК Вагон купесіне бас сұққан орта жастардағы азамат: «Жоғары сөредегі екі орынның біреуін төменгі орынға айырбастайсыздар ма? Қасымда анам бар еді...» деп біздерге сұраулы жүзбен қарады. Сол кезде артынан жеткен анасы: «Уайымдама, балам. Бұл жолға мен тікемнен тік тұрып та баруға ризамын», деп баласына мейірлене қарады. ...Күлтай апамыз тағдыр тауқыметін әбден тартқан кісі екен. Әкесі, анасы, өзінен үлкен әпкесі және төрт-бес жасар бұл «арғы беттен» елуінші жылдардың басында өткен. Өзінің айтуынша, шекараның ашылуын сарғая күткен нөпір халық, қақпа ашылғанда бері қарай лап қояды. Ию-қию, аласапыран жағдайда әке-шешесінен адасып қалады... Шырқырап жылаған баланы әлдекім жетектеп бір кеңсеге әкеледі, содан қолдан-қолға өтіп жүріп, біреулердің үйіне, балалар үйіне, тағы біреулердің үйіне тап болады... Тым ерте тұрмыс құрып, онда да бағы жанбайды. Жасыратын несі бар, қорлықты да, зорлықты да бастан кешеді. Балалары бірінен кейін бірі шетіней берген соң, «қойны құтсыз» деп күйеуі де тастап кетеді. Тағдыр теперішін, адамдардың қиянатын көп көруін: «туысымның, іздеушімнің жоқтығынан ғой» деп ойлап, ес білгелі әке-шешесін, әпкесін аңсаумен күн кешеді... Сәндібек – балалар үйінде өскен екен, бұрын аты да басқа болыпты. Қашып кетіп, ауылдағы алыс ағайынын сағалап келгенде олар жылы қабақ таныта қоймаған сыңайлы. Қара суықта автобус күтіп дірдектеп тұрған баланы Күлтай апа үйіне ертіп әкеп қондырады... Ана мен бала осылай танысып, табысады. Баласы құжат алатын кезде атын Сәндібек деп өзгертеді, өзі еркелетіп «Сәнтай» деп атайды. Себебі, өзінен үлкен әпкесінің аты Сәнтай екені есінде, тым құрығанда атын атап жүрейін деген... Анасының жүрегіндегі мұңның сырын білген Сәндібек құқық қорғау органдарына, телебағдарламаларға, газет-журналдарға анасының туыстарын сұрастырып, хат жазғанымен іздеуі нәтиже бермеген. Оларды табуға анасы қалап қойған есімі себепші болыпты. Өскеменнен Катонқарағайға баратын сапарында жолда тұрған бір балалы әйелді машинасына мінгізеді. «Есімім Сәндібек, анам еркелетіп «Сәнтай» деп атайды», – дегенінде, жолаушы келіншек: «Менің анамды да әке-шешесі солай атаған екен», – дейді. Ол кісінің «арғы беттен» келгенін айтқанда Сәндібек елең ете қалады... Күлтай апамыздың шын аты Күлбағила, ал Сәнтайдың азан шақырып қойылған аты Сәндібала екенін, шекарадан өтерде әке-шешесі сіңлісінен көз жазып қалғанын жолаушы келіншектің жасы жетпістен асқан анасы жылап отырып айтып беріпті. Мұны естіген Сәндібек ауылына құстай ұшып жетіп, қилы заман ажыратқан апасымен қауыштыру үшін анасын алып, қайта жолға шыққан беті екен... Купе есігінің алдында Күлтай апамыздың: «Бұл жолға мен тікемнен тік тұрып та баруға ризамын», деуінің сырын енді ұқтық. Камал ӘЛПЕЙІСОВА,