Биыл ән өнеріндегі тұлғалардың бірі – әнші, халық композиторы Байғабыл Жылқыбаевтың туғанына 130 жыл. Ертіс-Баян өңірінің серісі, халық композиторлары Ақан сері, Біржан сал, Естай, Майраның әндерін кейінгі ұрпаққа жеткізгендердің бірі.
Әншінің ерекше әуелеткен әндерінің бірі – Біржанның «Теміртасы» болса, Естай Беркімбайұлының «Қорлан», «Жайқоңыр», «Бір мысқал», «Назқоңыр», «Юран-ай» әндерін ерекше нақыш бояуымен орындаған.
Әнші 1896 жылы Павлодар облысының Ақсу өңірінде дүниеге келген. Әкесі Жылқыбайдан Шайхы, Нұртаза, Әбілке, кенжесі Байғабыл – төрт бала тараған. Ағайындылардың ішінен Байғабылға табиғат әртүрлі өнер сыйлаған. Әнші, домбырашы, палуан, шауып бара жатқан ат үстінде ойын-қимыл көрсететін акробаттық өнерлері болған. Әкесі Жылқыбай 1904 жылы Павлодар қаласына қоныс аударып, біраз уақыт өзінің досы Уәлидің үйінде тұрады. Ес білгелі ән десе елеңдеп тұратын Байғабыл жас әнші Майраға еліктеп сырнайда ойнап, домбыраға қосылып ән айтқанды ұнататын. Бұл кезде Байғабыл он жаста еді. Ал әнші Майраның он бес, он алтыға келген шағы екен. Сондағы үйренген алғашқы әні – Майраның «Толқымасы». Кейіннен әнші: «Менің алғашқы ұстазым – Майра», деп үнемі есіне алып, Майра Уәлиқызының «Толқыма», «Бақша», т.б. әндерін ерекше сүйіп орындаған.
1936 жылдары қазіргі Абай облысы Жетіжар ауылында Бесқарағай халық театры ашылғанда, Байғабыл Жылқыбайұлы аталған театрда режиссер болып тағайындалады. Шағын сахнада Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегін», «Айман-Шолпаны» мен Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібегін» сахналап қана қоймай, өзі де актерлік шеберлігімен танылды.
Байғабылдың тағы бір қыры – жауырыны жерге тимеген палуандығы. Көнекөз қариялардың айтуынша, ол Қоянды жәрмеңкесінде өнер көрсетіп, атақты күш алыбы Қажымұқанның ойын көрсету тобына қатысып, құрамында болған. Қазақстанның отыз жылдық тойындағы палуандар күресінде екінші орын иеленгенін әншінің өзі айтқан екен.
Байғабыл Жылқыбайұлы ақын Сәбит Дөнентаев пен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың сол кездердегі ауыл өмірінен алып жазған өлеңдеріне әндер шығарып, өзі орындаған. Сонымен қатар қызы Шолпанға өсиет етіп қалдырған «Домбырам» атты әні бар. Ұлдары Шәкәр, Еренғайып, Шорман да өнерден құралақан емес. Әке ізін жалғап, жолын жалғастырған қызы Шолпан республикаға танымал актриса атанды. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі атағын иеленді. Жетпіс жастан асқанша ән салып, замандастарына рухани қызмет еткен әншінің сиқырлы саусақтары табиғаттың өзгермес заңымен 1977 жылы домбыра шегін соңғы рет қағып, тоқтады. Өзі туған Құркөл ауылына жерленді. Қазақ өнерінің өрісін кеңейтіп, артынан өлмейтұғын із қалдырған Байғабыл Жылқыбайұлының есімі 1992 жылы Ақсу қаласының орталығындағы мәдениет үйіне берілді. Әншінің орындауындағы әндер Қазақ радиосының алтын қорына енген.
Маржан ШАЙХИМОВА, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкері