Қазақстанның ұлттық спорт университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Александр Нефтисов журналист Майя Бекбаеваның жаңа подкастында спорттағы ғылым, инновациялар мен адам факторының рөлі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
PhD, доцент Александр Нефтисов подкастта спортшыларды дайындауда ғылыми тәсілдерді практикалық қолдану туралы егжей-тегжейлі әңгімеледі. Ол биомеханика, физиология және цифрлық мониторинг сияқты дәл деректер мен технологиялар күшті құрал беретінін, бірақ олар жаттықтырушының интуициясын, психологиялық тұрақтылықты және бәсекелестік жағдайда жылдам бейімделу қабілетін алмастыра алмайтынын атап өтті.
«Спорт – бұл математика емес, мұнда ойлану керек. Жарыс барысында спортшының психологиялық күйі, мотивациясы, қарсылас қысымы, тіпті кездейсоқ жағдайлар нәтижеге тікелей әсер етеді. Мұндай күрделі факторларды кез келген модель 100% дәл болжай алмайтыны анық. Сондықтан спорттағы табыс тек математикалық есептеулерге сүйенбейді. Ол терең талдауды, тәжірибені, креативті ойлауды және нақты сәтте дұрыс шешім қабылдай білуді талап етеді. Жаттықтырушының интуициясы мен спортшының ішкі дайындығы кейде кез келген цифрлық модельден де маңыздырақ рөл атқарады», деді Александр Нефтисов.
Елордадағы Ұлттық спорт университетінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады
Әңгіме барысында ол спорттық дайындыққа ғылымды интеграциялау, таланттарды анықтау үшін интеллектуалды жүйелерді әзірлеу, университеттің федерациялармен ынтымақтастығы және спортта Industry 4.0 перспективалары туралы айтты. Сонымен қатар Александр Нефтисов академиялық ғылымды Қазақстан спортының практикалық қажеттіліктерімен үйлестіретін жобаларды іске асыру тәжірибесімен бөлісті.
Еске сала кетейік, жуырда Жеңіл атлетика федерациясы мен Қазақ ұлттық спорт университеті меморандум жасасты. Меморандум аясында жеңіл атлетикадан Қазақстанның жазғы чемпионаттары ұлттық спорт университетінің базасында өткізілетін болып шешілді.