Ел көлеміндегі қабылданған әрбір шешімнің мән-маңызы, ең алдымен, халық тұрмысын жақсартатын нақты істермен өлшенуге тиіс екенін Мемлекет басшысы атап айтқаны мәлім. Соның ішінде өңір басшыларына айрықша тапсырылғаны – барлық деңгейдегі жол сапасын дұрыстау. Кәсіпкерлік пен туризмді дамыту, сол арқылы жергілікті жұртшылықтың әл-ауқатын арттыру қала мен ауылдың барыс-келісі жеңілдегенде ғана жүзеге асатыны анық. Осы орайда келешегі бар көп елді мекеннің жолы бүгінге дейін ойдым-ойдым боп жатқаны қынжылтады.
Асфальт арманға айнала ма?
Президент бұрнағы жылы ғалымдармен кездесуінде: «Негізгі қалаларымыз бен аймақтарымыздың арасын сапалы жолдармен жалғау маңызды. Тағы да қайталап айтамын – сапалы жолдармен. Ашығын айтсақ, жолдардың сапасы сын көтермейді әрі бұл мәселе жиі айтылады. Жол сапасының нашарлығына қатысты халықтың наразылығы орынды», деді. Яғни өңірлердің, соның ішінде ауылдың өркендеуі тікелей осы мәселеге тіреліп тұр.
Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы деген құжат бар. «Бүгінгі күні жергілікті жолдар сапасының төмен болуы ауылдық аумақтар байланысының әлсіз болуына әсер етіп, олардың экономикалық дамуына кедергі келтіріп отыр» деп сонда да тайға таңба басқандай жазылған. Осы құжатқа сай аймақтарымыздағы жолдар кезең-кезеңімен жөндеуден өтіп, келесі жылға дейін түзеліп қалуға тиіс еді...
Әрине, бұл бағытта бірқатар іс атқарылды. Облыс орталықтары мен аудандарды байланыстыратын күре жолдар әжептәуір жақсарды. Дегенмен осы игілік ауданнан аспай, ауылға жетпей тоқырап тұр. Әрине, кез келген өңірде тиын-тебен ең алдымен жұрт көзіне түсетін облыс орталығына бағытталатыны, сол жақтан артылса, там-тұмдап аудандарға бөлінетіні белгілі.
«Жығылғанға – жұдырық» дегендей, биыл Көлік министрлігі ауылдық елді мекендер арасындағы жолға асфальт төсеуге уақытша шектеу енгізу туралы бастама көтерді. Министр Нұрлан Сауранбаев: «Асфальт қымбат, сондықтан ауылдар арасына жолды тек қиыршықтастан салған жөн. Ол 6–10 есе арзанға түседі», дейді.
Осы бұйрықтың дақпырты сапалы жолға әне-міне жеткелі тұрған бірқатар ауылдың үмітін су сепкендей басты. Жергілікті атқарушы органдар қазірдің өзінде осыны алға тартып, ауыл жолдарын асфальттауды кідіртіп отыр. Қарағанды облысында бірнеше жыл бұрын жоспарланып, құрылысы басталып қойған жоба – Ақтоғай ауданының орталығын Шабанбай би ауылымен байланыстыратын автомобиль жолы соның қатарында. Айта кетейік, бұл – биыл туғанына 160 жыл толған Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханның туған жері.
Редакциямызға хабарласқан ауыл тұрғындары «Ауылымыздың жолы жөнделмейтін болыпты», деп дабыл қағып отыр. Сұрастырып білсек, бір шеті асфальтталып қойған, биыл тағы бір бөлігі салынуға тиіс жолдың құрылысы жоғарыда айтқан «бұйрық шықты» деген желеумен тоқтап тұр екен.
Негізі аталған құжат әлі бекітілген жоқ. Соған қарамастан, әкімдіктер қабылданбаған бұйрықтың талаптарын орындауға білек сыбана кірісіп кеткені байқалады. Мәселенің анық-қанығын білу мақсатында дереу Көлік министрлігіне хабарластық. Бұйрықтың әлі бекімегенін мекеменің баспасөз хатшысы Дәулет Сәмбетбаев та растады. «Иә, бұл мәселені министрлік ұсынып, қоғам талқылауына шығарған. Қазір бұйрық жобасы мемлекеттік органдармен келісу сатысында және қолданысқа енгізілген жоқ», дейді ол.
Тағы бір айта кететін мәселе, бұйрық жобасында бұл шектеу ауылда халық саны 500 адамнан аз болса немесе осы жолмен тәулігіне жүретін автокөліктің саны 500-ден кем болған жағдайда ғана қолданылатыны айтылған. Ал жол бойындағы екі іргелі ауылда (Қызыларай мен Шабанбай би) қазір мыңнан астам тұрғын бар. Арлы-берлі ағылған көлік те жеткілікті. Ендеше, бұл жобаны тоқтату – қисынсыз.
Алаш көшбасшысының атамекені
Қарағанды қаласынан 300, Ақтоғай ауданының орталығынан 45 шақырым жерде орналасқан Шабанбай би ауылы – тұтас жұртымызға қадірі бөлек өлкенің бірі. Алаштың жел жағына пана болған бірегей тұлға – Әлихан Бөкейхан дүниеге келген ауыл. Әлекеңнің ата-анасы, бауырлары жерленген Талды бейіт қорымы да осында. Сонымен қатар мұнда адамзат тарихынан ойып орын алған «Беғазы-Дәндібай» мәдениетінің ескерткіштері бар. Орталық Қазақстанның ең биік нүктесі – Қызыларай тауының Ақсораң шыңы (1565 метр) ауылдың іргесінде.
Таудан құлай аққан тұшы бұлақтарымен, қарағай-қайыңы тұтасқан орманымен көз тартатын табиғаты ерекше, туристік әлеуеті зор ауылдың бірі де осы. 2025 жылы «Kazakh tourism» ұлттық компаниясы жариялаған байқауда Шабанбай би ауылы атағы дүркіреп тұрған Нағи Ілиясов, Хан ордасы, Поперечное сынды елді мекендермен қатар «Үздік туристік ауыл» атанды.
Елдік деңгейдегі іріктеуде топ жаруы жайдан-жай емес. Мұнда 2008 жылдан бастап «Авалон» туристік клубының ықпал етуімен экологиялық туризм бағыты жолға қойылып, арнайы турлар ұйымдастырыла бастады. Сол кезеңнен бері жыл сайын жаз айларында шетелдерден, әсіресе Еуропадан тұмса табиғатты, қазақ ауылының қарапайым тірлігін тамашалағысы келгендер жиі қатынайды. 2014 жылы ауыл кәсіпкері Раушан Дүйсенбекованың қолға алуыман «Сұлутас» қонақүйі қызмет көрсете бастады. Биыл Салтанат Қапасова атты тағы бір іскер тұрғын заманауи қонақүй ашты. Енді бұларға жан-жақтан келетін туристер ағыны жаз бойы толастамайды.
Бұған қоса жыл сайын аудан көлеміндегі жазғы лагерь де осы ауылда ұйымдастырылады. Биылдың өзінде бір маусымда 60 баладан қабылдап жатыр. Кеңес заманында тау баурайында «Арай» атты пионер лагері жұмыс істеп тұрды. Тоқырау жылдары талан-таражға түскен нысанды қазір осы өңірден шыққан кәсіпкерлердің бірі алып, демалыс орнын ашуға кірісті. Сонымен бірге ауылдың белсенді азаматтары ұйытқы, әкімі бас болып, халық қаражат жинап, бос тұрған ғимараттың бірінен өз күштерімен спорт кешенін жабдықтап жатыр. Мұның бәрі ауыл келешегі зор екенін көрсетеді.
2020 жылы халыққа Жолдауында Президент ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастама көтергені белгілі. Бұл басқару ісін түбегейлі жаңғырту жолындағы аса маңызды қадам болды. Сол істі тиімді жүзеге асырып жатқан ауылдың бірі – осы Шабанбай би ауылы. Кейінгі екі әкімін халық өзі таңдап, өзі сайлады.
Жол жұмысы неге тоқтап тұр?
Осы сұрақты Ақтоғай ауданының жауапты органдарына қойдық. Ресми жауапты қарапайым тілмен тәпсірлейтін болсақ, «Ақтоғай – Шылым – Ақжарық» автокөлік жолын жөндеу жұмысы 2022 жылы басталып, Қызыларай мен Шабанбай би ауылы арасындағы 22 шақырым жол асфальтталған. Одан кейінгі жоспар бойынша биылдан бастап жыл сайын 15 шақырымға асфальт төселіп, үш жылда Шабанбай би мен Ақтоғай селосының арасы тақтайдай тегіс жолмен жалғануы керек еді. Былтыр «СК «Евродор С» ЖШС деген компаниямен келісімшарт жасалып, тағы 15 шақырым тегістеліп, суағарлары салынып, асфальт төсеуге дайындалып та қойыпты. Жұмыс биыл басталып кетуге тиіс еді. Бірақ оған қаражат жоқ. Ақиқатын айту керек, мұндай қомақты соманы ауданның қазынасы көтере алмайды. Расымен де, Ақтоғай – аумағы үлкен болғанымен, әлеуетті салық төлеушілері аз аудан. Қаржы облыстан бөлінуге тиіс.
Биыл осы жолдың бойымен бірнеше рет өттік. Былтыр күзде қарбалас көрінген көп техника қазір көзден ғайып болған. Яғни дәл биыл жұмыс басталатын түрі жоқ. Мердігер компания өкілдерін тауып алып, олармен де сөйлестік. «Былтыр Шабанбай би ауылынан ауданға қарай 15 шақырымды қырнап-жонып, кейбір қар басып қалатын тұсын көтеріп, асфальттауға дайындап қойғанбыз. Көктем шығысымен іске кірісуіміз керек еді. «Ақша жоқ» деп жатыр. Естуімізше, ауыл жолдарын асфальттамау туралы Көлік министрлігінің бұйрығы шығыпты. Соған байланысты тоқтатылған көрінеді. Бізге салса, 45 шақырымды осы жылы-ақ бітіріп берер едік. Оған техникалық мүмкіндігіміз толық жетеді», дейді кәсіпорын өкілі Аят Нұрсейітов.
Әр ауылдың әлеуеті ескерілгені жөн
Әлихан Бөкейхан атамекеніндегі мәселе – бір ауылға ғана емес, жалпы республика көлеміндегі елді мекендерге ортақ жағдай. Әлі қабылданбаған бұйрықтың екпіні бұл бетте біраз өңірге қиындық тудыруы мүмкін.
Құжат қабылданған күннің өзінде әр ауылдың мәселесі дербес қаралуға тиіс. Мәселен, «Ақтоғай – Шылым – Ақжарық» автокөлік жолы – бес жыл бұрын жоспарланып, қаражаты есептеліп, жұмысы басталып қойған жоба. Сонымен қатар Көлік министрі: «Республикалық маңызы бар жолдар, облыс орталығынан ауданға дейінгі және ауданнан тірек ауылдарға дейінгі жолдар асфальтталуға тиіс», деді. Шабанбай би, Қызыларай ауылдарының тұрғындары мыңнан асады. Екі ауылда да 11 жылдық мектеп жұмыс істеп тұр. Қаншама адам жұмыспен қамтылған. Төрт түлігін өсіріп, құрт-майды кәсіп көзіне айналдырған азаматтар да жетерлік. Өзін-өзі асырап отырған жұрт. Егер жол жағдайы түзелмесе, көшті қалаға бұрғандар қатары көбейе берері анық. Жайлы инфрақұрылым іздеп жылыстап жатқандар қазірдің өзінде баршылық.
Кейінгі жылдары елімізде урбандалу үдерісі аса қарқынды жүріп жатыр. Астананың өзіне жылына 100 мыңға жуық адам қоныс аударады. Тиісті органдар елорданың ресурстарына үлкен салмақ салған бұл көшті қалай тежеуге болатынына бас қатырып жүр. «Келушілерді шектейміз» деген талаптар да айтылды. Біздіңше, бұл көшті тоқтатудың бірден-бір жолы – өңірлерде өз нәпақасын өзі тауып отырған ағайынға жағдай жасау. Ол ең алдымен жолын дұрыстап беруден басталады. Жолдың жөнделуі – ауылдағы ағайын үшін жарты байлық.
Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл ауыл – Ақтоғай ауданында этнотуризм мен экотуризмді дамытудың маңызды бағыты. Ол жұмыс жолға қойыла бастаған. Оның үстіне Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның атамекені болуы да қызығушылықты арттырып тұр. Алаш көшбасшысының туған жерін көріп, Талды бейітке зиярат етушілер жеткілікті. Осы мамыр айының өзінде Әлекеңнің 160 жылдығы аясында сонау Балқаш қаласынан мектеп ұстаздары үлкен автобустармен артынып-тартынып жеткенімен, Ақтоғайдан бергі жолдың сыйқын көріп, шаршап-шалдығып қайтты. Енді олар бұл жаққа беттей қояр ма екен?
Астанадан Шабанбай би ауылына дейін – 500 шақырым. Соның 465 шақырымына қиналмай жеткен жолаушы, 45 шақырым жолды көргенде екінші қайтып келместей болып кетеді. Мұндай жағдайда ауылды дамыту, онда жұртты тұрақтандыру, туризмді өркендету туралы әңгіме бастаудың өзі артық. Ауыл жұртшылығы қажытқан 45 шақырымға тиісті органдар назар аударып, Алаш көсемінің туған жеріне асфальт төселуінен үмітті.
Облыс басшылығы оң шешім қабылдап, тарихы терең, туристік әлеуеті зор ауылдың жолын дұрыстап берсе, Президент тапсырған халықтың тұрмысын арттыру бағытындағы үлкен істің бірі болар еді.