Шымкенттегі «Көрме орталығында» «Aqqala Build Shymkent 2026» халықаралық B2B құрылыс форумы мен көрмесі өтті. Оған шетелдік және отандық құрылыс компанияларының өкілдері, құрылыс материалдарын өндіруші кәсіпорындар қатысты. Сондай-ақ мемлекеттік органдар өкілдері, инвесторлар, сәулетшілер мен құрылыс материалдарын жеткізуші мекемелердің қызметкерлері шақырылды.
Халықаралық жиын аясында құрылыс саласындағы заманауи инновациялық технологиялар, цифрлық жүйеге негізделген жобалар және құрылыс жүргізудің жаңа әдістері таныстырылды. Форум барысында құрылыс жұмысын жүргізетін, құрылыс материалдарын өндіретін және жеткізетін компаниялар арасында B2B форматындағы кездесулер ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Smart City Central Asia» халықаралық жобасы таныстырылып, заманауи маркетингті жүргізудің тиімді тәсілдері туралы кеңінен айтылды. Ірі құрылыс компаниялары тендерлерге қатысудың жолдары мен тетіктері жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.Форумға қатысқан Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің айтуынша, Құрылыс кодексі күшіне енгеннен кейін саладағы бақылау айтарлықтай күшейеді. Жаңа заңның негізгі талаптарының бірі – құрылыс нысандарын салу кезінде сапалы материалдарды ғана пайдалану. Осы бағыттағы бақылау мен тексеру жұмысы қатаң жүргізіледі. Бұдан бөлек, құрылыс сапасына берілетін кепілдік мерзімі жаңа заңға сәйкес 2 жылдан 10 жылға дейін ұзартылады. Депутаттың пікірінше, бұл талаптар құрылыс саласының сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
«Бұрын құрылыс компаниялары техникалық бақылау, сараптама жүргізу, сапаны тексеру сияқты бірқатар функцияларды өздері атқаратын. Олар мұны еркін нарық қалыптастыру және бәсекелестік арқылы бағаны төмендету қажеттілігімен түсіндіріп келді. Алайда іс жүзінде жағдай мүлде басқаша болды. Мемлекеттік бақылаудың жеткіліксіздігін пайдаланған кейбір компаниялар өз білгенінше әрекет етті. Оның салдары сапасыз салынған құрылыс нысандарынан анық байқалды. Мұндай жағдайда ең алдымен халық пен қарапайым тұтынушылар зардап шегеді.
Осы олқылықтарды жою мақсатында жаңа Құрылыс кодексі қабылданды. Енді мемлекет пен жергілікті атқарушы органдар құрылыс нысандарына жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізеді. Бұл құрылыс сапасының төмендеуіне жол бермеуге мүмкіндік береді. Кейінгі жылдары түрлі келеңсіз оқиғалардың куәсі болдық. Олардың басым бөлігі сапасыз салынған нысандар мен олардың тұрғындардың өмірі мен денсаулығына төндірген қауіп-қатеріне байланысты еді. Бұдан былай құрылыс сапасына қойылатын талаптар күшейтіліп, құрылыс материалдарын өндіруге де қатаң стандарттар енгізіледі.
Форумның Шымкентте өтуі де кездейсоқ емес. Өйткені республикалық маңызы бар үшінші мегаполис әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жағынан көптеген өңірге үлгі болып отыр. Нақты деректерге сүйенсек, кейінгі жылдары қалаға 2,3 трлн теңге инвестиция тартылған. Оның шамамен 75 пайызы – жеке инвестициялар. Елуден астам ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың жалпы құны 175 млрд теңгені құрайды. Нәтижесінде, бес жүзге жуық жаңа тұрақты жұмыс орны ашылған.
Кейінгі бір-екі жылда іске қосылған кәсіпорындардың қатарында керамикалық тақтайша өндіретін зауыт пен автоклавты газды бетон шығаратын өндіріс орны бар. Бұдан бөлек, қалада инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Бірнеше жолайрық салынды, мыңдаған шақырым көше мен жол жөнделіп, асфальтталды, көшелерге жарықтандыру жүйелері орнатылды.
Инфрақұрылым мәселесі шешілген өңірге инвесторлардың қызығушылық танытуы – заңды құбылыс. Ең бастысы, Шымкентте құрылыс индустриясы қарқынды дамып келеді. Құрылыс көлемі артқан сайын нарықтағы бәсекелестік те күшейе түседі. Мені бұл өңірде жыл сайын жаңа құрылыс материалдарының өндірісі жолға қойылып, инновациялық технологиялардың қарқынды енгізіліп жатқаны ерекше қызықтырады», деді Мәжіліс депутаты.
Депутаттың айтуынша, құрылыс индустриясының мультипликативтік әсері жоғары. Яғни бір саланың дамуы басқа салалардың да өркендеуіне ықпал етіп, жалпы экономикалық өсімге серпін береді. Мәселен, кез келген құрылыс нысанын салу үшін құрылыс материалдары өндірілуі керек, оған білікті мамандар мен жұмыс күшінің қатысуы қажет. Осылайша, бір сала экономиканың көптеген бағытының дамуына ықпал етіп, тұтас ел экономикасының өркендеуіне жол ашады.
Сонымен қатар жаңа кодекске сәйкес қосалқы мердігерлер де құрылыс сапасына тікелей жауап береді. Бұрын олар жауапкершілікті негізгі мердігерге жүктеп, өз міндетінен жалтарып кететін жағдайлар кездесетін. Енді құрылысты кім жүргізсе, сол орындалған жұмысқа толық жауап береді.
Сондай-ақ жаңа талаптарға сәйкес мердігер компаниялар барлық жұмысты толықтай қосалқы мердігерлерге бере алмайды. Құрылыс жұмыстарының кемінде 70 пайызын негізгі мердігердің өзі орындауға тиіс. Мәжіліс депутатының айтуынша, бұл шара құрылыс нарығындағы әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталған.Осы уақытқа дейін көптеген шағын құрылыс компаниялары мен жеке кәсіпкерлер тендерлерге қатыса алмай келді. Соның салдарынан олар ірі компанияларға қосалқы мердігер ретінде жұмыс істеуге мәжбүр болды. Ал кей жағдайда негізгі мердігерлер қаржының басым бөлігін өздерінде қалдырып, нақты жұмысты атқарған орындаушыларға аз ғана қаражат бөлетін. Соның салдарынан жұмыс сапасы төмендеп, құрылыс нысандарының сапасына кері әсер ететін жағдайлар орын алды. Ал оның зардабын ипотекалық несие алып баспаналы болған қарапайым тұрғындар тартты.
Өз сөзінде халық қалаулысы жаңа кодекске сәйкес енді қадағалаушы органдар құрылыс нысандарын іргетасы қаланған сәттен бастап бақылауға алатынын айтты. Бұрын құрылыс компаниялары көбіне арзан жұмыс күшін пайдаланатын. Құрылыс саласынан хабары аз, тиісті білімі мен біліктілігі жоқ жұмысшылар өз міндеттерін сапасыз атқаратын жағдайлар да кездесетін. Мұның бәрі ғимарат құрылысының жалпы сапасына кері әсерін тигізді. Құрылыс нормаларының сақталмауы салдарынан уақыт өте келе мұндай нысандарда түрлі ақаулар пайда болатын.
Бұл ретте маманның кәсіби біліктілігі ерекше маңызды. Егер жұмысшы өз ісінің шебері болмаса, құрылыс материалы қаншалықты сапалы болғанымен, орындалған жұмыстың сапасында кемшіліктер байқалады. Сондықтан жаңа заңда құрылыс саласын бақылау мен қадағалау тетіктері едәуір күшейтілген.
М.Әбеновтің айтуынша, бұрын елімізде бизнес мүддесіне басымдық беріліп, халықтың мүддесі кейінгі орынға ысырылып келген жағдайлар болды. Конституциялық реформалардан кейін бұл ұстаным өзгерді. Енді басты назар азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталады. Жаңа Құрылыс кодексінің қабылдануына да осы қағидат негіз болған.
Форум барысында Өзбекстан жас сәулетшілер қауымдастығының төрағасы, әлемнің үздік 100 сәулетшісінің қатарына енген Тахмина Тұрдалиевамен тілдесудің сәті түсті. Оның айтуынша, кез келген саланың білікті маманы болу үшін ұзақ жыл күтудің қажеті жоқ. Үздіксіз ізденіп, көп оқыған адам тәжірибе мен білімді жылдам меңгереді. Оның сөзінше, бүгінде Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан сәулет жобалары авторларының басым бөлігі – жастар.
Т.Тұрдалиева Шымкентке алғаш рет келгенін айтты. Сәулетшінің назарын бірден қаланың қарқынды тіршілігі аударған. Оның пікірінше, шаһардың күндіз де, түнде де толастамайтын өмір ырғағы өзіндік ерекшелік саналады және оны сақтап қалу қажет.
Осы әсерге сүйене отырып, қонақ Шымкенттің сырттан келген адамдар үшін өмір сүруге қолайлы әрі жайлы қала екені жөнінде қорытынды жасағанын айтты. Сонымен қатар әлемге танылған жас сәулетші үшінші мегаполистің тағы бір ерекшелігін атап өтті. Ол – қаланың мол жасыл желегі.
Сәулетшінің айтуынша, ағаштардың қалыңдығынан көптеген ғимарат жапырақтардың арасынан ғана көзге шалынады. Оның пікірінше, жасыл желек қаланың табиғи қасбеті іспетті. Сондықтан шаһар осы келбетін жоғалтпай сақтап қалуға тиіс.
Өкінішке қарай, қазіргі таңда әлемнің көптеген қаласы биік ғимараттар салу үрдісінің салдарынан табиғи жасыл аймақтарынан айырылып жатыр. Бұл тұрғыда сәулетші Италияның көне қалаларын мысалға келтірді. Оның айтуынша, ғасырлар бойы сақталған сәулет ескерткіштері көздің жауын алғанымен, көлеңкелік жасыл аймақтар аз кездеседі. Осындай жағдай Қытайдың Гонконг пен Шэньчжэнь қалаларында да байқалады.
Маманның сөзінше, қалаларды кеңейту барысында бұрыннан қалыптасқан табиғи орта жойылып кетеді. Оның орнын заманауи биік ғимараттар басады. Сондықтан бүгінгі сәулет өнерінің басты міндеттерінің бірі – жаңа технологияларды пайдалана отырып, табиғи ортаның тепе-теңдігін сақтау.
Сәулетші жаһандану дәуірінде бой көтеріп жатқан көптеген нысанның пайдалану мерзімі ұзақ болмайтынын да атап өтті. Бүгінде Орталық Азия елдерінде кеңестік кезеңнен қалған көпқабатты тұрғын үйлер ескі тұрғын үй қорына жатады. Дегенмен, оларды дұрыс күтіп ұстаса, әлі де ұзақ уақыт пайдалануға болады. Ал ең көне сәулет ескерткіштері Тимуридтер дәуірінен сақталған тарихи нысандар саналады.
Т.Тұрдалиева Ташкент пен Шымкентті салыстыра келе, Шымкентте жасыл желек әлдеқайда көп екенін атап өтті.
Форум аясында ұйымдастырылған көрмеде құрылыс материалдарын өндіруші «Ақтас Урбаник» компаниясы ерекше назар аудартты. Компанияның сауда жөніндегі менеджері Бахтияр Сопиевтің айтуынша, кәсіпорын негізінен мәрмәр тастан жасалған қоқыс жәшіктерін, орындықтарды, теннис және шахмат үстелдерін, сондай-ақ велотұрақтарға арналған бұйымдарды өндіреді.
Өнімнің негізгі материалы – композитті мәрмәр тас пен ағаш-полимерлі композит. Мұндай бұйымдарды жасау үшін ұнтақталған мәрмәр тасқа ақ цемент, шайыр және басқа да қоспалар қосылады. Кейін қоспа жоғары қысыммен нығыздалып, кептіріліп, өңделеді. Одан кейін түрлі бұйым құрастырылып шығарылады.Дайын өнімнің шамамен 80 пайызын ұнтақталған мәрмәр тас құрайды. Компания бұл шикізатты Жамбыл облысындағы Қаратау сілемдерінен жеткізеді.
Мәрмәрдан жасалған бұйымдар ауыр болғандықтан, оларды саябақтарда, гүлзарларда және көшелерде орнатуға қолайлы. Мұндай орындықтар мен қоқыс жәшіктерін бүлдіріп немесе орнынан қозғау оңай емес.Қазіргі уақытта компания өнімдері Шымкентпен ғана шектелмей, еліміздің барлық өңіріне жөнелтіледі.
Б.Сопиевтің айтуынша, компания өнімдерін көбіне ірі құрылыс ұйымдары сатып алады. Олар бұл бұйымдарды тұрғын үй кешендерінің аулаларына, саябақтарға және қоғамдық кеңістіктерге орнатады.
Сонымен қатар кәсіпорын өнімдеріне жеке азаматтар мен шағын бизнес өкілдері де қызығушылық танытады. Бірі үй ауласын абаттандыру үшін сатып алса, енді бірі дәмхана немесе дүкен аумағының көркін арттыру мақсатында пайдаланады.
Мәрмәр тас та, ағаш-полимерлі композит те ыстық пен суыққа төзімді. Олар шірімейді, ұзақ уақыт бойы бастапқы қалпын сақтайды. Бетіндегі шаңды сүртіп жіберсе, қайтадан жаңа күйіне келеді.
Компания өкілінің айтуынша, кәсіпорында 25-30 адам еңбек етеді. Мұндай өнімдерді жасау арнайы білім мен тәжірибені қажет ететіндіктен, өндірісте білікті мамандар жұмыс істейді.
Жалпы, елімізде композитті мәрмәр тастан қоғамдық орындарға арналған бұйымдар шығаратын кәсіпорындар көп емес. Солардың бірі – «Ақтас Урбаник».
Б.Сопиев компания өнімдерінің жаңа талаптарға толық сәйкес келетінін және жоғары сапасымен ерекшеленетінін атап өтті. Кәсіпорынның құрылғанына үш жылдан асқанымен, жаңа нарықты толық игеріп үлгермеген. Дегенмен, алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, ішкі нарықты өз өнімдерімен кеңінен қамтуды жоспарлап отыр.
Бұл өз кезегінде Шымкенттің құрылыс индустриясы қарқынды дамып келе жатқан өңір екенін көрсетеді. Бүгінде құрылысқа қажетті материалдардың басым бөлігі қалада өндіріледі. Шымкент кәсіпорындарының өнімдері көлемімен ғана емес, сапасымен де тұтынушылардың сеніміне ие болып үлгерді.