• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тағзым Бүгін, 09:07

Қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Өскемендегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейінде «Ұмытылмауы тиіс» атты кездесу өтті.

Бұл күні көк аспан да күңіреніп, күрсініп тұрғандай еді. Қара бұлт үйіріліп келіп, жаңбыр себеледі, найзағай ойнады. Артынша күн шуағын шашқан. Музей алдында өтіп жатқан жиынға қуғын-сүргін құрбаны Оралбай Баужановтың ұрпағы Әлия Оралбаева мен жергілікті ұстаздардың ұрпағы Зейне Сак­коқызы естеліктерімен бөлісті.

– Әкем Нұрғазы 1910 жылы туыпты. Әкемнен атам туралы көп сұрайтынмын. «Қалайша бірде бір суреті қалмаған? Не жазбалары жоқ?» деп таңғалатынмын. Оралбай Баужанов Уфадағы «Ғалия» медресесінде, кейін Семейде білім алған. Арабша да, орысша да еркін оқыған. Арабша кітаптарын шатырда күлдің арасына сақтаған. Тінту кезінде табылған кітаптардың бәрін сол жерде өртеп жіберіпті. Апамыз Нұрапия кейбір өлеңдерін қи арасына тығып аман алып қалмақ болған. Бірақ уақыт өте бәрі жоғалып кеткен, – дейді Әлия Оралбаева естелігінде.

Кейін Әлия апай атасынан дерек бар-ау деген әр архивті ақтаруға кіріскен. Ақыры Оралбай ұсталған кездегі анкетасы табылған. Онда отбасы, балалары туралы мәлімет толық көрсетілген. Оралбайдың «Ғалия» медресесінде оқығаны туралы деректі мақала бұрын да жарық көрген. Мақалада Садық Түкібаев есімді ұстаздың «Каршығада Оралбай Баужанов деген ақын бар еді, екеуміз Уфадағы «Ғалия» медресесінде бірге оқығанбыз. Ақындығы жақсы еді…» деген тарихи дерек кездеседі. «Өмір біреу, дүние кезек» демекші, ертеде «Оралбайдың баласымын» деуге қорқатын ұрпақ, енді оның есімін қайта жаңғыртуға тырысып жүр.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этно­гра­­фиялық және табиғи-ланд­­шафт­тық музей-қорығының қыз­меткері Адина Әділбекқызы, облыстық тарихи-өлкетану му­зейі­нің ғылыми-архео­ло­гиялық зерт­теу бөлімінің мең­геру­­шісі Сәкен Жүнісбекұлы баян­дама жасады.

– Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу біз үшін ауыр. Қазақстан бойын­ша 125 мың адам репрес­сияға ұшыраса, оның 25 мыңына ату жазасы кесілген еді. 7 мыңы қызыл террордың құрбаны бол­­ған екен. Шығыстан 1 350 адам тұт­қындалған. Әбдірахман Ай­дарбеков, Орал Бауыржанов, Зәки Күленов сынды бабаларымыз туралы деректер жинақтап жатырмыз. 1930 жылдардағы ақ­таң­дақтарымызды бүгінгі ұрпақ білуге тиіс. Сондықтан зерт­теулер жасап, тарих бетін ашып беруіміз керек, – дейді Сәкен Жүнісбекұлы.

Кездесуге 5518 әскери бөлімі­нің әскери қызметшілері мен С.Аманжолов атындағы уни­верситетттің студенттері қа­тыс­ты.

ӨСКЕМЕН

Соңғы жаңалықтар