«Шымкентцемент» серіктестігі 1958 жылы құрылған. Нысан мегаполистегі алғашқы кәсіпорындардың бірі саналады. Сондай-ақ шаһардағы ірі өндіріс орындарының қатарына кіреді. Зауыт ішкі нарықты цемент өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Жылына 1,3 млн тонна түрлі маркадағы цемент шығарады.
Тауардың бір бөлігі ішкі нарыққа жөнелтілсе, қалғаны экспортқа шығарылады. Елімізде құрылыс индустриясының жандануына байланысты цемент өндірісі де қарқын ала түсті. Әсіресе күрделі құрылыс жобаларының көбеюімен цемент сапасы да артты. Бүгінде «Шымкентцемент» өнімі еліміз бен шетелдің барлық сапа талабына сәйкес келеді.
Кәсіпорын ауқымды жаңғыртудан өткен. Нәтижесінде, цемент өндірудің ылғалды тәсілінен құрғақ тәсіліне көшті. Бұл, біріншіден, энергия тиімділігін арттырса, екіншіден, экологиялық жүктемені азайтуға ықпал етті. Тоқсаныншы жылдары тоқырау кезеңін бастан өткерген кәсіпорын алғашында италиялық инвесторлардың басқаруында болды. Кейін неміс инвесторларының иелігіне өтті. Бүгінде «Шымкентцемент» немістің «Heidelberg Materials» компаниясының құрамына кіреді. Бұл компания әлем бойынша құрылыс материалдары өндірісі саласындағы көшбасшылардың бірі саналады. Шетелдік инвесторлар зауытқа заманауи технологиялар енгізіп, озық үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етуде.
Зауытта 250 адам еңбек етеді. Қызметкерлердің басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Оларға Германиядан келген мамандар жаңа технологиялар бойынша білім береді. Сонымен бірге зауыт басшылығы жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында оларды Германияға тағылымдамаға жіберіп отырады. Кәсіпорын өндіретін цемент сапалы болғандықтан құрылыстың барлық түріне жарамды. Бұл материал гидротехникалық және күрделі инженерлік құрылыстарда да кеңінен қолданылады.
«Зауытта өндіріс толықтай автоматтандырылған. Басқару пультінде екі оператор барлық үдерісті бақылап отырады. Цемент өндірісіне қажетті шикізат – саз, әктас пен кен. Мұндағы кен – құрамында қажетті минералдары бар тау жыныстары. Олар ұсақталып, майдаланып, 1400 градус температурада күйдіріледі. Алынған клинкерге түрлі қоспа қосылып, әртүрлі маркалы цемент дайындалады. Қазіргі таңда кәсіпорынға жасанды интеллект технологиялары енгізіліп жатыр. Соның арқасында өнім сапасы артып, еңбек өнімділігі де жоғарылады. Арнайы есептеу жүйесі шикізат құрамының стандартқа сай дәл мөлшерленуін қамтамасыз етеді. Бұрын қоспа құрамында аздаған ауытқулар кездесетін. Қазір дозаторлық жүйе арқылы өндіріс барысында қоспалар нақты реттеледі. Мұның бәрі жасанды интеллект технологиясының нәтижесі. Алдағы уақытта зауыттың басқа да технологиялық үдерістерін жасанды интеллект негізіндегі басқару жүйесіне енгізу жоспарланып отыр. Бұл өнім сапасын арттырып, өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Елде кейінгі жылдары құрылыс жұмысы қарқын ала түсті. Әсіресе көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік және коммерциялық нысандар көптеп салынып жатыр. Осыған байланысты зауыт та өндіріс көлемін арттырып, цемент шығару көрсеткіші жылдан-жылға өсіп келеді. Жалпы, еліміздегі құрылыс индустриясының дамуы экономикалық өсімнің артуымен тікелей байланысты. Цемент – құрылыс материалдарының ішіндегі негізгі өнімдердің бірі. Сондықтан Қазақстанда бұл өнімнің толықтай отандық өндірісте шығарылуы – маңызды жетістік.
Айта кетерлік жайт, Қазақстанның стандарттау және метрология институты цемент пен бетон өндірушілер қауымдастығымен бірлесіп СТ РК 3361 ұлттық стандартын бекітті. Соның нәтижесінде стандарт талаптарына сәйкес келмейтін цемент өнімдерінің нарыққа түсуі азайып, отандық өндірістің дамуына жол ашылды.
Статистикаға сүйенсек, өткен жылы елімізде цемент өндірісі 1,5 есеге артып, 14,4 млн тоннаны құрады. Бұл – цемент өндірісі тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Халықаралық тәжірибе негізінде отандық кәсіпорындар техникалық регламент талаптарын сақтауға міндетті. Соның негізінде бірыңғай ұлттық стандарт қалыптасты. Шетелден келетін импорттық өнімдер де осы стандартқа сәйкес болуға тиіс.