Әлемдік тәжірибеде жол құрылысына экологиялық талаптар күшейіп, қалдықсыз технологиялар кең қолданыла бастады. Біздің ел де бұл бағыттан шет қалмай, жол саласына «жасыл» инновацияларды енгізуге нақты қадамдар жасап келеді.
Сонымен жол құрылысына экологияға зиянсыз заманауи технологияларды енгізу бағыты күшейіп жатыр. «Қазақстан жол ғылыми зерттеу институты» АҚ («ҚазжолҒЗИ») асфальтбетонды қалпына келтіру мен қайта пайдаланудың жаңа ғылыми жобасын бастады. Зерттеу жұмыстарының мақсаты – ескірген асфальтты арнайы жасартқыш құрам арқылы өңдеп, оны жол жамылғысының жоғарғы қабаттарында қайта қолдануға мүмкіндік беру.
Мамандардың айтуынша, мұндай регенерация әдісі құрылыс қалдықтарын азайтуға, табиғи ресурстарды үнемдеуге әрі өндіріс кезіндегі көмірқышқыл газының шығарындыларын төмендетуге ықпал етеді. Яғни жол саласында материалдарға «екінші өмір» сыйлау арқылы орнықты әрі экологиялық жауапты модель қалыптастыру көзделіп отыр. Бұл тәсіл әлемдік тәжірибеде «жасыл» технология ретінде кеңінен танылған.
«Жаңа ресурстарды үздіксіз тұтынудың орнына қолда бар материалды қайта қалпына келтіру – бүгінде тиімді бағыт. Бұл қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, жол саласының экономикалық моделін де жаңа деңгейге шығарады», дейді «ҚазжолҒЗИ» жол-құрылыс материалдары және жаңа технологиялар бөлімінің басшысы, PhD Салтанат Әшімова.
Ғылыми жоба 2025–2027 жылдарға арналған ғылыми-техникалық бағдарламалар конкурсының нәтижесінде алынған грант аясында жүзеге асырылып жатыр. Зерттеу жұмысы еліміздің әртүрлі климаттық әрі пайдалану жағдайларына бейімделген жасартқыш құрам әзірлеуді көздейді. Бұл жол жамылғысының сапасы мен ұзақмерзімділігін арттыруға, ал материалдарды қайта пайдалану шығындарын азайтуға ықпал етеді.
Институт өкілдері жобаның нәтижесі тек зертханалық деңгеймен шектелмей, өндірістік сынақтардан өткізіліп, кейіннен құрылыс алаңдарында қолдануға дайындалатынын айтады. Егер технология сәтті енгізілсе, асфальтбетон қалдықтарының көлемі қысқарып, табиғи инертті материалдарға деген сұраныс төмендейді. Бұл өз кезегінде карьерьлердің жүктемесін азайтып, экожүйеге түсетін жүктемені жеңілдетеді.
Сарапшылардың пікірінше, «жасыл» инновациялар жасау жол саласын тек экологиялық емес, экономикалық тұрғыдан да тиімді бағытқа жетелейді. Қайта өңделген асфальтты пайдалану жол құрылысының өзіндік құнын төмендетеді, ал қалдықтардың азаюы қалалар мен аймақтардағы экологиялық ахуалды жақсартады. Көптеген дамыған елдерде жол құрылысының 20-40 пайызы қайта өңделген материалдар есебінен жүргізіледі. Елімізде де осы тәжірибені жүйелі енгізу мәселесі күн тәртібіне шығып отыр.
Жалпы, жобаның жүзеге асырылуы еліміздің экологиялық жауапты экономикаға көшу жөніндегі міндеттерімен және халықаралық климаттық бастамаларға қосылу ниетімен үндеседі. Айналмалы цикл қағидаттарын енгізу – өнеркәсіптің түрлі саласында қалдықсыз технологиялар мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осы арқылы жол саласы да «таза технологиялардың» жаңа кезеңіне қадам басады.